Мұхтар ШАХАНОВТЫҢ «АТАЖҰРТ ЕРІКТІЛЕРІ» ТӨҢІРЕГІНДЕ ТУЫНДАҒАН ДАУ-ДАМАЙЛАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕСІ

7895
Adyrna.kz Telegram

Ең әуелі ежелден қалыптасқан қытай саясатының қулығына құрық бойламайтындығына баршаңыздың назарларыңызды бұрғым келеді.
«Біз Шыңғыс Айтматов екеуміз бірлесіп «Сократты ескеру түні немесе Миғұла терісі үстіндегі сот» атты драма жазғанбыз. Бірнеше мемлекеттің сахнасынан орын тепкен сол драманың бір бөлігі қазіргі түркі тілдес халықтардың арғы аталары саналатын ғұндар дәуірінде болған тарихи оқиғаға құрылған. Ғұндар Қытайдың Хуанхэ өзені бойындағы аймақты жаулап алады. Тас-талқаны шығып жеңіліске ұшыраған қытайлар, өз ішіндегі ақылман қарияларын іске қоса отырып, мынадай жасырын шешімге келеді. Олар қолдарындағы ерекше мүмкіндікті, яғни еркек жыныстылардың табиғи осалдығын пайдалану арқылы, ғұн жауынгерлерін 20-25 жыл ішінде түгелдей қытайға айналдырып жіберуді жоспарлайды. Сөйтіп, әр ғұн жауынгеріне ең сұлу қыздарын сый ретінде ұсынады. Қытайлардың мұндай дархандығына дән разы болған, әрі еркектік осалдықтары күрт оянған ғұн әскерлері сұлу қыздарға лап қойып, жапатармағай үйленіп алады. Бір-екі жылдың айналасында жаңа шаңырағында нәресте үні естілмеген ғұн үйі қалмайды. Тіпті, ғұн әскерлерінің көшбасшысы Тәңірқұттың өзі де қытайдың ең сұлу қызына үйленіп, қытайланып, бірте-бірте ғұн тілінде сөйлесуді өзіне ұят санап, қытай тілін ардақтаған ғұн жауынгерлеріне ғана биік қызмет ұсынуды жолға қояды. Міне, осылай қытай ақылмандары бір кезде өздерін жермен-жексен етіп жеңген ғұн әскерлерін бас аяғы 22 жылдың ішінде түгел қытайға айналдырып қана қоймай, оларды қытай елінің игілігіне қызмет еткізеді».
Қытай мемлекетіндегі осы саясат күні бүгінге дейін жалғасып келеді. «Атажұрттықтар» түгілі, белгілі бір деңгейде, біздің билік те бұл тұзақтан шыға алмай келе жатқандығы ешкімге құпия емес. Мен Жер туралы комиссияның үшінші отырысында сөйлеген сөзімде: «Жер Қазақстан азаматтарына да сатылмауы тиіс. Бірақ жалға беруге болады» деп жатырсыздар. Тек бір мәселені қатаң түрде ескеруіміз керек. Бүгінгі таңда 24 мың қазақ қызы қытай жігіттеріне тұрмысқа шығыпты. Қыздарымыздың бұл үрдісі үлкен деңгейде жалғасып жатыр. Болашақта Қазақстан азаматшасына үйленген қытай күйеубалалар сан миллиондаған гектар жерді жалға алып, қытай құдаларды қаптатса қайтеміз? Сондықтан аралас некелі адамдардан келетін қауіпті «Жер туралы заңға» ендіруіміз қажет!».
