Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінен кейін алдағы айларда сұйытылған газ бағасы қымбаттайтынын растады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Қазірдің өзінде көлікті бензин мен дизельдің орнына сұйытылған газ тұтынатын етіп қайта жарақтау белең алғанын көріп отырмыз. Оның үстіне Қазақстанда газ өндірісі айтарлықтай шектеулі. Біз іштегі сұранысты «Теңізшевройл» компаниясына жыл сайын өтініш тастап, экспортқа арналған газды ішкі нарыққа қайта бағыттату есебінен жауып келе жатқанымызды білесіздер. Бұрын бұл аз мөлшерде болса, қазір барған сайын артып келеді – тек ішкі тапшылықты жабу үшін ғана ондаған мың тонна газ қайта бағытталады. Сол баяғы проблема, бәрі бағаға келіп тіреледі. Өзіндік құны литріне 70 теңге болса, қазір 50 теңгеден сатылып жатыр. Компаниялар көпе-көрінеу шығынмен жұмыс істеп отыр. Салыстырып айтсақ, Ресейдегі газ бағасы 2 есе жоғары – 120 теңге. Тәжікстанда 177 теңге. Оларда баға шынымен нарық заңы бойынша қалыптасқан. Әлемдегі тәжірибеге қарасақ, газды артығымен өндіретін елдерде сұйытылған газды көлік жанармайы ретінде пайдалануды ынталандыру үшін бензин бағасының 70% көлемі мөлшерінде баға белгілейді. Мұндайды ақылға қонымды экономикалық тетік деп қарауға болады. Ал бізде алшақтық баршылық. Қазір көлігін газға ауыстырып жатқан азаматтар ертең оның да бағасы қымбаттайтынын түсіну керек. Оған себеп жетіп жатыр. Газ тапшылығына байланысты экономикалық факторлар да бар. Келешекте газ қымбат бағамен импортталуы мүмкін. Немесе өзіміздегі газды ішкі нарыққа экпорттық бағасымен бағыттау қажет болады», - деді ол.