Жарылыс Жапонияның Вакаяма қаласындағы балықшылар портында болды. Үкімет басшының жолын жаппақ болған күдікті ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы NHK-ке сілтеме жасап.
15 сәуір күні жергілікті уақытпен сағат 11:30 шамасында Жапония премьер-министрі Фумио Кисида Вакаяма қаласындағы балықшылар портында көпшілік қауыммен жүздесіп, сөз сөйлеуі тиіс болған. Іс-шара басталарда жарылыс дыбысы шығып, айналаны ақ түтін басады. Полиция мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Ал, жарылғыш зат лақтырған күдікті оқиға орнында ұсталған.
Жапонияның үкімет басшысы Кисида Вакаямадағы "Сайгасаки" портында балық тағамдарының дәмін татып, кәсіпкерлермен жүздескен. Кейінгі жоспарда Вакаяманың 1-округі бойынша палата өкілдерін қосымша сайлауға байланысты сөз сөйлеуі керек еді. Алайда, жарылысқа қарай іс-шара кейінге қалдырылды. Жапониядағы аталмыш сайлау осы айдың 23-іне өтеді.
"Адырна" ұлттық порталы