Home » Басты тақырып » Сайрагүлдің сатқындығы

Сайрагүлдің сатқындығы

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, тағы да Сайрагүл жайлы жазбақпыз. Екі-үш күннен бері Сайрагүл Сауытбай мен оның жұбайы Уәли Сламұлының әлемжелідегі әңгімелері қоғамның қызу талқысына түсті.  Енді соларды рет-ретімен баяндаймыз…

Бірінші әңгіме: Сайрагүлдің «Босқын мәртебесін» алу процессі

Қытай билігінің этникалық қазақтарға жасап жатқан ресрессиялық саясатының құрығынан құтылу мақсатында қазақ шекарасын бұзып өтіп, бала-шаға, бай-мырзасына келген Сайрагүл Сауытбайдың есім-сойы бүгінге екі қазақтың біріне таныс болды. Сайрагүлдің соты, оның қазақ түрмесінің табалдырығын аттап, төсегін көргендігі туралы қайталап айтып жатпайық. Оның барлығы хронологиялық ретпен БАҚ-та жарияланды.

Ендігі мұрат – оған (Сайрагүл Сауытбайға – ред) «Босқын мәртебесін» алып беру еді.  Бұл процесс бір күнде шешіле қоймайтыны ақылы бар адамға онсыз да аян. БАҚ-та жарияланған ақпараттардан көріп білгеніміздей, бұл процесс те шабан жүріспен, өз ретімен жүріп жатқан.

25.07.2018 жыл. Сайрагүл мәселесі Жаркент сотында қаралып жатқан. Сол, 25-шілдеде алғаш рет «Пана іздеуші тұлға» дейтін көк куәлік Сайрагүлге тапсырылды. Оны берген Көші-қон қызметі еді. Жарамдылық мерзімі 3 ай. Осы үш айда арнайы құрылған комиссия Сайрагүлге «Босқын мәртебесін» беру-бермеу мәселесін қарап, шешім шығаруы тиіс болған.

25.10.2018 жыл. Белгілеп берген үш ай уақыт 25-қазан күні аяқталды. Сөйтті де, Сайрагүлдің куәлігін тағы үш айға создырған еді.

04.10.2018 жыл. Талдықорған қаласында арнайы құрылған комиссия отырысы өтіп, Сайрагүл Сауытбайға «Босқын мәртебесін» беруден бас тартты.

Осыдан кейін адвокат Абзал Құспан Астанаға арыз жазып, комиссия отырысының шешімін қайта қарауды талап етті.

25.01.2019 жыл. Сайрагүл Сауытбайдың «Пана іздеуші тұлға» дейтін құжатының мерзімі таусылды.  Сөйтіп тағы үш ай мерзімге ұзартты.

«Пана іздеуші тұлға куәлігі» «Босқын мәртебесін» сұраған адамға беріледі.  Жоғарыда айтқанымыздай, Сайрагүл Сауытбай Қазақстан билігінен «Босқын мәртебесін» сұраған еді. Көші-қон қызметі Сайрагүлдің өтінішін қарауды сол кезде бастап кеткен. Ақырында Астана комиссия шешімін күшінде қалдырды.

Осыдан кейін адвокат Алматы облыстың сотына қайта талап-арыз жазды. Мақсат – облыстық комиссия отырысының шешімін терістеу болатын. Сайрагүлге «Босқын мәртебесін» алып беру ісі осы ретпен жалғасып келе жатқан.

Айтпақшы, 2018 жылдың 31-қаңтары күні Сайрагүл Сауытбай адвокат Абзал Құспанның жазып берген талап-арызын алып, Талдықорғанға барған.

Екінші әңгіме: Сайрагүлдің сатқындығы

Біз тақырыпты «Сайрагүлдің сатқындығы» деп қойдық. Неге? Айтаймыз…

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, Сайрагүл Сауытбай облыс орталығына кеткен күні, оның жұбайы Уәли Сламұлы екі баласын ертіп, еңкілдеп еңіреген күйі Қазақстанда заңды тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының кеңсесіне барып, босағасын күзетіп, сұхбат берді.

1 сағат, 36 минут, 53 секундтық сұхбат қазір әлеуметтік желіні шарлап жүр. Онда Уәли Сламұлы адвокат Абзал Құспанның хабарсыз кеткендігін (А.Құспанның отбасында қаралы жағдай болғанын біле тұра-ред.) айыптап, адвокаттық қызметі үшін Абзал Құспан мен журналист Сәуле Әбілдаханқызына ақша төлегенін айтады.  Адвокат Абзал Құспан мен журналист Сәуле Әбілдаханқызының атына қарата бірнеше жағымсыз пікірлер айтқан.

Сырт көз сыншы деген, есім-сойын ел білмейтін Серікжан Біләшұлының жұмыстарын қазақстандық аудиторияға дәріптеу мен Сайрагүл Сауытбай мәселесінде жарғақ құлақтары жастық көрмей жүгірген Абзал Құспан, Сәуле Әбілдаханқызы, Нұргелді Әбдіғаниұлы екенін есті жұрт онсыз да жақсы біледі.

Ал Уәли Слам мен мыңмен жалғыз алысқан «жеке батыр» Серікжан Біләшұлының сұхбаты жоғарыдағы аттары аталған азаматтардың еңбегін жоққа шығарып, қаралау мақсатында қасақана ұйымдастырылса керек. Көп жұрт солай түсінді.

Сайрагүлдің бірінші сатқындығы

Сайрагүл Сауытбайдың жұбайы Уәли Слам «Атажұрт» ұйымының басшысы Серікжан Біләшұлына барып, жылап-еңіреген күйде адвокат Абзал Құспанға ақша бергенін, Абзалдың көп уақыттан бері (соңғы бір айда) Сайрагүлге хабарласпағанын, қарайласпағанын айтып айыптады.

Адвокат Абзал Құспан Уәли Слам мен Серікжан Біләшұлының өзін және Сәуле Әбілдаханқызын нақақ қаралаған видео-сұхбатын терістеуді талап етті.

Сайрагүл қайтті? Серікжан Біләшұлының видео-сұхбатын және онда айтылған негізсіз айыптауларды терістеуден бас тартты.  Есесіне, «фейсбук» желісінде видео үндеу таратты. Сайрагүлдің Абзал Құспаннан кешірім сұраған үндеуін ықшамдап бердік. Мағынасы мынаған саяды: «Осының барлығы менің қиын тағдырымның кесірі болып, бұған мен кінәлі болдым. Сондықтан адвокатым Абзал Құспаннан жұбайымның артық кеткен жерлері болса, жұбайымның атынан кешірім сұраймын. Жұбайым Уәли Сламұлы адвокатым Абзал Құспанның адамгершіліге, ұлтжандылығына, азаматтық ұстанымына дән риза. Менің тағдырым қыл үстінде тұрған кезде Абзал Құспан азаматтық танытып, «Сайрагүлдің жұмысын өзім қолыма аламын, аяғына шығарамын» деп еді. Маған екінші рет өмір сыйлап еді. Абзал Құспанға алғысымыз шексіз», деп қайырды.

Біріншіден, Сайрагүл Абзал Құспан мен Сәуле Әбілдаханқызына ақша бергенін терістеген жоқ. Екіншіден, «жұбайымның артық кеткен жері болса» деп күмәндана сөйлеп, әлемжеліні шулатқан әлгі сұхбаттан еш сөкеттік көрмейтінін білдірді.

Сайрагүлдің екінші сатқындығы

Арада күн өтпей, Сайрагүл Сауытбай өз тағдырына алаңдап, шыр-пыр болған Сәуле Әбілдаханқызын жерден-алып, жерге-салған видео үндеу жариялады. «Сәуле мені Абзалмен кездестірмей, кездесуіме бар ынта-шынтасымен кедергі жасады. Менің баспасөзге шығуыма қарсы болды», деп сөкті. Өте-мөте пәскене түрде ас ішкен құдығына түкірген қылық танытты.

Ал Сәуле Әбілдаханқызы өз кезегінде Абзал Құспанның қызының қаза болуына байланысты, Абзалдың өз өтініші бойынша сәлемін Сайрагүлге жеткізіп бергенін айтты.

Түйіндей келе айтпағымыз, Сәуле Әбілдаханқызы отбасына түскен ауыр қазадан қайғы құрсауында отырса да (айналдырған аз уақыттың ішінде інісінен, ұлынан, әкесінен, әпкесінің ұлынан айырылған-ред) бар мәселені ысырып қойып, күні-түні шапқылап жүріп, Сайрагүлдің мәселесін қоғам талқысынан түсірмей жүрді. Қаншама мақала, қаншама видео ақпараттарды таратты. Сайрагүлдің сот процессінде адвокаттың физикалық түрде үлгермеуіне байланысты құжаттарды толтыру ісін де жүргізді.

Сайрагүл Жаркенттегі уақытшы тергеу изоляторында жатқанда, артынан іздеп барған да Абзал, Сәуле, Нұргелді еді. Ыңғайсыз болса да айтайық, Сәуле Сайрагүлдің түрмеден шыққан іш киіміне дейін өзі жуып тазалап, тазаларын сатып әперіп жүрді. Оған да мына жұрт куә.

