Home » Айдарлар » Әдебиет » Жадыра Байбұланова. “Қағаз жүрек”

Жадыра Байбұланова. “Қағаз жүрек”

 

Жадыра Байбұланова 1990 жылы 9 желтоқсанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бейбітшілік ауылында дүниеге келген. Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің түлегі, әлеуметтік ғылымдар магистрі. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. Мемлекет және қоғам қайраткері Ж.Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» мүшәйрасының жүлдегері. «Қағаз жүрек» жыр кітабының авторы.

 

***

 

Шегініп көрсем аз күнге кері,

Өмірдің мәнсіз мазмұн, дерегі.

Тағдырдың маған жазбай кеткенін,

Өлеңмен өзім жазғым келеді…

 

Жазғым келеді, жарықтық, кемі,

Керегін жаным алып бітпеді!

Үзілер сонда тамшыдан мөлдір,

Жанарым жасы тамып күткені…

 

Астынан жердің қазылуға үйім,

Жақын ғой…

Содан қазір у – күйім…

Жазғым келеді!

Жазған соң, одан

Жазылу қиын, жазылу қиын…

«РОМЕО МЕН ДЖУЛЬЕТТА» ҚОЙЫЛЫМЫ

 

Театрға барғанбыз.

Ең бақытты шығармыз деп барлық осы жаннан біз.

Көз алдыңда кіріп келді,

Бір кездегі арман қыз.

 

Жиып қойып маңайды,

Көз астымен сен де оған қарайсың, ол да саған қарайды.

Қасындағы ер жігітін аядым,

Мені қойшы, жарайды.

 

Менікі – жай бақылап…

Қайран, жүрек!

Қайдағысы еске түсіп жатыр-ақ.

Тағы өтірік құшақтайсың,

Бəрін сезем, ақымақ!

 

Ең қиыны – жыламау,

Бірін бірі ұмытпаған екеуге – шыдау əрі шыдамау!

«Шын сүйгендер қосылмайды» –  

Қойылымның түрі анау!

 

Көз алдымда сурет па?

Əлде мəңгі жазылмайтын сезім деген қу дерт па?

Екі ғашық сендер болсаң, мен кіммін,

Ей, Ромео-Джульетта?!

 

***

 

Мені өлтірмей келеді, жоқ қылмай Мұң!

Сол мұң үшін әр көзден отты ұрлаймын…

Бір дүние айтқысы келді жүрек,

Әттең, сыртқы дауысты көп тыңдаймын.

 

Өз бейнемнен өзгеше ішкі қалау,

Ұғар деген үмітім үш құлады-ау!

Кейде маған ұнайды қанат қағу,

Кейде маған ұнайды құс қуалау…

 

Жүгінетін тек ішкі дауыстарға,

Ауыштарға қызығам, ауыштарға!

…Ішімде бір он сегіз өліп кеткен,

Мазалайды сол, мезгіл ауысқанда!

***

 

Қоштасу үшін бір кездесейік,

Бір тілдесейік соңғы рет.

Қап-қара Түнге Күнді іздесейік,

Ойлап жүр Ол да сөнді деп.

 

Күнменен бірге көріп қалайын,

Көңілің содан күйсе артық…

Әтірді ұнайтын сеуіп барайын,

Сағынышымның иісі аңқып!

 

Ұзын көйлектің сыз ап етегін,

Саған айтатын сәт ұттым –

Өмірдің сонша ұзақ екенін,

Тым қысқа екенін бақыттың…

 

Ойнады жалған солай – көнейік,

Жасымды жыр қып жаттайды ел.

Уақытқа үздігіп қарай берейік,

Сен бірақ сағат тақпай кел…

БӨТЕН АДАМ

 

Саған айтар сөзім жоқ енді, бақсам…

Кешіргім кеп тұратын, сен жылатсаң!

Алқа қылып, аппақ мұң тағар ма едің,

Мойнымдағы қап-қара меңді ұнатсаң?

 

Көзді ұнатсаң, ұнатсаң қылықты үнді,

Ашылар ма ең…

Кеудеңде құлып тұрды!

