"Арқаның арда ақсақалы" - Қарағандылық 85 жасар азамат күніне 2 cағат адамдарды тегін тасып жүр

2554
Adyrna.kz Telegram
Қарағандының қазыналы қарты, 85 жастағы тұрғын Әстәби Бұлқанов ақ көлігіне "адамдық" артып,  күніне екі сағат жолаушыларды тегін тасып жүр. Кеніш көңілді қариясың азаматтық істеріне алғыс жаудырып, ризашылығын білдіріп жатқандар көп, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.  

Ақсақалдың ақ түсті "Ваз-2101" көлігі 1970 жылы шыққан. Оны өзі 1979 жылы сатып алған. Тұрғындарды тегін тасуға таптырмас темір тұлпар белгілі "Жигули" маркасының ең алғаш шыққан өнімі. Жақсылық жолында серігіне айналған көлігін Әстәби Бұлқанов сатқысы да, айырбастағысы да келмейді. Қыстың көзі қырауда бой шираптып, күніне екі сағат адамдарды тегін діттеген жеріне жеткізіп салады.

"Хабар 24" арнасының хабарлауынша, ақсақалдың көрші-қолаңы да оның азаматтық істеріне дән риза.

 - Боранды күндері автобусқа бармайсың, остановка алыс. Сондай кезде осы кісіге барамыз. Бұл кісімен көршіміз, бір үйде. Қысылғанда кез-келген жерге апарып тастайды, бұлдамайды, ақы берсең алмайды, сол рақметімізді айтамыз да кетеміз, - деді  қала тұрғыны Мұрат Құсайын.

Әстәби Бұлқановтың ақ тұлпары Қарағанды мен Қарқаралы бағыттарында да қатынап, алыс жолды әп-сәтте еңсеретін көрінеді. Ұлы Тәуіржан Бұлқанов та жомарт жүректі әкесінің қам-қарекетіне қуанышты:

 - Талай айттық, немерелері де айтты, ата мынаны сатып жібер, жаңасын алайық деп. Қимайды, көзіндей көреді.  Осының қай жері сынса да, соны велосипед жөндегендей қылып жөндеп алады. Жасыратыны жоқ бұл біз үшін құтты машина, осымен осы үйге талай келін түсті. Талай құдалықтарға бардық.

Адамдыққа әсемпаз Әстәби қария отызыншы жылдардың дүрбелеңінде дүниеге келген. Бала жастан белі қайысып, еңбекке ерте араласқан. 17 жасында техника тізгіндеп, тыңға түрен салған тұлға. Ақсақалдың ендігі мақсаты - ақ тұлпарының ретро-көліктер қатарынан көрінуі. Отбасы да әулет тірегінің тұлпарымен бірге жақсылықтар жолында жүйітки беретініне нақ сенімді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер