Мен – найзаның ұшымен, білектің күшімен Каспийден Алтайға дейінгі шапқан аттың тұяғы тозатын, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ жерді ат үстінде қорғаған батыр бабаларымыздың, от ауызды, орақ тілді, терең ойлы шешендер мен айтыскерлердің, күміс көмей, жез таңдай әнші бұлбұлдардың, жыраулардың және оң қолынан өнер тамған шеберлердің ұрпағымын.
Менің құрқылтайдың ұясындай жүрегімде Тәуелсіз еліме деген махаббатым асқар шыңдай биік, теңіздей терең, мұхиттай үлкен, бұлақтай мөлдір. Неліктен біз Тәуелсіз еліміз туралы айтқанда ерекше бір көңіл күйге бөленеміз? Өйткені, өз Отанымсыз маған сыйлаған өмірдің мәні жоқ дер едім.
Орыс жазушысы К.Г.Паустовский: «Адам жүрексіз өмір сүре алмайтын сияқты, Отансыз да өмір сүре алмады,» - десе, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
"Күн көреді Әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер Әйелсіз де, баласыз,
Ал Отансыз – Нағыз сорлы панасыз!
Білесің бе Отанның сен не екенін?
(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім)
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан – мекенің!", - деп тебірене жырлайды.
Яғни, менің, сенің, біздің - барлығымыздың Отанымыз – Қазақстан. Биыл Отанымыздың тәуелсіздік алғанымызға отыз екі жыл толып отыр. Ал егемендік алған отыз екі жыл ішінде Қазақстанымыз қандай жетістіктерге қол жеткізді? Ал сол елімізге қосар біздің үлесіміз қандай?
1991 жыл. Осы жылдың 2 қазанында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сапар шекті. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін жариялады. 1992 жыл. Мемлекеттің басты атрибуттары – рәміздерімізді бекітіп, дүниежүзіндегі ұлттық мемлекеттерді мойындайтын алып ұйымның төріне көк байрағымызды тігіп, БҰҰ-ның мүшесі атандық. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органының тарихы осы күннен бастау алды. 1993 жыл. Тәуелсіз Қазақстан тұңғыш Конституциясын жариялады. Сол жылдардан қазіргі күнге дейін едәуір жетістіктерге жеттік. 2019 жыл. Қазақстан үшін тосын оқиғаларға толы болды.
19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, 70 проценттен астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды. 2022 жылдың 20 қарашасында ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да басым дауыспен еліміздің Президенті болды. Осы аралықта Қазақстан біршама жаңа бастамалар мен бағдарламалар бастап, президентіміздің сындарлы саясатын қолдап "Жаңа Қазақстан" құруға бекідік. Иә, қазақ халқы тәуелсіздік тауына құсша ұшып емес, өрмекші секілді өрмелеп жетті. Біздің мемлекет екенімізді дәлелдейтін Туымыз, Әұранымыз, Елтаңбамыз бен Ата заңымыз бар. Жүрегіңе не сыя алады десе, «Қазақ» дер ем! Еліміздің солтүстігінде Астана қаласы айбынын асырып, асқақтап, күн сайын көркеюде. 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың басын қосқан мемлекетіміздің әлемдік бәсекеге қабілеттілігіне, жаһандық додаларда топ жарған жетістігіне үнемі көз жеткізіп келеміз. Отыз жыл ішіндегі жеткен жетістіктерімізді саралай берсек, қаншама игі істердің атқарылып жатқанына куә боламыз. Жастар - тәуелсіз елдің қырандары мен болашақ есігінің кілті. Барлығымыз Қазақстан үшін үлесімізді қосуға міндеттіміз. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін, игілікті істердің басықасында жүрмесек, бізден кейінгі ізбасарларға да, тарих алдында да айыпты боларымыз хақ.
Орындаған: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің студенті Бақберген Нұрай
Жетекші: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің аға оқытушысы А.Н. Сагинаева