«AMANAT» партиясы «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жариялады

3080
Adyrna.kz Telegram

Бүгін сағат 18.00-де үгіт-насихат кезеңінің басталуымен «AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы өз жұмысын бастады.

Ерлан Қошанов тікелей эфирде «АМANAT» партиясының «Халықпен бірге!» деп аталатын Сайлауалды бағдарламасын жариялады.

Іс-шараға партиялық тізімге енген кандидаттар және партияның атынан Мәжіліске ұсынылған бірмандатты үміткерлер, штаб мүшелері, партияның «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, партия жақтастары қатысты.

«Біздің бағдарлама – қоғамда әбден қайнап, пісіп-жетілген проблемаларды шешудің нақты жолы, нақты жоспары. Өткен жылдың өзінде партия өңірлерде, ауыл-аймақта мыңдаған кездесу өткізіп, тұрғындардан 200 мыңнан астам ұсыныс-пікір жинаған болатын. Халықты толғандырған мәселелерді мұқият талдап, жүйелендіре келе 10 негізгі бағыттан тұратын құжатты әзірледік. Одан әрбір отандасымыз өзі үшін өзекті мәселелердің жауабын таба алады», – деді партия Төрағасы.

Ол әр облыстың, қаланың демографиялық, әлеуметтік және экономикалық ерекшелігін ескере отырып, 20 аймақтық сайлауалды бағдарлама әзірленгенін атап өтті. Сонымен қатар, бірмандатты округтер бойынша сайлауға қатысатын партияның әрбір кандидаты өзінің сайлауалды бағдарламасын әзірледі.

Айта кетейік, штаб құрамына партияның 486 белсенді жақтасы кірді. Өңірлік және аумақтық 226 сайлауалды штабқа 7,5 мыңға жуық адам жұмылдырылады. Сайлаушылармен кездесу кестесі дайындалды. Бұл жұмысқа кандидаттардың 27 мыңнан астам сенімді өкілі атсалысады.

Республикалық және 20 өңірлік сайлауалды бағдарламаның толық мәтінімен, сондай-ақ «AMANAT» партиясынан депутаттыққа ұсынылған кандидаттардың тізімімен жақында интернеттен танысуға болады.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер