Georgian Airways әуе компаниясы Грузия президенті Саломе Зурабишвилиді нон грата тұлға деп танитынын жариялайды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы халықаралық агенттіктерге сілтеп.
Georgian Airways директорлар кеңесінің басшысы Тамаз Гаиашвили ендігіде әуе компаниясы президентті бортқа жібермейтінін айтты.
Ол мұны президенттің Мәскеуге ұшуға бойкот жариялау туралы ұсынысына берген жауабы деп түсіндірді.
"Грузия үшін Зурабишвили ханымнан гөрі кез келген грузиннің еңбегі зор. Сатқын болып туған адам өзінің халқына, ел мүддесіне, туған жеріне қалай сатқындық жасап жатқанын сезбейді де. Саломе ханым ұлттық әуе компаниясына бойкот жариялады. Біз оны нон грата тұлға деп жариялаймыз және грузин халқынан кешірім сұрамайынша оны бортқа жібермейміз», - деді Тамаз Гаиашвили.
Еске салайық, 20 мамырда Грузия президенті Саломе Зурабишвили Ресей Федерациясымен тікелей әуе қатынасын қалпына келтіруге келіспейтінін білдірді және Ресейге ұшатын Georgian Airways компаниясына бойкот жариялаған еді.