"Жаңарған Түркістанға" журналистер жиналды

1923
Adyrna.kz Telegram
5 сәуірде Түркістан қаласында шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында «Жаңарған Түркістан» республикалық турнирі өтті.
Жарысты Түркістан облысы  ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды. Байрақты бәсекеге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен БҚО, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, СҚО және Түркістан облысынан 13 команда қатысты.  4 топқа бөлінген командалар кіл мықтыда кім мықтыны анықтады.   Түркістандағы «Астана» спорт кешенінде өткен   жарыста өз тобынан қара үзіп шыққан сегіз командаға жартылай финалға кім шығатынын анықтау қиынға түсті.  Жартылай финалға Алматы құрамасы, «Taraz-Press» (Жамбыл), «Хабар» (Нұр-Сұлтан ) және «Сығанақ» (Қызылорда облысы)  командалары шықты. Екі кездесу де тең аяқталып, жеңімпаздар тек ойын соңындағы пенальтилер сериясы арқылы анықталды. Алматы құрамасы 2:2 "Сығанақ". «Taraz-Press» 3:3 «Хабар» (Нұр-Сұлтан )
«Сығанақ» командасы пенальтиден алматылықтарды қапы қалдырса, жамбылдықтар да пенальти сериясында «Хабардан» басым түсті.

Үшінші орын үшін болған бәсекеде Жанарбек Әшімжан, Жандос Айтбайұлы  бастаған Алматының жігіттері «Хабар» агенттігінің командасын 7:2 есебімен ойсырата жеңді.

Финалда «Сығанақ» пен  «Taraz-Press» кездесті. Бұл матчта негізгі уақыт 2:2 есебімен тең аяқталды. Ойын соңындағы пенальтиде  «Сығанақ» командасы тағы да жеңіске жетіп, «Жаңарған Түркістан» республикалық турнирінің чемпионы атанды.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерді Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев марапаттады. Жеңімпаз «Сығанақ» (Қызылорда облысы) командасы кубокпен, медальдармен және 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды. Екінші орынды жеңіп алған «Taraz-Press» – 300 мың, ал, қола жүлдегер атанған Алматы құрамасы 150 мың теңгеге ие болды.

Турнирдің «Үздік ойыншысы» сыйлығымен белгілі спорт журналисі, Алматы қаласының өкілі Жандос Айтбайұлы марапатталса, «Хабар» агенттігінің капитаны Нұрсұлтан Құрман турнирдің үздік шабуылшысы деп танылды. Жастармен тең дәрежеде ойнап, шеберлігін паш еткен Шоқан Маханов (Алматы) үздік қақпашы атанса, турнирдің «Үздік қорғаушысы» сыйлығымен Алматы облысынан келген Рүстем Қанапиянов марапатталды.

«Жаңарған Түркістан» додасында ең ардагер ойыншы атанған «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллинге (БҚО) Октябрь Жарылғапов атындағы сыйлық тапсырылды. Ал әділ әрі таза ойнағаны үшін Әбдісалан Нұрмаханов атындағы сыйлыққа «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай  (СҚО) лайық деп танылды. Көрермен көзайымына айнала білген «Қазақ спорты» газетінің журналисі Бек Төлеуге Бекзат Саттарханов атындағы жүлде  тапсырылды.

Жалпы 130-дай адам қатысқан «Жаңарған Түркістан» республикалық турниріне қатысушылар қонақжай Түркістан жұртшылығына ризашылықтарын білдіріп, қасиетті шаһардан көтеріңкі көңіл-күймен аттанды.

 

Пікірлер