"Астана" Қазақстан Суперкубогының иегері!

1665
Adyrna.kz Telegram

"Астана" ойыншылары футболдан Қазақстанның Суперкубогын ұтып алды.

Алматының Орталық стадионында жанкүйерлер "Ел-классико" деген атқа ие болған "Қайрат" пен "Астана" арасындағы тартысқа куә болды. Қазақстан Премьер Лигасының ашылуы алдында өтетін Суперкубок додасын футбол сүйер қауым асыға күткен. Әсіресе, алматылық жанкүйерлер. Биыл "Қайрат" футбол клубына  65 жыл. Атаулы мерекеге орай сүйікті командалары керемет сый жасайды деп күткен болатын. Көктемнің жаңбырлы суық күніне қарамай стадионға жиналған алматылықтардың көңілін "елордалық" Жуниор Кабананга матчтың 7-ші минутында су сепкендей басты.

Шынын айту керек бүгін "Астананың" қай позициясы болсын "Қайраттық" ойыншылардан бір бас жоғары болды. Допқа да көп иелік етті, қауіпті сәттерді де көп ұйымдастырды.

66-шы минутқа дейін "Қайрат" есепті әне-міне теңестіріп қалар деген жанкүйерлер үмітін Кабананга біржолата үзді. Роман Мұртазаев үш ойыншыны алдап өтті де, Жуниорға пас бере қойды. Допты тоқтатқан конголық асықпай қақпаға қарап алды да, бос тұрған бұрышты дәл көздеді.

Ойынның соңында жүйкесі сыр берген "алматылық" шабуылшы Эсеола алаңнан қуылып тынды. "Астана" Суперкубок иегері атанды.

  "Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер