Депутат болсам, кабинетіме камера, тіпті дыбыс микрофондарын орнатып, тәулік бойы жұмыс істеуге дайынмын — Анас Ахатұлы

13699
Adyrna.kz Telegram

ҚР Парламентінің Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауының өтуіне де санаулы апта қалды. Осы орайда «Адырна» ұлттық порталы «Ауыл» партиясының жұмысымен танысып, партия төрағасының орынбасары Анас Ахатұлынан сұхбат алған еді.

— Анас Ахатұлы, қазіргі Мәжілістегі іріктеу үдерісін қалай бағалайсыз?

— Бұл жердегі басты жаңалық - аралас сайлау жүйесінің енгізілуі. Бұған дейін де елімізде мажоритарлық жүйе болған, бірақ оның біршама кемшілігі бар еді. Ол кезде қалаулы мандатына қол жеткізген тұлғаның депутаттық қызметі  халық көңілінен шықпаған жағдайда оған баға беру, кері шақыртып алу немесе күмән келтіру мәселелерін ұйымдастыру қиын еді. Сайлаушылардың оған уақыты да жоқ болатын. Бұл-бір. Екіншісі, жеке тұлға ұсынысы үлкен стратегиялық бағдарламадан емес, оның өз саласына жақын жеке көзқарасынан туындайтын. Экономиканың қай саласы болмасын жүйелі түрде ұсыныс жасау бір адамға қиынға соқты. Елімізде бұған дейін болған мажоритарлық сайлау жүйесінің негізгі екі кемшілігі осы.

Бұл жүйеден соң біз пропорционалды жүйеге көштік. Оның да жақсылығымен қатар кемшілігі болды. Саяси партия – бағдарламасы бар институт. Бұл жерде, оның тізім бойынша өткен кандидат қызметін атқара алмай жатса басқа адаммен алмастыруға мүмкіндік туды. Яғни, пропорционалды сайлау жүйесінде депутаттың Парламент Мәжілісіндегі жұмысын нақты бағалау, тез арада жауап беру, әрекет ету жақсы іске асты. Пропорционалды жүйенің тиімділігі осы. Бұл жүйедегі кемшілік – партиялық ұстанымы, нақты бір партияның құрамында жоқ жеке тұлғалар – қоғам белсенділері, қайраткерлер саяси өмірден шеттеп қалды. Биылғы жүргізілген аралас сайлау жүйесі осы олқылықтың орнын толтырды. Енді саяси  партиялар – институт, қоғамдық бірлестіктер – ұйым ретінде жұмыс істей алады. Жеке тұлғалар бір округ арқылы сайланып, өз бағдарламасын ұсыну мүмкіндігіне ие болды. Екі жүйе қосындысы осындай тамаша мүмкіндік тудырып отыр.

— «Ауыл» партиясы бағдарламасының қандай ерекшелігі бар?

— «Ауыл» партиясы – ұдайы ауыл шаруашылығы, ауыл тұрғындары мәселесін көтеретін партия. Біз бұл бағытымыздан таймаймыз. Біздің әр сайлау сайын ұсынатын бағдарламамыздың басым бөлігі осы ауыл тақырыбына, ауыл шаруашылығына арналады. Қаладағы электоратқа да ұсынарымыз баршылық. Біздің негізгі мақсат – ауылда тұратын 40% халықтың мүддесін қорғау. Биылғы бағдарлама «Ауыл төрге шықсын!» деп аталды. Осының алдындағы сайлауда мәслихаттан орын алдық. Бірақ мәжіліске әлі жете алмай келеміз. Ауыл  халқының мәселелері сонау Парламент, Мәжіліс мінберінен айтылуы тиіс. «Ауыл төрге шықсын!» деуіміздің сыры осында. Бағдарлама негізі 4 бөліктен тұрады. Біздің бүкіл облыс,  аудан, моно қалада өкілдеріміз бар. Тұрақты жұмыс істеп тұрған саяси партия болғандықтан, ұсыныс та ұдайы түсіп тұрады. Жұмыс барысында электоратпен кездесеміз. Өзекті мәселелерді қойын дәптерге түртіп аламыз. Көптеген ұсыныс іске асырылып та жатыр. Бірақ солардың ең өзекті дегендерінің күрмеуі әлі шешілген жоқ.  Қордаланған мәселе өте көп. Біз барлық агробизнес нысанын салықтан босату керек деп есептейміз. Адам ауылда қалуы үшін ауылға қатысы бар барлық бизнес түріне жағдай жасалуы қажет. Яғни, халық табысының басым бөлігін қаладан емес ауылдан табуы тиіс. Азық-түлік қауіпсіздігі деген тақырып та өте өзекті. Партия мәжіліске өтетін болса, заңнамалық тұрғыда қандай нақты қадамдар жасайтынымызды бағдарламада түйіндеп, көрсеттік.

— Жеке өз басыңыз депутат болып сайлансаңыз, не істейсіз? Атқарар ісіңіз қандай болмақ?

