Қажылық пен умраға апаратын «Кәусар тревел» туристік компаниясына қатысты тергеу басталды. Осыдан бір апта бұрын Шымкентте, бүгін Алматыда бір топ азамат аталмыш турфирмаға алдандық деп арыз жазған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «КТК» арнасына сілтеме жасап.
Қазіргі таңда 300-ден аса адам алданған. Басым бөлігінің Мекке мен Мәдинаға ұшу мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Енді өзгелері турфирманың былығы көп екенін біліп, қомақты қаражатын қайтарып беруді талап етіп отыр.
Былтыр 73 жастағы Жасқайрат Әмірғалиев жұбайымен жұбын жазбағанына 45 жыл толыпты. Соның құрметіне ұл-қыздары 1,2 миллион теңгеге Умраға жолдама сатып алып берген. Мерзім бойынша екеуі қазір киелі жерде болуы керек еді. Бірақ ақсақалдың турфирма кеңсесінің алдында айналшықтап жүргеніне бір аптаға жеткен.
"Ақша да, жолдама да, қажылық та жоқ. Далада қалдық. Бастығы Медет Мекебай деген жігіт екен, 27 жаста. Сол кісінің өзіне жолықтым, айттым. "Ертең ақшаңыз түседі, болады". Сонымен әлі жүр. Миыма еш қондыра алмаймын. Себеп не? Бұлар енді Алланың жолында жүрген адамдар, сүттен ақ, судан таза деп есептейтін едім. Қазір енді көңілім қатты қалып отыр", - дейді ол.
Алданған адамдардың әрқайсы жолдаманы 500-600 мың теңгенің төңірегінде сатып алыпты. Бәріне бірдей осындай төленді деген бір жапырақ қағаз ғана ұстатқан.
"Біз үш билет алғанбыз. Жолдас балам үшеу алды. Жалпы, алты билет. Мен анама, жеңгеме, қызыма алғанмын. 23-і ұшу керек болған. 23 күні кеңсесіне келдік. Ол кісі: "10 миллион бар, соны таратам" деп айтты. Ақшасын қайтарсын дегендер ЖСН берсін деді. ЖСН бердік, ақшаны қайтармады", - дейді Алматы тұрғыны Ермұрат Бимұрзаев.
Журналистер "Кәусар тревелдің" әлеуметтік желіде тұрған нөміріне қоңырау шалып көрген, алайда ол өшірулі болған. Сөйтсе компания ешбір жерде тіркелмеген, не лицензиясы жоқ.
"Умра мен қажылыққа апаратын компаниялар да "Туристік қамқор" қорының тізімінде тұрады. Осыған назар аудару керек. Ал "Кәусар тревел" компаниясы тізімде жоқ. Тіркелмеген. Тұрғындар қызмет көрсетудегі заңбұзушылыққа тап болған сияқты. Бұл компанияға жүгінер алдында туристік кодты талап етуіңіз керек еді", - деп түсіндірді "Туристік қамқор" қорының төрағасы Инна Рей.
Алданғанын кеш түсінген жұрт полицейлерге жаппай арыз жазды. Бүгіннен бастап тәртіп сақшылары аталмыш компанияға қатысты тергеуді бастады.
"Алматы ПД, Медеу ауданы ПБ-на бір күн бұрын екі адам арызданса, бүгін тағы сегіз жәбірленуші арыз жазған. Мән-жайы жан-жақты зерделеніп, ҚР заңнамасына сәйкес, одан әрі шара қолданыла отырып, құқықтық баға берілетін болады", - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.