Қазақша сауатты жаза алмаса да, ақша табатын кәсіпкерлер депутат болады - Есболат Айдабосын

1131
Adyrna.kz Telegram

"Ісі ілгерілеп жатқан кәсіпкерді аламыз да депутат қылып жібергіміз келіп тұрады. Осы жолғы сайлауда да сол қарақтар алғы шепте болатын сықылды ғой. Содан кім ұтады? Не болады?" Бұл пікірді белгілі тележурналист Есболат Айдабосын өзінің фейсбук парақшасында қалдырды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Бір депутаттың көмекшісі айтады: "депутатым не қазақша, не орысша сауатты жаза алмайды. Уатсаптағы хаттарын оқысаң күлкіден өлесің" дейді. Бірақ жазуды білмесе де ол ақша табуды білетін кәсіпкер адам. Депутат болғысы келмесе де жоғарыдан қолқалап болдырып жіберген деседі. Жалпы біз адамды жұмсауды білмейміз. Ісі ілгерілеп жатқан кәсіпкерді аламыз да депутат қылып жібергіміз келіп тұрады. Немесе кәсіпкерлеріміздің өзі депутат болғысы келіп жанығып жүреді. Айтыс, әдебиет пен мәдениетке, спортқа демеуші болады, меценат атанады. Бір күні қарасаң көшеде "МАҒАН ДАУЫС БЕР, ХАЛҚЫМ" деген билборды ілулі тұрады. Өтеді ғой, өткіземіз ғой өйтіп-бүйтіп (бір қызығы депутат болған соң меценаттығы да тоқтай қалады). Осы жолғы сайлауда да сол қарақтар алғы шепте болатын сықылды ғой. Содан кім ұтады? Не болады? Қыңыр ойым айтады: ол саясат деген ми батпаққа батады да кетеді. Батпаса да есіл уақытын өзі түсінбейтін тақырыптар бойынша баяндамалар тыңдап, заңдарға шұқшиумен өткізеді дейді. Жаны бар қисын ба деймін. Ол уақытын бизнесіне жұмсағанда оған да, елге де пайдалы болар ма еді?! Содан болар біздің бизнес деген түсінігіміз коммерцияның айналысынан аспай жатқаны, мейрамхана, тойхана ашқандарды бизнесмен деп танып жүргеніміз. Отыз жылда шетел нарығына қанша бизнес өкілі шықты, олигархтарды есептемегенде?.. Қанша кәсіпкер, меценат бизнестен саясат сахнасына секіріп кетті? Ал саусақты бүгіп, санап жіберейік, қайсысы көп екен", - деп жазды Есболат Айдабосын.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket