Алматыға шахматтан әлем чемпионы Магнус Карлсен келді

2531
Adyrna.kz Telegram
Фото: Қазақстанның шахмат федерациясы
Фото: Қазақстанның шахмат федерациясы

Шахматтан әлем чемпионы Магнус Карлсен Алматыға келді. Бұл туралы Қазақстанның шахмат федерациясы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әуежайда оны жас жанкүйер – шахматшы Дилайла Сәдуақасова күтіп алған. Дилайла блиц бойынша Қазақстан Республикасының чемпионы, 2019 жылғы Карпова кубогының иегері, Халықаралық шахмат федерациясының FIDE сыйлығының иегері. Мұнымен қоса ол әлем чемпиондары туралы әңгімелейтін "Дилайламен шахмат хикаялары" атты бірегей мәдени-ағартушылық жобасын жасағаны үшін марапатталған. Қонақты қарсы алуға келген әйелдер арасында Дилайла жалғыз бала. Айта кетсек, FIDE 2022 жылды шахматтағы әйелдер жылы деп жариялаған болатын.

"Мен Магнус Карлсеннің мансабына қайран қаламын және оның чемпион ретінде қалыптасуына әкесі үлкен рөл атқарды деп ойлаймын. Мені де отбасым үнемі қолдайды, олардың қолдауынсыз жетістікке жетпес едім. Мен Магнустан ғана емес, оның әкесінен де қолтаңба алдым", - дейді тоғыз жасар Дилайла.

Айта кетейік, шахматтан әлем чемпионаты Алматыда 2022 жылдың 25-30 желтоқсанында өтеді. Әлемнің 50 елінің жетекші шахматшылары титулдар үшін таласады. Турнирді ұйымдастырушылар – FIDE мен Қазақстан шахмат федерациясы. Турнир Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өтеді. Чемпионат Алматы қаласы әкімдігінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізілмек. Жүлде қоры – 1 миллион доллар.

Пікірлер