Батыл адамдармен кездесу

6591
Adyrna.kz Telegram

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін құттықтады.

«Ардагерлерді ардақтайық» демеушілігімен ардагерлерді құттықтау Зияткерлік мектептің игі дәстүріне айналған. Жыл өткен сайын олардың саны азайып барады, нағыз батырлармен, патриоттармен, ғажайып, батыл адамдармен өткізген әрбір минуты әрбірімізге құнды.

ҰОС ардагері Сәрсенбай Қаңтарбай атамен 10-сынып оқушылары құттықтап қайтты. Сәрсенбай Қаңтарбай аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлы басқарған 9-гвардиялық атқыштар полкінің құрамында шайқасқан. Бөлімше күрделі тапсырманы – құпия қаруды күзету миссиясын орындады. Польшаны, Литваны, Латвияны, Эстонияны азат етуге қатысты. Майданнан оралған ақсақал жұртпен бірге елді іргесінен көтеріп, пошташы және мұғалім болып жұмыс істеді.

99 жастағы ардагерді қазір Нұралы немересі бағып отыр.

 Біз әрқашан қоғамымыздың Отанға деген сүйіспеншілік, бір-бірімізге деген құрмет сияқты рухани құндылықтарын жоғары бағалаймыз. Бүгінде бұл рухани құндылықтарды сендер, жас ұрпақ, бұрынғыдан да нығайтып, көбейту керексіндер. Біз сендерге сенеміз! — деді соғыс ардагері Сәрсенбай Қаңтарбай өз сөзінде.

9-сынып оқушылары мен ата-аналары ҰОС ардагері Полынько Виктор Трофимовичке қонаққа барды. Балалар оның өмірі мен қызметі туралы әңгімелерін тыңдады. Соғыс жылдарында снаряд тиеуші болып, он жеті жасар жігіт Алматы қаласынан майданға аттанған. Кездесу барысында онымен бірге оқушылар өткен әскери өмірінің тарихын тындаса, ал Виктор Трофмович өткен оқиғаларды өкінішпен еске алды ...

 Бұл соғыс қайталанбауы үшін оның қасіретін ұмытуға құқығымыз жоқ. Қазір өмір сүруіміз үшін қаза тапқан жауынгерлерді ұмытуға хақымыз жоқ. Біз бәрін жадымызда ұстауға міндеттіміз..., — деп өз пікірімен 9-сынып оқушысы Айым Бауыржанқызы бөлісті.

Барлық сыныптарда кураторлық сағаттар, «Шаңырақ» сағаттары өткізілді. Оқушылар аталарының ерліктері туралы, Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі туралы, Ұлы Отан соғысының маңызды шайқастары туралы әңгімеледі.

7-сынып оқушысы Әдина Мәмбетжанова арғы атасы Дінислам Мәмбетжанов туралы ақпаратпен бөлісті.

Менің арғы атам – біздің әулетіміздің батыры. Бала кезінен өте қатал, зерделі адам болған. Соғысқа аттанғанда небәрі 18 жаста еді. Соғыста ауыр жараланып, соған қарамастан бүкіл Отан соғысын басынан өткеріп, 50 жасында бұл дүниеден өтті. Бірақ біз үшін де, Отаны үшін де ол әлі тірі, - деп батырдың шөбересі атасының фотосурет тарихын айтып берді.

Соғыс жылдарындағы естеліктер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. Жыл сайын зияткерлеріміз Талдықорған қаласының Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен, еңбеккерлерімен кездесіп, акциялар ұйымдастырады. Бұл жолы да ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне, қарттарға азық-түлік себеттер табыстады.

Соғыс ел үшін ғана емес, әрбір жеке адам үшін қашанда ауыр сынақ. Соңғы жылдардағы тарихымыздың деректері қалай өзгерсе де, 9 мамыр – Жеңіс күні мәңгі есімізде.

Пікірлер