«Егер Үкімет Сайрагүлді босатпаса, мен аштық жариялаймын» деген де Сәуле Әбілдаханқызы еді.

Алматыда үйсіз-күйсіз жүрген Сайрагүл мен оның отбасына баспана алып беру мақсатында, белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспановқа да хат жазып, үй сұраған осы Сәуле Әбілдаханқызы еді.

Өкінішке орай, Сайрагүлдің жұбайы Уәли Слам «Атажұртқа» барып адвокат Абзал Құспан мен журналист Сәуле Әбілдаханқызын соншалық қаралайтындай не түлен түртті дедік, біз. Артынша жұрт болып қоғап шыққан Сайрагүлдің өзі де Сәуле Әбілдаханқызын қаралап сөйлеген видео үндеу жариялады. Жұрт сенген Сайрагүлдің бұл қайткені, дедік тағы.

Серікжан Біләш Уәли Сламның психикалық дерке шалдыққан күйін пайдаланып отыр ма?

Естеріңізде болса, Сайрагүл тұтқындалып кеткеннен кейін Уәли Сламұлы екі баласын ертіп кеп, Алматыдағы Адам құқықтарын қорғау ұйымының кеңсесінде (Жовтистің кеңсесі-ред) баспасөз мәслихатын өткізген еді.

Сайрагүл Сауытбай 2018 жылдың 21-мамырында тұтқындалған. 23-мамыр күні «Abai.kz» ақпараттық порталында Сайрагүлдің қайын інісі Нұрболат Асанның араша сұраған мақаласы жария болды.

Ал 25-мамыр күні Уәли Слам баспасөз мәслихатын өткізді. Сол баспасөз жиынында Уәли Сламұлы өзінің және отбасының жағдайын егжей-тегжейлі баяндап берген. Өзінің Қытайда ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарғанын, миының шаршауына байланысты медициналық анықтама алып, уақытынан бұрын зейнетке шыққанын хабарлап айтқан.

Сайрагүл Сауытбайдың ойда-жоқта жолдан тайып, адвокаты Абзал Құспан мен журналист Сәуле Әбілдаханқызына қатысты жаптым-жала, жақтым-күйе деп сөйлеуіне басқа-басқа емес, дәл осы Серікжан Біләшұлының арандату мақсатында жасалған сұхбаты тұрса керек. Әлеуметтік желіде осыған саятын пікірлер көптеп айтылып жатыр.

Сонда Қытайдың этникалық қазақтарға жасаған залым саясатын жалғыз жүріп жер жаһанға әшкереледім деп жүрген Серікжан Біләшұлы (жапсырма аты Жарқын Жеті-ред.) Уәли Сламның денсаулығының кемістігін өз ойынына пайдаланып отыр ма?

Жалпы Серікжан Біләшұлына қатысты жұрт ішінде қаңқу сөз көп. Ол кім? Ол басқаратын «Атажұрт» ұйымы неліктен әлі күнге тіркелмеген? Серікжан Біләштің (Жарқын Жеті-ред.) Қытай арнайы барлау қызметінде 7 жыл агент болғаны рас па? (Бұндай ақпаратты «фейсбукте» Анар Сатай жазды).

Серікжан Біләштің түпкі мақсаты қандай? Бұл туралы алдағы уақта кеңірек жаза жатармыз…

Айдын Серікұлы

 

Редакциядан: Автордың көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейтінін ескерте келе, қарсы тараптың да ой-пікіріне порталымыздан орын беруге дайынбыз.

1 пікір

  1. Жаратқан Алланың мейрімімен шапағаты болсын!
    Ел не айтса да оған бола елеңдеп кетпеймін, 2018 жылдың Сәуле үздік журналисті, Сайрагүл мегранты, Абзал жыл адвокаты.
    Қазақтың бозторғайы болып шырылдап жүрген Сәулеге, Абзалға алғысымыз шексіз, үреймен үміт, жұмыссыздықпен жоқшылық, пана іздеген торғайдай болып жүрген Сайрагүл ге де сын айта алмаймыз, басқа түспегесін білмейміз ғой?!

    PS: Осындай қызу талқыға түсетін өсек аяңның қызғын пікірталас болатынын, сайттың көрлімі саны молайып, қаржысы көбейетіндігі даусыз, дауды сатып алып керекке жарататын күнге де жеттік әйтеуір.

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Тоқаев: Жұрт кедейліктен көшеге шықты

«Шеруге қатысқандарға тоқталсақ, олар шынымен де наразылық танытып, көшелерге шықты. Қазіргі уақытта олардың талаптары бойынша ...