Көп жыл бұрын менің «Тамырсыздандыру қаупінің тұжырымдамасы» атты өлеңімді 34 мемлекеттің алдыңғы қатарлы өкілдері, әрі 70-ке жуық ұлттың қанатты перзенттері қолдағанын және олар осы өлеңді негіз етіп, Біріккен Ұлттар Ұйымына, ЮНЕСКО-ға арнайы хат жолдағанын, осы аттары аталған екі ұйым да бұл мәлімдемеге ерекше ықыласпен қарағанын қазіргі жас қауым қайдан білсін? Сол Үндеуден және өлеңімнен қысқаша үзінді келтірейін:
«2004 жылдың қыркүйек айындағы лингвистердің есебі бойынша әлемде 6809 тіл қалыпты. Жер шарында ең көп тіл негізінен Индонезия, Бразилия, Мексика, Камерун, Үндістан, Ресей, Қытай, АҚШ сияқты 8 мемлекетте жинақталған. Осылардың ішіндегі ең тілі көп, яғни 845 тілде сөйлейтін мемлекет – Үндістан. Одан кейінгі орынды – 600 тілде ой толғайтын ел Папуа-Жаңа Гвинея алады. Ғаламдағы тілдердің 90 пайызын 100 мыңға жетпейтін халық тұтынады, ал 357 тілде 50-ге дейін, 46 тілде тек бір-бір адамнан ғана сөйлейді екен. Әрине, ол тілдерді толық жойылды деуге әбден болады. Өйткені мемлекеттік, елдік, тіпті тайпалық байланыс құралы болудан кеткен тілдердің бәрі өлі тілге жатады. Осындай жолмен бұрын Кеңестер Одағында 93 тіл тіршілікпен қош айтысқан-ды. Жыл сайын жер бетінен шамамен 24 тілдің жойылып отыратынын ескерсек, 2004 жылғы әлемдік есепте тұрған 6809 тілдің бүгінгі таңда шамамен 6737-сі ғана қалған болып шығады.
Міне, осы тұрғыдан қарар болсақ, әлемдік деңгейде мойындалған ақын және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» ғаламдық руханият биігінен назар аударуды қажет етеді».

Тарихың тұр санаңа өткел тастап,
Өз тіліңде ойлау, сөйлеу тоқталған сәттен бастап,
Бүкіл баба рухымен
ұлттық, гендік, ақпараттық байланысың кесілер,
Тағдырыңнан атамұра шамын солай өшірер.
Өз тіліңді жерсінбеудің,
Өз анаңды менсінбеудің
Арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық?
Ол рухи мүгедектік, әрі ұлттық сатқындық!
Аз қайғы ма, талабыңды түсінігің алдаса.
Мейлі он тіл, тіпті жүз тіл меңгергенің далбаса,
Өз ұлтыңның тілі менен рухы
Ой-санаңа іргетас боп қалмаса...
Шыншыл рух дарынынан құлқын озған заманда,
Тамырсыздық үлкен қауіп тудырады қоғамға...

Енді депутат кезімде, яғни 2007 жылы 10 мамыр күні «Қытай тауарлары мен жеміс-жидектерінің басқыншылығы» деген мәлімдемемнің кішкене үзіндісіне назар бұралық:
«Соңғы жылдары Астана, Алматы базарлары мен дүкендерін ғана емес, Қазақстанның барлық сауда нүктелерін, кей жерлерде тіпті түгелге жуық Қытай тауарлары жаулап алған. Кез-келген базарға барып, жеміс-жидек сататын қатарларды араласаңыз алма, алмұрт, жүзім, қызанақ, шабдалы, қара өрік, қияр, т.б. қытай өнімдері сап түзеп тұрады. Мұның екі үлкен себебі бар. Біріншіден, қытай өнімдері өте арзан. Екіншіден, ол өнімдер Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан жеткізілген жемістердей тез бұзылып, немесе шіріп кетпейді, құрт та жемейді. Себебі оларды қытайлар (ғалымдардың айтуынша) мөлшерден тыс биоқосындылармен булайтын көрінеді. Сондықтан да буланған жемістер өңін жоғалтпай, сағағынан дәл бүгін үзілгендей, жайнап тұра береді. Адам денсаулығына мұның тигізер залалы қанша? Бұған өзіміздің Денсаулық сақтау министрлігі мүлде назар аударған емес.
Қытайдан елімізге әкелініп жатқан күріштен де, еркектер таласа ішетін сырадан да, шектен тыс мышяктің табылғанын, тіпті балалардың ойыншығы мен мақта-мата өнімдерінен де денсаулыққа кері әсер ететін улы заттар қоспасы шыққан.
Астана қаласындағы «Шапағат» пен «Сәлем» сауда орталықтарын аралағанымызда мынадай көзбояушылыққа тап болдық. Қытайдан келген алмаларға «Салтанат», «Лимонка», «Золотой превосход», «Белый налив», «Семиреченка» деп Алматы қаласы маңында өсетін алма түрлерінің аттарын жазып қойған. Сұмдық емес пе?»