— Ауылшаруашылығы саласында жұмыс істегеніме 22 жыл болды. Ұстанымым – тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеу. Қазір сөзден іске көшу керек. Соңғы кездері халық Мәжіліске, Үкіметке, билікке сенбейтін болды. Депутат болсам,  кабинетіме камера, тіпті дыбыс микрофондарын орнатып, тәулік бойы ашық жұмыс істеуге әзірмін. Ол не үшін керек?                  Біріншіден, өз-өзімді тәртіпке саламын. Мәжіліске өткен адам соған лайық болуы керек. Бұқара мүддесі үшін тынымсыз еңбек етуі тиіс. Мәжілістегі депутаттық қызметтің қас қағым сәті де зая кетпеу керек. Заң көп, шешілмеген мәселе одан да көп. Ол солардың бәрін күш-жігерін салып шешуі тиіс. Өзіме бір секундты да бос жібермеу деген тәртіп орнату және оның бәрін халықпен бөлісу тынымсыз еңбек пен ашықтықты қажет етеді. Мен таңертең жұмысқа келгеннен, кешке жұмыстан шыққанға дейін толығымен ашық боламын. Халық кабинеттегі бүкіл жұмыс барысын еш кедергісіз көре алатын болады. Оған дайынмын. Бізде артық сөз жоқ. Бәріміз адал еңбектің адамымыз. Тәулік бойы тынымсыз еңбек етуге дайынбыз. Өз басым одан қорықпаймын, уайымдамаймын да.

— Ауылдың ең басты мәселесі не деп ойласыз? Не істеу қажет?

— Біз ең басты құндылығымыз –жерімізді сақтауымыз керек. Ел ырзығын соның берген несібесі арқылы,  мұнайсыз да, газсыз да еселей аламыз. Әр қазақстандық ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдаланып, содан түскен пайда арқылы дәулетін арттыруы керек. Ең басты мақсат – осы. Сондықтан да ауылды дамыту – кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Жер еңбек етемін деген әр қазақстандыққа еш кедергісіз тиюі керек. Олар қажетті жабдық сатып алу үшін төмен пайызды несиеге қол жеткізіп, өзіне тиесілі жерді өте тиімді бизнес түріне айналдыруы тиіс. Қала адамы ауылға экономикалық мүдде, экономикалық ынталандыру болғанда ғана ағылады. Ол үшін ауыл инфрақұрылымы жақсы, тұрмысы түзу, агробизнестің экономикалық тиімділігі өте жоғарғы болуы шарт. Қалалықта егер ауылда бизнес ашсам, қалаға қарағанда 5, болмағанда 2-3 есе артық пайда табамын деген ой туындауы керек және оған жағдай жасалуы тиіс. Көп мәселенің шешілмеуіне заңнамалық шектеудің көптігі себеп. Ауылды тұралатып тұрған басты мәселесі – осы. Біздің міндет – солардың барлығын түзету.

— Парламенттік сайлауға аз ғана күн қалды? Осы уақыт аралығында және алдағы уақытта «Ауыл» партиясы қандай шаралар өткізбек?

—Біздің партия атынан сайлауға партиялық тізіммен 25, бір мандаттық жүйемен 8 адам түседі. Үгіт-насихат барысында 5000-ға жуық іс-шара өтеді.  Сын бар, сынаушы бар. Онсыз болмайды. Олармен де жұмыс істеп жатырмыз. Көбі бізді парламенттік партия деп ойлайды. Сын да соған байланысты болады. Біз Парламентке жете алмай жүрміз. Осы жолы Мәжіліске өтсек, нақты ісімізді көрсетеміз. Жұмысымыз жалғасып жатыр. 300 мыңға жуық партияласымыз ауылда тұрады. Олар – еңбек адамдары, шаруалар, кәсіпкерлер. Солардың өздері ауылдарға көп жақсылық жасайды. Осы үгіт-насихат барысында Қазақстанның барлық ауылы қамтылады. Қазір жұмысымыз ойдағыдай жүріп жатыр.

— Кандидаттардың ішінде кімді лайық деп атап өте аласыз?

— Бөліп-жара алмаймын. Барлығы лайық, өз жеке, дара  орындары бар жандар. Бір мақтанатыным – нағыз өндірісте жүрген, қоғамдық жұмыстарда өте белсенді адамдар және көбісі ауыл азаматтары.

— «Ауыл» партиясының әлеуетін қалай бағалайсыз?

— «Ауыл» партиясының әлеуеті жоғары. Ауыл – елдің асыраушысы. Елге ең бірінші тоқшылық керек. Оны беретін – ауыл. Сондықтан партия ауыл тұрғындарының да, фермерлердің де мүддесін қорғауға міндетті. Мәжілісте біз жеңуге мүдделіміз және сайлаушыларымызға сенімдіміз. Ауыл мәселесі шешілсінші деген әр азаматты бізге дауыс беруге шақырамыз.

— Оппонент партияларға айтарыңыз бар ма?

— Біреуді ақ, біреуді қара демейміз. Бәсекелес партияларға тең қараймыз. Әр партия әділ сайлауға шақырсын, әділ өтуіне күш салсын, қадағаласын! Сайлау әділ өтсін! Әділдік жетсін, әділет салтанат құрсын!

— Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Материалдың ақысы «Ауыл» ХДПП сайлау қоры қаражатынан төленді.

Тапсырыс беруші: «Ауыл» ХДПП;

«Ауыл» ХДПП сайлау қоры қаражаты есебінен төленді

Пікірлер