Мұхтар Жәкішовтың жазасын өтеу мерзімі аяқталды. Бұл туралы өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Айта кетейік, Мұхтар Жәкішов уран өндіретін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының басшысы болып қызмет атқарып, 2009 жылы «қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» және «мемлекеттік қаражатты жымқырды» деп айыпталып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ол жазасын өтеуге алдымен Алматы облысындағы Заречный кентіндегі түрмеге жіберілген, кейін Қарағанды облысының Долинка кентіндегі қатаң режимдегі АК-159/6 колониясында болды. 2015 жылы туыстары, адвокаты мен құқық қорғаушылардың өтінішінің арқасында ол Долинкадан қайта Заречныйға жіберілген. Бірақ 2017 жылы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың ісіне қатысты тергеу ісіне қатысу үшін Астана қаласының изоляторына этаппен жіберілген. Тергеу ісі аяқталған соң мамыр айында Долинкаға, ал шілде айынан бері Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеді.
Түрмеде ол 15-тен астам ауруға шалдықты, бостандыққа шыққанша денсаулығы тым нашарлап кетуі мүмкін болған. 2019 жылы Қазақстанның бірнеше қаласындажалғыз адамдық пикеттер өтті. Белсенділер Мұхтар Жәкішевтің босатылуын талап етті. Олар Жәкішевті саяси тұтқын деп санайды.
Кейін 2020 жылы наурыздың 19-ы күні "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев шартты жазамен бостандыққа шықты.
Міне, 2023 жылы Мұхтар Жәкішовтың бас бостандығынан айырылу мерзімі аяқталды.