Менің тағы сол кездегі Қазақстандағы Қытай Елшісінің жынын келтірген мынадай өлеңім бар:
««...Қытайдағы «мәдени революция» тұсында,
Сан миллион адам түсті мүлде бөлек қысымға.
Жан болмауы тиісті еді билік сөзін екі еткен,
Егер біреу көшеде жүрсе велосипедпен,
Ұлы басшы Мао Цзэдуннің суретін,
Көлігіне, не өзінің мойнына ілмесе,
Ұлы асыраушысының парқын сүйе білмесе,
Кез-келген жан оны теуіп сұлатуға,
Құқылы еді, тіпті атып құлатуға.
Болған және одан да ауыр қадамдар.
Пойызбенен, автобуспен келе жатқан адамдар,
Жария етіп, ұлы жанның ұлылығын сезгенін,
Мао Цзедунның ең қанатты сөздерін,
Ұқтырардай досы түгіл, қасына,
Бәрі бірдей жатқа айтуға тиісті еді қосыла.
Біреу шықса, бұл талаптан бөлініп тыс қала алған,
Мао Цзедунға ең жау адам саналған.
Сол сәтте ол да атылып,
о дүниеге жол алған...
Шындық бұғып қала берсе, күш алмай ма майдалар?
Неге әділдік алға шықса, жұрттың тілі байланар?
Күллі түркі әлеміне кезең келді ойланар...»
2015 жылы Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында 150-ге жуық мемлекеттің кітаптары, әрі оның шығарушылары жиналған үлкен басқосуда және онда өткен арнаулы конкурста Шыңғыс Айтматов екеуміз бірлесіп жазған (Қытай тіліне Қайша Тәбарікқызы аударған) «Ғасыр айырығындағы сырласу» (Құз басындағы аңшының зары) атты шығармамыз «ХХІ ғасырдың ең озық, парасатты кітабы» деп бағаланды.
Бұрын Қытайдағы қазақтардың тағдырына мемлекеттік деңгейде болысып тұрудың мүмкіндігі бар еді. Бірақ, сорымызға қарай, біздің еліміздің басшылары кезінде қытай тарапынан құйтырқылықпен ұсынылған құжатқа қол қойып жіберген. Енді ол құжат бойынша қытай мемлекеті өз қарамағындағы қазақ ұлтының өкілдерін «пісіріп жеймін» десе де, олардың ішкі істеріне Қазақстан араласа алмайды. Жалғыз ғана жол қалған. Ол қандастарымызды өз ата жұртына көшіріп алу. Бірақ оған кедергі шаш етектен».
Өз басым «Атажұрт еріктілері» төңірегіндегі дау-дамайға біздің билік те белгілі бір деңгейде ықпал етіп отыр деп ойлаймын. Тіпті «Атажұрттықтарға» қолдау білдірушілердің өзі сол билікте отырғандығы туралы ақпараттар да маған жетуде. Оның астарында тағы да қытай мүддесі жатыр. Ол – қытайға ұзақ мерзімге жалға жер беру және 52 қытай компаниясын қазақ еліне алып кіру. Жалпы менің қолымдағы мәлімет бойынша Қазақстандағы өндіріс компанияларында қытай үлескерлерінің пайыздық көрсеткіші былайша көрініс береді: «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» ААҚ – 94,47%; «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – 50%; «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсез» АҚ – 67%; «Қазгермұнай» БК ЖШС – 50%; «ТорғайПетролеум» АҚ – 50%; «БозащыОперейтинг» ЛТД – 75%; «Қаражанбасмұнай» ААҚ – 50%; «ҚуатАмлонМұнай»БК ЖШС – 100%; «СНПС–АйДанМұнай» БК ЖШС – 100%; «Сазанқұрақ» ЖШС – 100; «ПотенциалОйл» ЖШС – 100%; «ПрикаспианПетролеумКомпани» ЖШС – 100%; «СағызПетролеумКомпани» ЖШС – 100%; «Эмбаведьойл» ЖШС – 100%; «АдайпетролеумКомпани» ЖШС – 50%; «ҚазМұнайГаз» БӨ АҚ – 11%; «ҚазақойлАқтөбе»ЖШС – 25%; «Қарақұдықмұнай» ЖШС – 50%; «Арман» БК ЖШС – 25%; «Жамбай» ЖШС – 12,5%; «Ланкастер Петролеум» АҚ – 87,96%; «Эмир Ойл» ЖШС (процесс үстiнде) – 100%.
