Home » Айдарлар » Саясат » Қытайдың 40 жылы және сауда соғысы

Қытайдың 40 жылы және сауда соғысы

1978 жылдың желтоқсанында ҚКП 11 съездінің 3-жиналысы шақырылды. Жиналыста партиялық билікті ісжүзінде қолына алған Дың Щяопиң(Дэн Сяопин), ҚКП-ының осыған дейінгі ұстанып келген барлығында “таптық күресті арқау ететін” идеологиядан түбегейлі бас тартып, “партия мен мемлекеттің қызметінің басымдығын экономиладық құрылысқа бұрып”, реформалау мен сыртқа есікті ашық ұстау шешімін жасауына ықпал етті. Тарихи да, тағдыршешті саналатын осы жиналыстан кейінгі 40 жылда Қытай елі адам танымастай өзгерді. Экономикасы өркендеп, қоғамы дамыды, мәдениеті түлеп, руханияты жаңғырды. Экономикасы 40 жылда 35 еселеніп, әлемдік үлесі 1.8$-тен, 14.8$-ке жетіп, жаhандағы екінші экономикаға айланды; жан басындық  табысы 156$-дан 8600$-ға қол артты; жершары экономикасының артуына үлестілігі 30%-тен асты. Осы жетістіктерімен Қытай бүгінде жершарындағы ең ірі өндіруші-өңдеуші, ең ірі тауар экспорттаушы, ең ірі капитал жөнелтуші ел, ең ірі валюталық қор иесі және екінші тұтыну нарығы. 90$ халқы мүлдем кедей тұратын елден орта табы қалыптасқан қоғамға айланды. Бәріне міндетті 9 жылдық білім жалпыласты. Тұрғындар денсаулығының мемлекеттік қамдау мен жеке қауыпсіздендіру тәртібі ұштасқан жүйесі қалыптасты, халықтың орташа жасы 20 жас қосып, 70-ті бағындырды. Дәстүрлі мәдениеті соңғы өркениет жетістіктерімен жетілдіріліп, тұтастай дербес шаруашылық жүйесін құрады. Ғылым-техникасы дамып, ішінара салаларда әлемдік көшбасы жағдайына жетті. Үдемелі әскери капиталдандырудың арқасында айбатты әскери алыптар шоғырына енді. Қысқасы, 40 жылда жершарындағы ең кедей әм мешеу елден, жан басына шаққандағы үлестілігі демесең, бақуатты да осызаманданған мемлекеттің сұлбасын сомдады.

Бүгіндері “Қытай ғажабы”, “Қытай қарқыны” , “Қытай моделі” деген ұғымдар дабырына дақпырт қосып, өте-мөте дамушы елдердің сілекейін шұбыртуда. Сұрақ біреу: 40 жыл бойы үдемелі өркендеп, келбетін басқаша кескіндеген елдің толағай табыстарының сыры неде?

Экономистер мен әлеуметтанушылардың, тарихшылар мен саясаткерлердің “сілесін қатырған” сұрақты Қытайдың ресіми жауабы—марксизм қағидаттарын Қытайлық топыраққа бабын таба отырғызу—қанағаттандыра алмасы анық. Өйткені, ҚКП билік тізгінін ала сала, тура сол топыраққа сепкен марксизм дәнектері онан арғы 30 жылда неге өскін жая алмады! Гәп бап талғамас нарықтық қатынастар дәнегінің Қытайлық топыраққа сіңірілуінде сияқты. Қараңыз. 1978 жыл ҚХР-ның сол тұстағы вице-премьері Зжан Чунцчяу(Zhang chunqiao) баян еткен, марксизм теориясының рухы саналатын ортақменшік 97%-ке дейін жеткізілген жағдайдың өзі, Қытайды өздерінің суреттейтініндей “біріншіден кедей, екіншіден дымсыз” кептен құтылдыра алған жоқ! Керісінше, сол жылғы елдің Анхуэй провинциясы Ангаң қыстағындағы 18 диханның іштей серттесіп, ортақ егістік жерді жасырын бөліп иеленіп, жеке-жеке еккенен кейінгі табысы Қытай халқына, символдық тұрғыдан  жаңа өмір сыйлады деуге лайық. Нәтижеде, көршілерінен есеге жуық артық өнім алған “сұмдық” правинция басшысы Уан Лиге жетеді. Осыдан бірдеңенің иісін сезген Қытай реформасының пірі(Гарвард унив. профессоры, қытайтанушы McNair-дың атауы) Дэн Уан Лиге “дабырандатпай істей беруге” емеуірін білдіреді. Нәтижесі елеулі болған осы сынақ, екі жыл өтпей тұтас елге жалпыласып, Қытайлық реформаның көзін аршиды. Онан да маңыздысы, бұл сынақ жұртқа меншік құқын берсең, “өзім десе өгіз кара күшімен” бәрін жасайтын ерік сыйлайтын экономика пәлсафасын ашып берді. Онан арықарай, қалаларда ұжымдық кәсіпорындардың ортақтасудан аман қалып, ұжымдық меншік субъекті есебінде дербес өркендеуіне жол ашылды(1978-1984жж.). “Жеке меншіктің  социалистік   ортакменшіктің толықтырмасы” екендігі атазаңмен бекітілді (1988ж.). “Ортақменшікті негіз еткен, көп түрдегі меншік түзімін бірге дамытудың социализмнің бастапқы кезеңіндегі негізгі экономикалық түзімі болып қалатындығы” танылды(1997ж.). Меншік қатынастары тұрғысындағы бұғау шешілгеннен кейін-ақ, Қытай экономикасы томағасы алынған қырандай самғады.

