Билік тағы да жанар-жағармай бағасын қымбаттатуға мәжбүр.
Бұл туралы Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
«Қазақстанда дизель тапшылығының басты себебі - бағадағы диспропорция. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Қазақстан әлем бойынша жанармайы ең арзан 10 елдің қатарына кіретінін айта кету керек. Мәселен, Ресейде дизель бағасы (1 литрі) – 345 теңге. Бұл біздегі нарықтан 45 пайызға қымбат. Қырғызстандағы баға 64 пайызға жоғары: 1 литрі – 390 теңге. Өзбекстандағы баға Қазақстанмен салыстырғанда 2 есе жоғары: 1 литрі – 480 теңге», – деді министр.
Бұл бұйрыққа қатысты тиісті жоба 12 сәуірде күшіне енеді.
«Жанар-жағармай нарығын тұрақтандыру үшін Қазақстан мен көрші елдер арасындағы баға айырмасын төмендету қажет. Сондықтан біз күрделі, алайда тиісті қадамға баруымыз керек. Шекті бөлшек сауда бағасын көтерген жөн», – деді Болат Ақшолақов.
Сөзінше, бұдан кейін бензин өндірісі 70 пайызға, дизель 30 пайызға артады. Ал экспорттан түсетін табыс 50 пайыздан 120 пайызға дейін көтеріледі.
«Бүгінде баға айырмашылығын қысқартпасақ, жақын арада жанармай тапшылығына тап болуымыз мүмкін. Бұл қадамға бармасақ, саланы одан әрі дамыту жолдарын жауып, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіреміз», – дейді ол.
Еске сала кетейік, «Қаңтар оқиғасы» о баста газ бағасының екі есеге көтерілуіне байланысты тұтанып, кейіннен саяси талаптарға ұласқан болатын.