Жалпы Қазақстан билігі осы ыңғайда Қытаймен бірлесіп құрылған кәсіпорындардың қай-қайсысына да кепіл ретінде жер беруге ниет етіп отыр.
Бүгінгі «Атажұрт» төңірегіндегі дау-дамайлар осы негізгі мәселелердің құрамдас бір бөлшегі сияқты әсер қалдырады. Біздің биліктің бұл мәселеге көзжұмбайлықпен қарап отырғандықтары сондықтан.
Біз осы мәселеге билік назарын аудару үшін бір топ зиялылардың басын қосып, мәлімдеме жарияладық. Бірақ оған билік қашанғысындай назар аудармай отыр. Оның үстіне билік тарапынан менің аты-жөнімді баспасөз беттерінде айтпауға, шығармаларымды теледидардан бермеуге жасырын түрде тыйым салынған. Соған орай бізге оң пейіл танытпайтындар өздерінің жалдамалы жандайшаптары арқылы әлеуметтік желі бетінде бізді тілдері жеткенше қаралап бақты. Тіпті осы мәлімдемеге менің қатысым барлығына күмәнмен қарайтындар да бой көрсете бастады.
Көп жыл бұрын Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі болып тұрған кезеңде қазіргі Пушкин көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында орналасқан 10 қабатты үйдің 6-шы қабатын "Жалын" журналының құзырына берген болатын. 2017 жылы журнал орналасқан 6-шы қабатты ғана емес, «Жалын» журналын да бір ұйғыр жігіті сатып алыпты. Әлгі жігіт мағат келіп: «Қаласаңыз, енді сіз де, «Жалын» журналы да түгелдей маған қызмет ететін боласыздар. Бәлкім, бірте-бірте «Жалын» журналы ұйғыр тіліндегі журналға айналып кетуі де әбден мүмкін!» деді.
Мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке хат жолдадым. Б.Байбек азаматтық мінез көрсетті. Оның адамдары ұйғыр жігітті шақырып, журналды біздің өзімізге қайта сатуға көндірді. Сөйтіп біз бір қалталы азаматтан 150 мың доллар қарыз сұрап, «Жалын» журналын және журнал қызмет ететін 6-қабатты қайта сатып алдық. Сол кезеңде «Атажұрт» еріктілерінің жетекшісі Серікжан Біләш маған келіп, «Жалын» журналының кеңсе жайын, сатып алуға тілек білдірді. Біз Құдияр Біләл екеуміз оған түбегейлі қарсы шықтық.
Жалпы Серікжан Біләштің Қытай мүддесі үшін қызмет атқарып жатқандығы туралы мәліметтер әлеуметтік желі бетінде жетіп артылады. С.Біләшті жақсы білетіндердің, кезінде онымен бірге болып, Серікжанның жат ойларына көз жеткізгеннен кейін, одан бойларын аулақ салғандардың пікірімен де санаспауға болмайды. Мәселен оның "Жарқын 7" деген атпен Қытай мүддесі үшін жұмыс жасағандығын оралмандардың дені растап отыр. Сондай-ақ, Серікжан Біләш Қытай билігін тілі жеткенше балағаттап бақса да оның туыстарының шекарадан еш кедергісіз ары-бері өтіп жүргендігі де, журналистер назарынан тыс қалған жоқ. Бұл да көңілге күмән ұялатады.
Сөзіміз дәйексіз болмас үшін Заңғар Алтай атты бауырымыздың фейсбуктегі өз парақшасында жариялаған мына бір пікірін ортаға шығарайық: «2015 жылдары қытайдағы Юүннан-Гүйжу-Тайланд бағытындағы мигранттық жол талқандалған соң "Жарқын 7" Қытайдың wechat желісінде 500 адамдық ондаған жабық топтар құрып, «Қытай Қазақтарын Қазақстанға көшуге үгіттеймін» деп іс жүзінде көптеген ұлтын сүйетін қазақ жастарын өзіне тартты. Олар «Жарқын 7»-ге имандай сенді. Бірақ "Жарқын 7" қытай қазақтарына көші-қон жайлы емес, қайта қытай саясаттарына қарсы үгіт-насихат таратып, «Қытай үкіметі Қазақтары Америкадағы үндістер сияқты қырып жатыр, жойып жатыр!» деп тағы да Қытай құқық қорғау орындарының көзіне түсті. Алайда бұл Қазақстанда жатқандықтан Қытай құқық қорғау орындары "Жарқын 7"-нің аудио үндеулерін таратқаны, сақтағаны үшін қарапайым халықты ұстай бастады. Оның соңы ақыры 2017 жылғы жаппай тұтқындауға алып келді. Бұрын «Жарқын 7»-мен кездескен, оның жазған мақалаларын таратқан, оқыған, әлеуметтік желіде бөліскен мұғалімдер, студенттер жаппай тұтқындалды".
