2019 жылғы ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалатынын атап өткен жөн. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді.
Қаңтар, наурыз айларында өтетін тестілеуді талапкер ҰБТ өткізілетін өзіне ыңғайлы кез-келген пунктіде тапсыра алады. Тек тестілеуге қатысу үшін ҰБТ өткізу пунктіне көрсетілген мерзімде өтініш беру қажет.
Еске сала кетейік, 2018 жылдан бастап әр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге, білім беру бағдарламаларының тізімі, бөлінген гранттардың саны, сондай-ақ, өткен жылғы гранттар конкурсының нәтижелері жазылған ақпараттық парақша беріледі. Аталған ақпараттық парақша түлекке өзінің болашақ мамандығын таңдау кезінде көмек болады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу — Қазақстан Республикасында қолданылатын мектеп бітірушілердің білімін бағалау жүйесі. ҰБТ-ның нәтижесі қабылдау емтиханы ретінде колледждерде, ЖОО-ларда есептелінеді. Сондай-ақ, ҰБТ-ның балдары «Болашақ» президенттік стипендиясын алуға жарамды.
ҰБТ алғаш рет 1999 жылы енгізілді. 2017 жылға дейін ҰБТ үш функцияны атқарды: 11 жылдық оқуды аяқтау қорытындысы ретіндегі бітіру емтиханы, жоғары оқу орындарына түсу емтиханы және түлектерге мемлекеттік гранттарды тағайындау механизмі. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі, ал ҰБТ – жоғары оқу орнына түсу және мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қалып отыр.
ҰБТ бір кезеңнен тұрады және 140 балдық межемен бағаланады. Оқушылар бір күнде үш міндетті пәннен (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) — әрқайсысында 20 тапсырмадан және екі бейінді пәннен — әрқайсысында 30 тапсырмадан тест тапсырады.
2019 жылы ҰБТ 16-шы рет өткізіледі. Осы жылдар ішінде ҰБТ-ға 1,5 млн астам мектеп бітіруші қатысқан. Бұл барлық мектеп бітірушілердің 80%-ын құрайды