Терезеңнен сығалап, жарық күтіп,

Сынық көңіл ақыры суып тынды.

 

Жалғыз ғана шындық ең бес күндегі,

Өзің жақтан өзгеше ән естілмеді.

Кешсін мені тамбайтын жас та көзден,

Жазылмайтын Өлең де кешсін мені!

 

Сезім ғана өкініп өтеді оған,

Маған салса, сау жүрсең жетеді, аман.

Саған айтар жалғыз-ақ сөз қалыпты –

Қош болыңыз, құрметті бөтен адам!

***

 

Таңғы шай.

Таныс дәм алғыздық.

Тек үнсіз ішеміз.

Сендегі мұң менен мендегі жалғыздық

Түсі – егіз…

 

Біз күнде келетін шайxана.

Даяшы – өңді қыз.

Ол тағы таңырқап қарайды, байқама,

Сол дұрыс.

 

Тағы іште қалады айтылмай соншама ой,

Кетеміз аптығып.

…Өмірге қант қосып алуға болса ғой,

Тәтті ғып.

АЛҒЫС

 

Алғыс айтқым келеді екен саған, рас!

Осыменен тәмам күлкі, тәмам жас.

Бас кейіпкер мұратына жеткен-ді,

Ертегіге сенгенімде ең алғаш…

 

Мені өлтірмеу болған шығар мұратың,

Жалғыз едің жанымды үнсіз ұғатын.

Көзің мөлдір десе біреу, ол көзде

Саған деген сезім ғана тұратын!

 

Көңіліңе кеп тигенше салқыны,

Әп-әдемі сәттер кештім әр күні!

Сен арқылы сағынуды үйреніп,

Өмірді де сүйдім Өзің арқылы!

 

Сөйте тұра, түк қалмастан тоналды іш,

Ұшар болсаң, бақыт тілеп, қол ал да ұш!

Күйрегенім үшін талай көп раxмет,

Сүймегенің үшін мені зор алғыс!

 

Алғыс айтқым келеді екен саған, рас!

Осыменен тәмам күлкі, тәмам жас.

Бұл ертегі басқаша аяқталу керек қой!

– деп ойласаң, xабарлас…

***

 

Мендегі жалғыздық – бітпейтін жалғыздық,

Біткенше қан-сорам…

Ешкімнен ештеңе күтпейтін жалғыздық –

Күтуден шаршаған.

 

Мендегі жалғыздық – дерт те өзі, ем де – өзі,

Әлегі, әлі көп.

Мұңлықтың мұңлығы, кербездің кербезі –

Дос түгіл, жауы жоқ.

 

Әлдекім әлдене айтуға оқталса,

Келеді кеңескім.

Ол бірақ:

«Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» – дейді көп болса,

Мен – Құдай емеспін…

 

***

 

Өтті көктем, өтеді ертең жаз да анау,

Өткенді әрі керек пе осы қазбалау?

Өзің қайтып оралар деп жүргенде,

Өмір өтіп барады ғой, жазған-ау!

 

Өмір өтіп барады ғой, жас аттап,

Қолдан жасай алмаған соң қашап бақ,

Сезім жайлы айтады ертең өлеңдер,

Өзім жайлы айтар бәрін шаш аппақ.

 

Жастық қайда? Жалындаған от қайда?

Деп жүргенде, жүрек бір күн тоқтайды, ә?

Қайта айналып соқпай кеткен Сен ғана,

Мезгіл де өзі қайта айналып соқпай ма?

 

Өтті көктем, өтеді ертең жаз да анау,

Өткенді енді керегі жоқ қазбалау.

Өзің қайтып оралар деп жүргенде,

Өмір өтіп кетіпті ғой, жазған-ау…

“Адырна” ұлттық порталы

 

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Әбубәкір ҚАЙРАН: Көзінен орыстың да сор ағады…

Алаш Орда Қашаннан қазақ халқы нұрға құштар, Шақырған тым алыстан бір жарық бар. Алашты ел ...