Қоғамдық қабылдау: Астана іргесіндегі елдімекендер халқы аурухана салынуын талап етті

1317
Adyrna.kz Telegram

«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Кездесуде Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының тұрғындарын толғандырған түйінді мәселелер талқыланды.

Қабылдауға келген азаматтардың қатарында аудандық мәслихаттың депутаттары, белсенді азаматтар болды. Сонымен қатар, құзырлы органдардың өкілдері жиынға онлайн режимде қатысты.

«Елімізде ауруханасы жоқ жалғыз аудан – Целиноград. Әзірге стационарлық емхананы ғана қанағат тұтып отырмыз. Тұрғындарға шамемен 250 төсек-орындық аурухана қажет. Аудан әкімдігі оған арнап 7 гектар жер бөлді. Алайда аурухана тұрғызу жұмысы осы жер бөлумен ғана шектеліп қалды», – деді Целиноград ауданының мәслихат депутаты Динара Әбдірахманова.

Сонымен қатар, халық қалаулысы ауруханадан бөлек, мәйітхана салу, сот-медициналық сараптама жүргізетін орын ашу жұмысы да кезек күттірмейтін мәселе екенін атап өтті.

«Целиноград ауданына қарасты ауылдың бірі – Қараөткел. Елорданың іргесінде орналасқан ауыл тұрғындары Астанадағы №12 емханаға бекітілген еді. Алайда бір жарым жылдан бері ауылдағы мектеп медицинасының мәселесі шешілмей келеді. Яғни, оқушылар біз айтып өткен емханаға бекітілген жоқ. Соның салдарынан, 1430 балаға жоспарлы екпе егілмей жатыр», – деп дабыл қақты депутат.

Өз кезегінде, Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбековауылдың барлық тұрғыны биыл қаңтарда басқарма қаулысына сәйкес №12 емханаға бекітуге берілгенін атап өтті. Соның ішінде мектеп медицинасы да бар. Алайда Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы тиісті құжатқа қол қоймағандықтан, екпе жұмысы екі ортада қалып отыр.

Ал аудандағы аурухана тапшылығы мәселесін Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Малғаждар Тәткеев былай деп түсіндірді:

«Аудан әкімдігі аурухана салуға арналған жер учаскесін бөлді. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Соған қарамастан, аурухана салуға қажет қаражат әлі қарастырылған жоқ», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Өз кезегінде, «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы партия бұл мәселені бақылауда ұстайтынын және аманаттықтар аурухана тұрғызуға, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға мүдделі екенін атап өтті. Алайда аудан халқын толғандырған мәселе мұнымен шектелген жоқ.

«Бүгінде Целиноград ауданына қарасты Талапкер және Қараөткел ауылдарының ғана қатты тұрмыстық қалдықтары шығарылады. Ауданның өзге аулдарындағы тұрмыстық қалдықтарды ешкім алып кетпейді. Аудан аумағында қоқыс төгетін полигон, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын, сұрыптайтын орын қажет», – Д.Әбдірахманова.

Халық қалаулысының айтуынша, Целиноград ауданындағы енді бір өзекті мәселе – электр желілері. Бүгінде аудан аумағындағы электр желілерінің басым көпшілігі жергілікті атқарушы органның теңгерімінде тұр. Алайда әкімдік аталған желділерге өзбетінше қызмет көрсетуге қауқарсыз. Бұған қоса, иесіз желілер де бар. Қазіргі таңда оның бәрін электр желілеріне қызмет көрсететін «АРЭК» АҚ компаниясына беру мәселесі көтереліп жатыр. Алайда қандай да бір нақты шешім қабылданбай отыр. Соның салдарынан халық қиындық көруде.

Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында қаралған тағы бір мәселе – жер дауы. Осындан үш жылға жуық уақыт бұрын ерлі-зайыпты Нұрғали Көпбосынов пен Мәншүк Сыздықова Түркістан  қаласындағы жер учаскесінен айырылып қалды. Олардың сеніміне кірген Ғ.Оспанов есімді азамат сенімхат жаздырып алып, аталған жер учаскесін мемлекеттің мұқтажы үшін Түркістан қаласының әкімдігіне қомақты қаражатқа сатып жіберіпті. Бірнеше жылға созылған даулы мәселенің күні бүгінге дейін нүктесі қойылған жоқ. Осы күні жер учаскесі ерлі-зайыптылардың атында. Алайда, онда қалалық әкімдік бастап кеткен құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Елнұр Бейсенбаев онлайн режимде әкімдіктегі жауапты тұлғалармен әңгімелесіп, жуық арада мәленің оң шешімін табу қажет екенін атап өтті. Іс барсын Атқарушы хатшы өз бақылауына алды.

Сондай-ақ, қабылдау бөліміне «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының көшбасшысы Жәмила Садықова келіп, электронды шылымның отандастарымыздың, соның ішінде жас ұрпақтың денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін атап өтті. Коалиция көшбасшысы темекі өнімінің бұл түрін шекарадан кіргізуге заң жүзінде тиым салу қажет екенін жеткізді. Елнұр Бейсенбаев аталған мәселе Мәжіліс қабырғасында көтеріліп жатқанын және депутаттар тарапынан тиісті жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.

«Бүгін көтерілген барлық мәселені жеке бақылауымда ұстаймын. Жобалау-сметалық құжаттама дайын болған кезде республикалық бюджеттен аудандық аурухананың құрылысына қажет қаражат бөлуді қолға аламыз. Балаларға екпе жасау мәселесі де көп кешікпей өз шешімін табады. Ал тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын ашу мәселесі бойынша Астана агломерациясына түзету енгізуге атсалысамыз. Ауданға қарасты барлық елді мекенде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға болатын резервтік аумақтар қарастырылады», – деп түйіндеді Елнұр Бейсенбаев.

Пікірлер