Home » Айдарлар » Саясат » Жемқорларды қуып шыққан Сингапур

Жемқорларды қуып шыққан Сингапур

Шағын аралдағы Сингапур елі бүгінде жаһандағы үздік экономикалардың бірі. Бұл ел халықтың жан басына шаққандағы табысы бойынша әлемдегі ең бай елдердің қатарынан ойып тұрып орын алып отыр. Бұл қазіргі жағдайы, ал бұрын…
Сингапур 60 жылдары Малайзиядан азаттық алғаннан кейін, билік басына жап жас Ли деген жігіт келіпті. Осы жігіт түбі халқының бағына біткен адам боп шығады. Англиялық оқу орынын бітіріп келген талапты жігіт билікке келгесін алдыңғы жемқорлар өкіметінің бірде – бір адамын қалдырмай биліктен қуып шығып маңына білімді жастарды жинап алады. Жемқорлардың кеселі тимесін деп билікті мықтап тазартады. Бұның салған сара жолының өміршеңдігі сондай, әлі күнге шейін Сингапур елі жемқорлық, ұрлық дегеннің не екенін білмейді екен.

Бұл да жөн, ол өліп – тіріліп халқының игілігіне қызмет етіп ақша табады екен де, ал бір оңбағандар отырып алып халықтың ауызынан жырып қазынадан ақша ұрлайды екен.. бұл өз халқыңа жасаған үлкен қиянат қой. Бұл жігіт ұрлық жасаған өз достарын да аямай түрмеге тоғытыпты.

Ли баспана мәселесін азаттықтың алғашқы жылдары шешіп тастапты. Бұның логикасы – “үйі жоқ халық өз жері үшін соғыспайды, сондықтан халқымның өз үйі болуы керек”.

Көзі шырадай жанған жігерлі жас жігіт, маңындағы үлкен елдер бұларды басынып әлімжеттік жасай берген соң Израильден мамандар алдырып өз әскерін жасақтайды. Қазір Сингапур әскері заманауи жасақталған әлеуетті әскерлердің бірі, көршілері қаймығады бұлардан. Ал бізге біреулер әлімжеттік жасай бастаса, біздегі қазақ “қарақытай қаптаса..” деп мақалдап орыс ағасына тұра жүгіреді.
Бұл жігіт халқының сапасын жақсарту үшін бәрін істеген екен, бәрін.. Сингапур халқының балық аулау мен каучук өсіруден басқа қолынан түк те келмейді екен. Бұлар бұрын отар болған, өркениеттен жырақ, артта қалған аралдың бірі еді.

Ли Жапониядан мамандар алдырып халқын оқытып – тоқытып жүріп бірге жұмыс істетіп өз халқының сапасын көтеру үшін ерен еңбек атқарыпты. Бұл адам ең үлкен байлық, қазба байлығы емес, халықтың сапасы екенін жапондарға қарап отырып дереу түсінген, және өз халқының білімді, ғылымды, интеллектуалды, ақылды болуы үшін бұл тау қопарған. Ли Сингапурде ондаған ғылым – білім, кәсіби біліктілікті көтеруге арналған орталықтар ашып тастаған. Жалпы, бұл елдің өкіметі Сингапурдың үлкен ғылыми орталыққа айналуын мақсат тұтқан.


Бұл адам тіпті жапондардың соңынан қалмай жүріп “біз қашан сендер сияқты сапалы халыққа айналамыз” деген сұрақтар қояды екен. Және осы мақсаты үшін нешетүрлі заңдар қабылдап, халқын жігерлендіріп ұран тастап, күні – түні басы жастыққа тимей қызмет қылыпты. Бұнікі нағыз күрес қой, күрес емес жанталас.
Гүл екеш гүл де су құймасаң өспейді емес пе, халық та сондай, оның қабілетін шыңдамасаң ол өнбейді.
Лидің қызметі өз нәтижесін беріп бұлар 60 – 70 жылдары компютер мен электроника құрастырып жатты. Бұл кезде қазекеңнің не істегенін білесіздер, қазақ өз резервацияларында жүз бастан 120 төл беріп советтің малын бағып жүрген.
Бұл сырттан инвестиция тартып шетел компанияларын еліне шақырып инвестор үшін бар жағдай жасаған екен. Бірақ оларға бір талабы болыпты – “сендер менің халқымды кемсітпей өз білгендеріңді үйретесіңдер” депті. “Адамдарың немістер сияқты жұмыс істей алмайды” деп бұған көнбей қиқаңдаған “Мерседес Бенц” компаниясын бұл елінен қуып шығыпты.
Жаһанды сапалы халық пен білімді адамдар билейтінін жақсы түсінген Ли кейін зейнетке шыққанда “жоғары білімді жастарымыз тек жоғары білімді қызға үйлену керек” деп қойып қалған екен, бұл кісі тіпті әбден сапа қуалап кетсе керек.
Ли Куан Ю дің мұнайы, металлы болмады, егер оның қазба байлығы болғанда, бұл адам өз қабілетімен басқа планетадан қала салатын еді. Үй үшіндегі шаруасын тап – тұйнақтай қылған Ли Куан Ю, кейін сыртқы саясатқа белсене араласып, әлемдегі өте ықпалды саясаткерлердің бірі болды. Бұл ана Америка президенттері Никсон, Картер, Рейгандардың кабинеттерінің есігін еркін ашып кіретін кісі еді, өз өңірінде өте беделді адам болды. Ли нағыз ұлы реформатор, оған еш дауымыз жоқ.
Сингапур ішетін тұщы суды сырттан тасып, өз аралын кеңейту үшін шетелден құм сатып алып отырған бай мемлекет. Бұлар ұзақ уақыт оған да мол қаражат жұмсап отырды, қазір бірақ ғылымның арқасында теңіздің суын тұщылап соны пайдалануда.
Ал біздегілердің дамуына өз сөздерімен айтсақ қыс мезгілі кедергі боп отыр.
Айта берсек Сингапурдың жыры көп. Мен осы мысалға қарап отырып біздегі ондаған, жүздеген, мыңдаған “қазақ жалқау, қолымыздан түк келмейді, наданбыз” деген “ақылмандарды”, “өз күніңді өзің көр, мемлекет ешкімге ештеңе қарыз емес” деген “білгіштерді”, “өкімет істеп жатыр, барлық кінә тек өзімізден” дейтін керіауыздарды осындай бір білікті және жігерлі жасқа айырбастасам қазаққа бұның пайдасы анағұрлым көп болар еді деп те ойлаймын.
Яғни, шыны керек, бір елдің дамуы үшін – білікті басшы мен оның сындарлы саясаты, ұрлық – жемқорлықтың тиылуы, және ең бастысы ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҚСЫ САПАСЫ қажет екен.

Олжас Әбіл

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Қытай СІМ: Өзбекстан Қытайдың ұйғырларға қарсы саясатын қолдады

«Ғасырдың қара таңбасына» айналған Қытайдың ұйғырларға қарсы саясаты адам шошырлық. Себебі ұйғырларға агрессиялық сипаттағы саясат ...