Қазақстан Ресейге дрон тасымалдады ма? – Министр ықтимал 500 дронның бесеуі туралы да айта алмады

1961
Adyrna.kz Telegram

Вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев елімізден Ресейге 500 дрон тасымалданды деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп жазады "Адырна" тілшісі тікелей Мәжіліс кулуарынан.

Журналистер қойған сауалға Жамаубаев жауап берді:

"Жалпы біз кез келген кәсіпкерді ұстап, қандай да бір тәртіп бұзушы ретінде қарастыра алмаймыз. Сондықтан да нақты сіз айтып тұрған компанияны тексеріп көрейік. Қаншалықты қауіп төндіріп тұр, санкциялық қаупі бар компания ма, соны анықтайық. Алдында бізге Еуропадан, АҚШ-тан арнайы делегация келді. Олар өз ойларымен бөлісті. Олар Қырғызстанға да, Өзбекстанға барды, барлық мемлекетті аралап шықты, келіссөз жүргізді. Олар қандай да бір санкциялық тауарларды анықтасақ, сізге тізімін жібереміз, соғыс болып жатқан жерден осындай қалдықтар табылды деп хабар береміз деді", - деді ол.

Оның айтуынша, шетелдік делегациялар берген ақпараттың ішінде дрон тасымалдаған компания туралы айтылмаған.

"Олар берген ақпараттың ішінде сіз айтып отырған компания жоқ. Бірақ біз қосымша тәуекелдерді басқару жүйесін қосамыз, әрине мұндайға жол бермейміз. Бізде мыңдаған кәсіпкер бар. Олардың декларациясын тексеру керек, мүмкін басқа тауар деп көрсеткен шығар", - дейді министр.

Бұған дейін халықаралық зерттеушілер тобы Ресей Украинадағы операцияға қолданатын дрондарды Қазақстан арқылы алып жатқанын хабарлаған болатын. Көрші елге 500 дрон жеткізген компания ретінде "Аспан Арба" көрсетілген.

Пікірлер