«Ауыл мектептерінің оқушылары үшін қосымша онлайн білім беру мен дайындық курстарының қолжетімділігі мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді

6560
Adyrna.kz Telegram

2023 жылдың 16 маусымында  сағат 15.00-де. Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының «Конституция» конференц-залында «Ауыл мектептерінің оқушылары үшін қосымша онлайн білім беру мен дайындық курстарының қолжетімділігі мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

Дөңгелек үстелдің ұйымдастырушысы: «Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясы.

Мақсаты:  Дөңгелек үстелдің басты мақсаты - ауыл оқушыларының республикалық және өңірлік деңгейдегі мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқуға түсуі үшін қосымша онлайн білім беру мен дайындық курстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету  бойынша ұсынымдар әзірлеу. Ауыл мектептеріндегі оқушылардың тереңдетілген білім беру ұйымын таңдаудағы мүмкіндіктерін кеңейту арқылы олардың жалпы білім алудағы жетістіктерін жақсарту.

Ел бойынша 90 лицейдің 7-уі (лицейлердің жалпы санының 8%) және 120 гимназияның 17-і (ел бойынша гимназиялардың жалпы санының 14%) ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Кең жолақты интернеттің болмауына байланысты ауылдық мектеп оқушыларының цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділігі шектеулі. Ауылдық мектептердің үштен бірінде (1 364 мектеп) интернет жылдамдығы 2 Мбит/с-тан төмен, ал ауылдық мектептердің көпшілігі интернет желісіне 4 Мбит/с жылдамдықпен қосылған.

Оқу жабдықтарымен жеткіліксіз жарақтандыру және ауылдық мектептердегі білім беру мүмкіндіктерінің төмен деңгейі үлгерімге теріс әсер етеді. Сонымен, PISA зерттеуі қалалық және ауылдық мектептер арасындағы айырмашылықты циклдік түрде растайды. Мысалы, PISA-2018 оқу сауаттылығы бойынша ауыл мектептері қала мектептерінен 38 ұпайға, жаратылыстану ғылымдары бойынша – 32 ұпайға, математика бойынша – 22 ұпайға төмен.

Мұғалімдердің әдістемелік құзыреттілігі мен ауыл мектептері оқушыларының пәндік білімінің жеткіліксіздігінен олардың мамандандырылған мектептерге (НЗМ, РФММ, БИЛ, Дарын мектептері және т.б.) түсу көрсеткіштері де төмен.. ҚР Білім Министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы үш жылда ауыл оқушыларының тек 0,2% - ы еліміздің мамандандырылған мектептеріне түрлі бағыттар бойынша оқуға түскен.

Мектеп базасының нашарлығынан Назарбаев университетіне түскен ауыл түлектері де саусақпен санарлықтай. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, үш жыл ішінде (2020-2022 жылдар) Назарбаев университетіне ауыл мектептерінен 54 бала оқуға түскен.

Қазіргі уақытта ауылдық квота бойынша "Болашақ" халықаралық стипендиясы тек 1 кандидатқа ғана берілді.

Соңғы үш жылда бакалавриат бағдарламасы бойынша әлемнің 16 мемлекетінен бөлінген үкіметаралық 429 білім беру гранттары  иегерілерінің арасында ауыл мектептерінің түлектері мүлдем жоқ.

Қатысушылар: Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, орта білім беру, цифрландыру, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері бойынша жауапты министрліктердің, жергілікті атқарушы органдардың, халықаралық ұйымдардың, білім беру ұйымдарының (Назарбаев Университеті, НЗМ, БИЛ және т.б.), сондай-ақ оқушыларды қосымша онлайн оқыту бойынша білім беру орталықтарының өкілдері.

Дөңгелек үстел бағдарламасында: баяндамашылар қосымша онлайн оқыту саласының бүгінгі жай-күйі, білім беру цифрлық платформалар базасында ауыл оқушыларын даярлау бойынша қолданыстағы тәжірибелер мен қол жеткізген нәтижелер туралы ауқымды ақпарат береді. Талқылаулар нәтижесінде күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Ұсынымдар жобасы қабылданады

Өтетін орны: Астана қ., Достық к. 11, Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының «Конституция» конференц-залы

 Сағ 14.30. ( Қатысушыларды тіркеу және БАҚ өкілдеріне интервью)

 Сағ. 15.00. Дөңгелек үстел жұмысының басталуы

Пікірлер