Ерлан Қошанов партияның жаңа мүшелеріне партия билетін тапсырды

914
Adyrna.kz Telegram

Бүгін «AMANAT»-тың барлық өңірлік филиалында партияға салтанатты қабылдау рәсімі өтті. Елордада Орталық аппаратта жұмысшы мамандықтар, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, БАҚ, ШОБ және басқа да салалардың 50-ден астам белсенді өкілі «AMANAT» Төрағасының қолынан партия билетін алды. Жалпы жыл басынан бері 29 мыңнан астам адам «AMANAT» партиясының қатарына қосылды.

Кездесу барысында Ерлан Қошанов «AMANAT» қатарында 800 мыңнан астам қазақстандықты біріктіре отырып, жаңа жағдайда өзінің көшбасшылығын сақтап қалғанын атап өтті.

«Бұл шешімді әрқайсыңыз ойланып, толғанып, жүректен өткізіп барып қабылдады деп ойлаймын. Өйткені, бұл – үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Біздің мүддеміз бір, мақсатымыз бір. Ол – елдегі тұрақтылықты сақтау, Тәуелсіздігімізді нығайту, ұлтты біріктіру. Қоғамды Мемлекет басшысының төңірегіне топтастыру. Бұл жолда бәріміз бір кісідей жұмылуымыз керек», - деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ «AMANAT» Төрағасы биыл партия ауқымды жаңғыртудан өткенін атап өтті. Атап айтқанда, партияның жаңа саяси тұғырнамасы бекітілді, онда мемлекеттің басты байлығы адам екендігі нақты көрсетілген. Белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, барлық азамат үшін тең мүмкіндік жасауға, жасампаз еңбек идеясын ілгерілетуге бағытталған және т.б. бірқатар партиялық жоба мен бастамалар іске асырылуда.

Бүгін партия қатарына осы жылдың мамырында терезеден құлайын деп тұрған 3 жасар баланы аман алып қалған Сәбит Шонтақбаев пен шілде айында жанып жатқан ғимараттың төбесінен Мемлекеттік Елтаңба мен Туды алып шыққан Мұхамед Қансейіт қосылды.

Сонымен қатар «AMANAT»-қа қабылданғандардың қатарында волонтер Ариана Белобжицкая, «Sensitive» естімейтін бишілер театрының әртісі Айнұр Саинова, әнші Қанат Үмбетов, металлург Никита Екель, КАЗГЮУ Университеті Басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова, продюсер Айсәуле Әбілда, әнші Қарақат Әбілдина және музыкалық продюсер Қыдырәлі Болманов, журналистер Дархан Әбдіуахит,  Мейрамгүл Мәдәлі бар.

Сондай-ақ, бүгін партияға хирург Олжас Жаналы, мұғалім Жадыра Шәбден, актриса Дариға Бадықова, қоғам қайраткері Бибігүл Нұрашева, шаруа қожалығының басшысы Қайрат Қоджахметов, актерлер Болат Әбділманов пен Дулыға Ақмолда, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов, «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбек және басқалар кірді.

Музыкалық продюсер Қыдырәлі Болманов атап өткендей, Әділетті Қазақстанды құру жолында еліміздің барлық азаматы бірігуі тиіс.

«Біздің мақсатымыз бір – ол Көк байрағымызды биікте желбіретіп, Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету. Біздің Отанымыз бір, туымыз бір, идеологиямыз бен мәдениетіміз ортақ. Сондықтан еліміздің еңсесі бұдан да биік болуы үшін жинаған тәжірибеміздің бәрін ұсына отырып, жанымызды салып жұмыс істеуіміз қажет»,- деді ол.

«Ана мен бала» қайырымдылық мекемесінің директоры Әлия Сәтбаева да өз ойын ортаға салды.

«Мен Алматы облысындағы Елтай деген шағын ауылдан келіп отырмын. Жолдасым екеуміз волонтерлікпен белсенді айналысамыз. Бізді бірінші болып «AMANAT» партиясы қолдады. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Партияның арқасында апта сайын жүздеген мұқтаж адамға көмек беріп жатырмыз», – деді ол.

Айта кетейік, «AMANAT»-тың барлық өңірлік филиалында партия билетін 1500-ден астам адам алды. Жалпы жыл басынан бері 29 мыңнан астам қазақстандық партия қатарын толықтырды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket