Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасалады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді.
Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты.
Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр.
Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз»,—деді ол.