Әлеуметтік желі бетінде мұндай дәйектемелер жетіп артылады. Бірақ соған назар салып жатқан адам аз. Ал билік болса тіпті көзін жұмып отыр. Өзіне ешкімнің тосқауыл болмайтынына көз жеткізген С. Біләш қазір мүлде еркінсіп кетті. Ол ақын-жазушыларды "сасықкүзен", "тышқан" деп мұқатқаны аздай «Мен оларды танкімен таптаймын» дегенді еш шімірікпей айтатын болды. Сонда оны бұлайша еркелетіп отырған кім?
Бірақ Серікжан Біләштің шынайы бейнесін осылайша ашып көрсетіп жатқандар пікірлеріне де құлақ асып жатқандар аз. Соған орай барлық мәселенің басын ашып жеке өзімнің атымнан мәлімдеме жасауыма тура келді. Оның үстіне Серікжан Біләштің өзі біз үндеу жасағаннан кейін-ақ: "Мұxтар Шаxановтың айтып отырғаны рас" деп видиомәлімдеме жасаған болатын. Енді мынау 6 наурыз күні шақырту жіберген соңғы мәлімдемесінде де біздің айтқандарымыздың шындық екендігін тағы да мойындап отыр. Солай бола тұра өз ағаттығынан қортынды шығаруға асығар емес. Тағы да қайталап айтамыз, бізге бәрінен бұрын оралмандардың татулығы қымбат. Сондықтан, Серікжанның әуелі оралмандардан құралған қоғамдық ұйымдардың басын қосып, бұл қордаланған мәселені өз іштерінде шешкені жөн. Жалпы дақпырт пен даңғазаны тоқтататын уақыт жетті.
2015 жылы Англияның Лондон қаласында Шыңғыс Айтматов екеуміз бірлесіп, жазған «Ғасыр айрығындағы сырласу» («Құз басындағы аңшының зары») атты кітабымыздың ағылшын тіліндегі екінші аудармасының тұсаукесері өтті. Шығарма өздеріне ерекше ұнаған Англиядағы біздің жақтастарымыз Айтматов екеуміз жайлы екі сериялы көлемді фильм шығаруды жоспарлап қойыпты. Менімен кездесуге Англияның көрнекті жазушылары, ақындары, ғалымдары жиналды. Сол жиында мен:
«Кім шындығын жоғалтып алса,
«Ақты – ақ, қараны – қара» деп айтудан қалса,
Яғни, сөзі басқа, ісі басқа болса,
Ұлттық, ғаламдық мүддеге тамыр жібере алмаса,
Пенделігі тек өзін емес, қоғамын да алдаса,
Ондай ақынның да,
ғалымның да,
саясаткердің де,
Мазмұны, даңқы – далбаса!» деген ұстанымымды оқыдым. Аудармашы менің ойларымды ағылшын тілінде жеткізіп тұрды. Сонда Англияның атақты жазушылары, ақындары, ғалымдары бірінен соң бірі шығып сөйлеп: «Өкінішке орай, біз де шындықтан алыстап кеттік. Ақты – ақ, қараны – қара» деп айта алмаймыз. Билік басындағыларды, бір пайдасы тиіп қала ма деп үлкен алаяқ байларды мадақтаймыз» деп ерекше мінез танытты.
Аллах Тағалам болашақта бәрімізді шындық биігінде ой тоғыстыру мен бой тоғыстыруға жазсын!

Мұхтар ШАХАНОВ,
Қазақстанның Халық жазушысы,
«Түркі тілдес халықтар арасындағы
ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері,
«Түркі әлемі Зиялылар Одағының» төрағасы

Пікірлер