Бас әскери прокуратура: Өз-өзіне қол жұмсаған сарбазға жыныстық зорлық жасалған жоқ

2961
Adyrna.kz Telegram
2022 жылдың тамыз айында атыраулық әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсады. Қызылқоға ауданы, Миялы ауылының 18 жастағы тумасы Бекбол Мираш Жамбыл облысындағы Шөлдала шекара бөлімінде әскери борышын өтеген. Осы уақытқа дейін сарбаз өлімінің басты себебі ретінде оның жыныстық сипатта қорланғаны туралы хабарланған еді. Бас әскери прокуратура мұны жоққа шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Бас әскери прокуратураның мәліметінше, бүгінгі күні билікті асыра пайдаланып, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша күдікті ретінде танылған әскери шенді тергеуге түсті. Қылмыстық іс құжаттарына сәйкес ол Б.Мирашты және онымен бірге әскерге шақырылған басқа да мерзімді әскери қызметкерлерге психологиялық қысым көрсетіп, қорлап, жүйелі түрде соққыға жыққан.

Күдікті қамауға алынып, тергеу жалғасуда және ерекше бақылауға алынған.

"Тергеу барысында болған оқиғаның барлық нұсқалары, соның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық мүмкіндігі тексерілді. Алайда, бұл дерек расталмаған. Адвокаттың өтінішхаттары белгіленген мерзімде қаралды және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы тәртібімен қанағаттандырылды."Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі

Адвокат С. Пралиевтің қылмыстық істің мән-жайларын жариялау жөніндегі әрекеттерінің заңдылығын уәкілетті орган, адвокаттардың тәртіптік комиссиясы қарайды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылықты ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөніндегі өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер