Тағы да Ақтөбе. Тағы да пышақтасу

1696
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбеде гуманитарлық колледждің 17 жастағы студенті пышақтан жараланып ауруханаға түсті. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 29 қаңтар күні екі колледж оқушылары өзара кикілжіңге келіп, бір студент екіншісіне пышақ сұғып алған.

Полиция бұл дерек бойынша жергілікті колледждердің бірінде оқитын 16 жастағы студент ұсталғанын хабарлады. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 106-бабы («денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша іс қозғалған.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, 29 қаңтар күні өткір заттан ауыр жараланып ауруханаға жеткізілген жасөспірім есін жиған. Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты.

Жәбірленуші — Ақтөбедегі гуманитарлық колледждің 3-курс студенті. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлбарша Жиенқұлованың айтуынша, жараланған студент колледж жатақханасында тұрмайды. Колледжге туыстарының үйінен қатынап оқиды.

Ақтөбеде биыл жасөспірімдер жанжалдасып, бір-біріне пышақ салған осымен екінші оқиға тіркеліп отыр. 10 қаңтар күні Ақтөбенің ескі зират аумағында 40 шақты оқушы төбелесіп, арасында жергілікті университеттің бірінші курс студенті жараланған. Бұл оқиғадан соң Қылмыстық кодекстің «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ал 26 қаңтарда Ақтөбе облысының Шалқар қаласында екі мектептің жоғары сынып оқушылары төбелесіп, бір оқушы екіншісіне пышақ салған. 10 сынып оқушысы ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілген соң ұзамай қайтыс болған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Пікірлер