Home » Спорт » Қонысбаев аты-жөнін қазақшалауға қарсы

Қонысбаев аты-жөнін қазақшалауға қарсы

Футбол – өзге елдерде мемлекет қазынасына миллиондаған қаржы құйып отырған табыс көзі. Ал бізде ел бюжетінің майлы жілігін мүжіген масыл спорт. Атақты «Global Sports Salaries» компаниясының жақында ғана жариялаған мәліметінше, Қазақстан Премьер лигасы футболшыларға жалақы төлеуден әлем бойынша 25-шы орында тұр екен. Елімізде доп тебетін футболшылар орта есеппен жылына 148 513 доллар (айына 12 376 доллар) табыс табады. Шетелде футболшыларға төленетін жалақы қарапайым халықтың қалтасынан шықпайды. Әр команданың жеке иесі, өз демеушісі бар. Ал біздің елде бірнеше жүз футболшыға жылына 150 мың долларды халық төлеп беріп отыр.

Қарапайым халық ауызынан жырып берген ақшаға семірген футболшыларымыз аспанда қалқып жүр. Еуропа түгілі Ресейде доп тебе алмайтын біздің қатардағы футболшылар өздерін қол жетпес «жұлдыз» санайды. Халықтың есебінен жүргендерін ұмытып, халық алдында жауап бергісі келмейді. Біздің елдің футболшыларынан сұхбат алу әлемдік деңгейдегі атақты адамдардан сұхбат алғаннан қиын. Мәселен дәл осы футболдағы басты жүлде «Алтын доп» сыйлығын бес реттен алған Криштиану Роналду мен Лионель Месси тілшілерге сұхбат беруден бас тартыпты дегенді әлі естіп көрген жоқпыз. Сұхбат беру деген істеп жатқан ісіңнен ел алдында есеп беру екенін біздің футболшылар ешқашан түсінбес.

Ел алдында есеп беру былай тұрсын, қазақстандық футболшылар әнұран айтудан да намыстанады. Ұлттық құрамалар арасында матч басталарда қарсылас екі елдің әнұраны орындалатын дәстүр бар. Қазақстан құрамасы кіммен кездессе де қарсылас құраманың футболшылары өз елінің әнұранын жан-тәнімен айтып тұрады. Қарап қызығасыз. Ал біздікілер ернін жыбырлатудан аса алмайды. Кейбірі тіпті ернін де қозғамайды. Егер осы сөзімізге күмәнмен қарасаңыз, ғаламтордан Қазақстан құрамасының кез-келген матчын қайталап көріңіз.

Ұлан Қонысбаев деген футболшы бар. 2016 жылы ауыр жарақат алып, жасыл алаңға былтыр ғана оралды. Негізі тәп-тәуір ойыншы. Жақында сол футболшы өзінің Instagram stories-ында сурет жариялады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен салтанатты іс-шараға футболшыны шақырған екен. Ұланның өкінішіне орай арнайы шақыру билетіне оның фамилиясы Қонысбай болып жазылып кеткен. Ал өз тегінің Қонысбаев болып жазылғанын мақтан көретін біздің жігіт ұйымдастырушыларға “Қонысбай” деп жазу қате екенін ескертіпті.

Шақыру билеті ресми құжат емес. Оның үстіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан жиналыс. Демек Ұлан Қонысбаев дегенді Ұлан Қонысбай деп жазудың еш оғаштығы жоқ. Оған бола сый-құрметім түсіп кетті деп санаса футболшының ой-деңгейінің дәрежесі осы деген сөз. Айтпақшы, неге бұлай жазғанын футболшының өзінен сұрадық. Алайда жоғарыда айтқанымыздай, өздерін өте мәртебелі санайтын қазақстандық футболшылар ешқашан сұраққа жауап берген емес.

Есімін қазақшалаудан ат-тонын ала қашқан футболшы жалғыз Ұлан емес. «Астана» командасының жартылай қорғаушысы Серікжан Мужиков деген жігіт бар. Байқап отырғандарыңыздай тегі Мужиков деп жазылып тұр. Ал бұны футболшының өзі арнайы талап еткен. “Барлық БАҚ өкілдері тегімді «Мұжықов» емес «Мужиков» деп жазсаңыздар екен” деп сұхбат берген осыдан екі-үш жыл бұрын. Сөйтіп Серікжан орыстың «мужик» деген сөзі үшін атасының атын ауыстыра салған.

Сөз соңында бразилиялық атақты футболшы Роналдоның отаншылдығы жайлы айта кетейік. Әлем футболының аңызына айналған «қасқа тіс» Бразилия құрамасымен бірге екі мәрте әлем чемпионы атанған. 2002 жылғы әлем чемпионатында топ жарған соң Роналдо журналисттерге берген бір сұхбатында: «Мен енді Бразилияға қарыз емеспін» деген көрінеді. Қарапайым футболшы болса да Отан алдында өтейтін борышы бар екенін осылай сезіну керек. Бірақ, есімін ана тілінде жазудан намыстанып жүрген біздің футболшылардан бұндай ерлік күтудің өзі күлкілі.

Prosports

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Үстел теннисі

“RÝH MARAFON” спартакиадасы аясында біздің спорттық турнирлер жалғасуда. Бүгін Қазақстан Үстел теннисі федерациясының базасында үстел ...