Меншік қатынастарына көзқарастың бұрылысы бүкіл экономикалық жүйенің қайтадан қаралуына козғау салды. 40 жыл бұрынғы Қытайдың экономикалық жүйесі қадымғы маркистік догматизімді бағдар еткен жоспарлы экономика-тұғын. 30 жыл өзін ақтамаған жүйеге сергек те сынни құлықпен қараған Дэн мырза, 1979 жылы карашада шетелдік әріптестеріне “нарықтық экономика тек капитализмге тиесілі деуге келмейді, социализмнің де нарықтық экономикамен айналысуына, оны қолданып қоғамдық өндіргіш күштерді дамытуына болады” деп мәлімдеді. Бұл тұңғыш рет нарықтық қатынастарды тек капитализмге тәуелдеуден арашалап алды. 1984 жылы қаңтарда ашылған ҚКП 12 съездінің 3 жалпы жиналысы экономиканы түбегейлі реформалау шешімін енгізіп, елдің ендігі жерде “жоспарланған тауарлы экономикаға” өтетіндігін жариялады. Жүргізіліп жатқан реформалар “Тиян анмын уақиғасынан” кейінгі жағдайларға байланысты кедергіге ұшырай бастағанда, 1992 жылы Дэн “социялизм мен капитализмнің мәндік айырмашылығы жоспарлау көбірекпе, нарықтық реттеу көбірекпеде тұрған жоқ, жоспарлы экономика дегеніміз—тек социялизмдікі деуге келмейді, капитализмде де жоспарлау болады, нарықтық экономика дегеніміз—тек капитализмге тән деуге болмайды, социализмде де нарық бар. Жоспарлау мен нарықтық реттеу, тек экономикалық тәсіл ғана” деп нықтап көрсетті. Осыдан рухани қуат алған ҚКП “еліміздің экономикалық реформаларының мақсаты социалистік нарық экономикасы жүйесін құру” деп жариялады. Сонымен бір уақытта, “нарықтық реттеулерге елдің макроэкономикалық реттеулер барысындағы ресурстарды жайғастырудағы негіздік рөлін ұстату” қағидатын енгізді (1992 жылы қаңтар, 14 съезд). Нарықтық қатынастардың экономиканың айналымындағы тиімділігі мен өнімділігіне көздері әбден жеткен Қытай билігі, 2013 жылы қаңтарда “нарықтық реттеулерге ресурстарды жайғастырудағы шешуші рөлін” ұсынуды шешті (18 съезд, 3 жиналысы). Қытайдың 40 жылғы экономикалық жетістігі, міне осы, экономикалық жүйені өз ішінен реттегіш “көрінбес қол” есепті нарықтық механизмді енгізу мен оны өз тәбиғатының ығына қарай шебер пайдаланғанының жемісі екендігі анық. Қытайдың әйгілі экономисі Ма Гуаңянның (Ma guangyan) “Қытай экономикасының ғажаптарының барлығы да нарықтастыру мен есікті ашық ұстау саясатының жемісі еді, егер ол ғажаптар шынымен жасалынған болса, ол да сол нарық экономикасының арқасы болатын” дегені бар-ды.

Деседе, нарықтық реформалар тек Қытайдың өз қазанында қайнаған болса, бүгінгідей жойқын қуатын паш ете алмаған болар еді. Барлық реформа әу бастан “реформа-есік ашу” ұстанымын басшылыққа алған-ды. Мұнан ілгері, “жиіркенішті капитализим” мен “түзетімпаз советтер одағынан” іргесін аулақ салып, “өз күшіне сұйеніп өмір сүру” қағидатымен тұйық та, ауаша сыртқы саясат ұстанған елдің халы мүшкіл еді. 1978 жылы оның экспорт-импорт сомасы 20.64 млрд, валюта қоры небәрі 167 млн доллар болатын. Есікті жауып алып, таптық күреспен айналысудың елді құрдымға жіберерін сезген және әдемдік өзгерістерді жіті бағамдаған Дэн мен оның жақтастары, есікті айқара ашып, жаһанға бет түзеуді, әлемге кірігуді елді аман алып қалудың алғы шарттарының бірі екенін жете сезіне алды. 1978 жылы қазанда Дэн Жапонияға барады, жүрдек пойызға алғаш мінген ол “мыналарың адамды алып ұшырып бара жатқан сыңайлы екен, біздің елге де осы сияқты ұшу керек болып тұр-ау” деген екен. Жапониядан алған әсерінің қызуы арылмай жатып, Сингапорға сапар шеккен Дэнді ол елдің шетел инвестициясын тарту тәжірибесі баурап алады. Бұл Дэннің экономикалық ерекше аймақтарды ашуына тегеуірінді түрткі болады. Осымен бір мезетте вице-премьер Гу Му(Gumu) батыс Германияны сапарлап қайтады. 1978 жылы қарашада, яғни ҚКП-ның тағдыршешті делінетін 3 жиналысынан бір ай бұрын, Дэн 36 күнге жалғасқан партия ішілік “демократиялық тұрмыс жыйынын” өткізеді. Шетел асып қайтқандар көргендерімен бөліседі. Мемлекеттің келешегі, ісжүзінде, ашық пікір-айтықа толы осы жыйында шешілді деуге болады. “Кім Америкамен жақсы өтіссе, соның күнінің жайлы болатынын” аңдаған Дэнның басшылығына өткен ҚХР, 1979 жылы 1 қаңтарда АҚШ- мен дипломотиялық байланыс орнатты. Батыс елдерімен қатынасын іркес-тіркес жолға қойды. Совет одағы жетегіндегі социялистік блокпен де байланысқа шықты. 1980 жылы 17 сәуірде Халықаралық қаржы ұйымындағы, 15 мамырда әлемдік банктегі өкілеттігін қайтарып алды. 2001 жылы 11 желтоқсанда Халықаралық сауда ұйымына мүше болып кірді. Жаһандануға белсене кірісіп, әлеммен біртұлғалануға талпыныс өз игі нәтижелерін көрсетті. 2017 жылғы санақ бойынша, ҚХР-ның сыртқы тауар саудасы 4трлн долларға(1-орын), шетел валюта қоры 3трлн долларға(1-орын), тікелей сыртқа инвестициясының жиынтығы 1.8трлн долларға (2-орын), сол жылғы сырттан тартқан инвестициясы 70млрд долларға(1-орын) жетті.

