Оның сөзінше, қызметінен кету жайлы шешімді ол бір күнде қабылдамаған. Ал алдағы уақытта ағартушылық, шығармашылық қызметпен алаңсыз айналысып, еліне қызмет етуді жалғастыруды жоспарлап отыр.
"Шымкент қаласы әкімдігінен жұмыстан шықтым. Әкімнің бірінші орынбасары лауазымына сонау ковид өршіп тұрған дағдарыс кезінде, 2020 жылғы шілде айында келіп едім. Екі жарым жылға жуық жұмыс істеппін. Одан бері небір қызық, небір қиыншылық өтті. Оның ішінде әрине Қаңтардың орыны ерек. Бұл шешім бір күнде туған жоқ. Біраздан бері пісіп жетілді. Бірге қызметтес болған әріптестер мен ұжымға бек рақмет! Әзірше ағартушылық пен шығармашылыққа ден қоймақпын. Асылы, мемлекеттік қызметтен тыс жүріп те мемлекетке қызмет етуге болады", - деп жазды Шыңғыс Мұқан.
Орайы келгенде айта кетейік, Шыңғыс Мұқан Шымкент әкімінің бірінші орынбасары лауазымына 2020 жылғы 29 шілдеде тағайындалды. Еңбек жолын "Жас Алаш" газетінде тілші болып бастаған. Әр жылдары энергетика және минералды ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы, "Жайық-пресс" ЖШС-інің бас директоры, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, Атырау облысы әкімінің орынбасары, KazPetroDrilling АҚ-ның корпоративтік даму бойынша вице-президенті, "Мазмұндама" қоғамдық қорының төрағасы қызметтерін атқарған.
Шыңғыс Мұқанға жаңа белесті еңсеру мен еліне қызмет ету жолында толайым табыс тілейміз! Абыройы асқақ, мерейі үстем болсын!
"Адырна" ұлттық порталы