Қаңтар оқиғасына қатысты жүргізілген тергеулер аяқталуға жақын. Мұндай мәлімдемені Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Қаңтар оқиғасын тергеу аяқталып келеді. Бүгінде 1 249 қатысушы сотталды. 160 адам бас бостандығынан айырылды. Қалғандарына жеңіл жаза тағайындалды», – деді Тимур Тәшімбаев.
Сондай-ақ ол ҰҚК-нің экс-төрағасына қатысты қозғалған қылмыстық іске тоқталды.
«Мәсімов және басқа да басшыларға қатысты істер сотқа жіберілді. Олар билікті басып алуға, мемлекетке опасыздық жасауға және биліктен асып кетуге тырысты деп айыпталуда. Билікті асыра пайдаланды деген экс-министр Бектановтың ісі де сот қарауында», – деді орынбасар.
Тимур Тәшімбаевтың айтуынша, Мұрат Бектановтың да ісі сотта қаралып жатыр. Оған да қызметін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр.
Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адамның қаза тапқаны айтылады. Оның ішінде балалар мен әйелдер де бар, 19-ы құқық қорғау қызметкері.
"Адырна" ұлттық порталы