Меншіктік реформалар, нарықтық механизмдерге бетбұрыс, ғаламдық интеграцияға қосылу Қытайды ғаламат жетістіктермен қауыштырды. Мұны ҚКП өзінің социалистік саяси түзім мен нарықтық экономиканы шебер ұштастырған жаңалығы есебінде дәріптеп, “жалпыға бірдей үйлесе кететін даму жолы деген болмақ емес, әрқандай мемлекеттің өзіне ғана тиесілі өзгешеліктері болады, осы өзгешелігін арқау еткен даму жолын ұстанғанда ғана баянды өркендеуге болады” деп түсіндіреді. Ең маңыздысы, Қытай өзінің осысына бекем сенеді де. Осы сенімінен қуаттанған ол, 40 жыл бұрын өзінің тыныш дамып алуы үшін тілеп алған ғаламдық бейбітшілік ауаны мен батыс елдерінің өзіне беріп отырған ырықына селқос қарауға көшті. Былайша айтқанда, қазіргі әлемдік экономикалық тәртіпті ұстап отырған АҚШ-ның үмітін ақтамады. АҚШ Қытайдың нарықтық реформалары мен жаһандану талпынысына қарап, одан түбегейлі нарықтанған, батыстық ұғымдағы демократияланған, жалпылық құндылық қағидаттарына мойынсал ел шығады деп үміттенген-ді. Әрі осы ұстаныммен идеологиялық алшақтықты ысыра тұрып, ҚКП-мен ырғасса да, ынтымақасып келген-ді. Бірақ, әмәлият көрсетіп отырғанындай, Қытайдың ҚКП бекем басшылығындағы социалистік түзімнен, маркистік идеологиядан бас тартпайтындығы басы ашыққа шығып отыр. Әсіресе, билікке Щи Жинпиң(Xi Jinping) келгелі Қытайдың кері кету үрдісі тіптен айқындалып келеді. Мәселенің екінші жағы да бар,  ол Қытайдың дамуы мен әлеуеттенуі, шынымен де, АҚШ-ның әлем біріншілігі сынды мәртебесі мен орнына қатер төндіре бастады. Қытай бүгінгі жеткен әлеуетімен АҚШ-ның әлемдік көшбасшылық тізгініне жармасатын ниетін байқатты. Ол қазіргі АҚШ жетекшілігіндегі халықаралық қатынастар тәртібінен бас тартып, “басқа да ірі мемлекеттердің мүдделері”(?) ескерілген жаңа тұрпаттағы халықаралық қатынастар түзуге үндеп, қазіргі халықаралық жүйе ережелеріне бағынушыдан, өз шарттарымен жаңа ереже бекітушіге ұмтылысын білдірді. Бұған АҚШ ендігары төзе алмас еді. Трамптың Қытайды тәубесіне түсіру бастамасын АҚШ-ның қос партиясының, барлық әлеуметтік жіктерінің тайлы-таяғына дейін бірлеппен қолдауының сыры осында жатыр. Өйткені, Америка халқы, әзірдің өзінде, тынық мұхиттың батысынан соққан желдің ызғырығын жан түйсіктерімен сезе бастады. АҚШ билігі де Қытайды “орнына қоюдың” мерзімі жеткенін шынайы түйсінді. 40 жыл бойы шыдап келген саудадағы теңгермесіздікке ендігары төзбейтінін паш етті. Ұрыста тұрыс жоқ, Қытай тауарларына үстеме кедендік салық енгізуді қамтыған сауда соғысын бастады. Шынтуайтында, бұны Қытайды еркіне жібермеу шараларының қолға алына бастауы деп түсінген абзал. АҚШ-ның Қытайды әділетсіз сауда арқылы өзін саудада теріс балансқа ұрындырды, зияткерлік меншіктерін ұрлады, АҚШ фирмаларын нарыққа техника ауысуға мәжбүрледі, олардың Қытай нарықына кіруіне әкімшілік тосқауыл құрды, т.с. кінәлармен айыптап, кедендік үстемемен бастаған сауда соғысы, түптеп келгенде, Қытайды түбегейлі құрылымдық реформалар жасауға итермелеуге, соңында “жүйеге қосылуға” мәжбүрлеуге саяды. Қазірдің өзінде АҚШ, Қытайдың мемлекеттің нарыққа қарымды кірісуімен құрған “социалистік нарықының” тума нарықтық жүйеге жатпайтынын, WTO ережелеріне қайшы екенін мәлімдеп үлгерді. Бұл күндері Қытай тарабы бұлардың барлығын терістегенімен, оның АҚШ нарықын арзан еңбеккүштің үлесі және мемлекеттік үстемеақыға сүйенген арзан тауарларымен төпеп келгені—әділетсіз бәсекеге жүгінгені;нарыққа кіруге ниеттенген фирмаларға партиялық қадағалау қою сынды жосықсыз талаптар қойғаны;техникалық құпияларға қол жеткізуге барынша ұмтылғаны;WTO шарттарын асыра пайдаланғаны арт-артынан дәлелденуде. Демек, тұтана бастаған АҚШ-Қытай сауда соғысы, тек таза мағынасындағы экономикалық соғыс емес, идеологиялық және саяси жүйелер қақтығысы, өмірлік түзімдер ара тайталас болып табылады. Сондықтан да, бәз сарапшылардың бұл даудың баяғыдағыдай суық соғысқа ұласып кетуінен алаңдаулары негізсіз де емес. Ендігі жерде барлығы да Қытайдың түбегейлі позициясына, оның адамзат көшінің қазірге дейін дәлелденген өркениет жолына бет бұрама, жоқ қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ кебімен қазірге таңдаған өз сүрлеуімен тартама, осы жайлы ұстанымына байланысты болмақ. Мұраттардан гөрі мүдделер алдыға шыққан мынау заманда, тәжікелескен екі ел мүдделер саудаластығында өзара бір ымыраға тоқайласуы да ғажап емес. Трамптың кезекті кеден салығын көтеруге уәде еткен биылғы наурыздың 1- жаңасын кешелі бері кейінге шегеруі осыған меңзейтіндей.

 

            Құрмет Қабылғазы

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Қытай СІМ: Өзбекстан Қытайдың ұйғырларға қарсы саясатын қолдады

«Ғасырдың қара таңбасына» айналған Қытайдың ұйғырларға қарсы саясаты адам шошырлық. Себебі ұйғырларға агрессиялық сипаттағы саясат ...