МҰҚАҒАЛИДЫҢ ЖЕРЛЕСТЕРІ

1995
Adyrna.kz Telegram

Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Алматының Қаскелеңінде Амангелді Омаров деген ақсақал тұрады. Негізі Арқаның қазағы, Көкшетау жағының қанжығалысы. Бірақ бар ғұмыры Мұқағалидың ауылында, Қарасазда өткен. Амангелді ақсақал ағаш пен темірден түйін түйетін шебер және зергер. Оның үстіне қазақтың ескі әдісімен тері илеу, одан түрлі бұйымдар жасау, қайыс өруді қайтадан жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа үйретіп жүрген кісі.
Амангелді ағаның жұбайы Күләш тәтенің тегі Көкшетаудың Қарауылы. Бірақ өзі «руым – Албан» деп сөйлейді. Себебі Қарасазда, Мұқағалидың ауылында, нағашы әжесінің қолында, Албан ішінде өскен. Оның мынадай бір қызық тарихы бар.
Күләш тәтеміздің шешесі Базархан деген кісі Мұқағали ақынмен замандас, Қарасаздың тумасы. Соғыс уақытында бойжетіп қалған қыз Базархан поштада жұмыс істеп жүріп, істі болады. Бір құжат жоғалды деген жаламен 8 жылға сотталып, Иркутскіге жер аудырылып кете барады. «Бұны жасап жүрген елдегі Көке атты адам» дейді Күләш тәтеміз. Соғыс уақытында ер-азамат майданға кетіп, ауылда қалған шал-шауқан, мертік-шортықтар қыз-келіншектерге небір қиянат жасағанын оқып, естіп жүреміз ғой. «Түн ішінде түндей қара шал қақты, кей жесірдің құлыптаулы есігін» деп Жұмекен Нәжімеденов жазған жоқ па. Базархан апамыздың да тарихы дәл сондай. Жас қыз айтқаныма көне қоймады деп, жаңағы Көке сұм бір құжатын ұрлап алыпты. Сөйтіп жазықсыз бойжеткен сотталып кете барады. Бірақ Базархан апай сол жаққа барғасын, қайтадан арыз жазып, жеті айдан соң толықтай ақталыпты. Ол кезде пойыз Иркутскіден бұл жаққа қарай жылына екі мәрте ғана қатынайды екен. Билет алу үшін жарты жыл бұрын кезекке тұру керек. Базархан апай да билетке кезекке жазылып, сол жақта уақытша жұмысқа орналасып, жатақханада тұра береді.
Осы кезде Тоқсанбай Бексейітұлы деген Көкшедегі қарауыл елінің бір азаматы да тұтқындар лагерінде жазасын өтеп, бостандыққа шыққан екен. Тоқсанбайдың қысқаша тарихын айтсақ, финн соғысында тұтқынға түсіп, одан шыққасын сотталған. Бұндай оқиғалар ол кезде көп болғанын білеміз. (Тоқсанбай Бексейітұлы Қарауыл ішінде – Жақсылық, әз Бөгенбай деген атақты бір адамның ұрпағы көрінеді).
Сөйтіп, аман-есен бостандыққа шыққасын, билет алмаққа Иркутскінің вокзалына барса, кезекке жазылған адамдардың тізімінен Нысанбаева Базархан деген қазақ қызының аты-жөнін көреді. Апырмай, бұл жерде қазақтың қызы қайдан жүр деп, әркімдерден сұрап, іздестіре бастайды. Ақыры Базарханды жатақханадан тауып алады. Ұзын сөздің қысқасы, екеуі сол жерде танысып, ақыры ерлі-зайыпты болып қосылады. Сөйтіп, елге келгенде Базархан шешеміздің аяғы ауыр екен. Аз уақыттан соң, дүниеге осы әңгімені айтып отырған Күләш апамыз келеді.
Тоқсанбай сау-саламат елге келгенімен, жергілікті жер оған сотталғансың деп түртпектеп, жұмыс бермейді. Ақыры екеуі қырқынан шықпаған сәбилерін құшақтап, Қарасаздағы Базарханның шешесі Батпа апаға барады. Біраз уақыт аунап-қунағасын Батпа шешей екі жасқа: «Баланы маған тастаңдар, бір балаға ие боларлық шамам бар, екеуің жұмыс іздеп, өлмейтін күндеріңді көріңдер» – деп кеңес береді. Сөйтіп кішкентай Күләш әжесінің қолында қалып, Тоқсанбай мен Базархан құжаттарын дұрыстап алып, қайтадан Ресейге, Амурдағы Комсомольск қаласына кетеді. Сол жақта бірнеше жыл жұмыс істеп, елге Сталин өлгесін бірақ оралған екен. Және ол жақтан екеуі ғана келмей, тағы қос сәбиді жетектей келеді.
Бұл кезде Нарынқолда оқып жүрген Күләш оқуын әрі жалғастыру үшін Көкшетаудағы әке-шешесіне оралып, сол жақта он бір класты бітіреді. Дәм жазып, Омаров Амангелді ағаға жолығып екеуі шаңырақ көтеріп, ел қатарлы тіршілік қылып жатады.
Сөйтіп жүргенде Қарасаздан « Батпа апаның баспана қылып отырған тоқал тамы құлап қалды» деген хабар келеді. Бұны естігесін, екі жас Амангелді мен Күләш Нарынқолға аттанады. Ойлары аз уақыт қарияның жанында болып, үйін жөндеп беріп, біраз көмектесіп, елге оралмақ. Бірақ тағдырдың жазуы сол шығар, Амангелді мен Күләш Қарасазда біржола қалып қояды. Сөйтіп, Амангелді ағаның бар саналы ғұмыры Жетісу жерінде, Нарынқолдың Қарасазында өткен екен. Қазір Күләш апа өмірден өткен, Амангелді ағамыз Алматының түбіндегі Қаскелеңде тұрып жатыр. Ақар-шақарлы үлкен бір әулеттің басында, 18 немере, 2 шөбересі бар.
Амангелді ағаның үйіне бір барғанда, марқұм Күләш тәтеміз Қарасазды өткен балалық күндерін есіне алып, мына бір әңгімені айтып еді..
–Мен Мұқағалидың ауылы Қарсазда нағашы әжемнің қолында өстім. Осыдан шығар, туған шешемді – тәте, әжемді – мама дейтінмін. Әжем екеуміздің тұратын жалғыз бөлмелі шым үйіміз болатын. Бір күні сол құлап қалды. Осы кезде Арқа жақтан шешем мен әкем келіп жатқан. Әжем оларға әзірше бір тамыр орыстың үйінде тұра тұрыңдар, сосын үйімізді жөндеп бересіңдер деді. Менің шешем Базархан Мұқағалимен бір мектепте оқыған және жамағайындығы бар адамдар. Сөйтіп, шешем жаңағы орыстың үйіне кетіп бара жатқанда, алдынан Мұқағали ағамыз жолығып, көп жылдардан көріспеген екеуі жылап амандасады. «Қайда барасың?» деп сұрайды шешемнен Мұқаң. «Орыстың үйіне тұруға барамын» дегенді естігесін, біз тұрғанда орысың не, біздің үйге барасыңдар, бірге тұрасыңдар деп, өзінің қоржын үйіне алып барып, бір бөлмесін босатып беріпті. Ол кезде Мұқағалида 3 бала, біздің үйде 3 бала бармыз. Шіркін, қазақтың кеңдігі-ай дейсің қазір ойлап отырып, екі бөлмелі кішкентай ғана құжырада сөйтіп қаншама жан тұрып жаттық. Тұрмыстың қиындау кезі. Мұқаңның шешесі сауыншы, менің әжем маслопромда күзетші. Ана кісі бір тостаған сүт әкелсе, менің әжем қол басындай май әкеледі кейде. Соны бөлісіп жейміз.
Біріде Мұқаң менің шешеме: «Әпке, қазаныңда қайната бер, мен аңға кеттім» – деді. Зайыбы Лашын апай оны мысқылдап: «Сен аң атып әкелсең, мен оның етін шикідей жер едім» – дегені әлі есімде. Сөйтіп Мұқағали ағам мылтығын алып, тау жаққа кетті. Біз кілең 4-5 жасар кілең ұсақ балалар, тоқал тамның төбесіне шығып алып, қарап отырмыз. Бір кезде мылтық гүрс ете қалды. «Әне, Мұқағали ағам атты!» – деп шуласып жатырмыз. Расында да бір кезде ол кісі көрінді. Бір елік атып алып, ішек-қарынын ақтарып алып тастап, өзін мойнына салып көтеріп алып келе жатыр екен. Топ бала шуылдап алдынан шықтық. Менің әжем Лашын апайға : «Енді етті шикідей жейсің» – деп әзілдеп жатыр.
Қарасазда ол кезде төрт-ақ класс болды да, бесіншіні үш шақырым жердегі «Энгельс» колхозынан барып оқыдық. Класс жетекшіміз Мұқағали ағай. Ол кезде ит-құс көп. Мұқаң жалғыз-жарым жүрсек бізді қасқыр жеп қояр деп, жеті баланы таңертең өзі жинап алып шығады. Және жол бойы үнемі ойланып, жерге қарап келе жататын. Мен басқаларға қарағанда өткірлеу едім: «Ағай, неге жерден көз алмайсыз, не іздейсіз, бізді қасқыр жеп кетсе көрмей қаласыз ғой» – деймін. Сонда ол кісі: «Жерден өлең іздеймін, әне қараңдаршы, анау бозқараған, анау шөптің басы, анау өзен, бәрі өлең емес пе?!» – дейтін. Сосын үйге қайтар жолда Мұқағали ағаның өлеңдері қайда тұр екен деп, үнемі тал басына қараумен болушы едік, – деп еске алады Күләш тәте.

Сайлау Байбосын

Пікірлер