Жоғары жақ портфель бөлісіп, төменгі жақ нан бөлісіп жатыр

1867
Adyrna.kz Telegram

Жоғары жақ портфель бөлісіп, төменгі жақ нан бөлісіп жатыр. Қашанға дейін?..

⠀ ⠀⠀ ⠀. *
Жылағым келген. Жас таба алмадым.
⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀
⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀ *
Ақша да адамды арақ сияқты мас қылады екен. Қазақстанда осындай «мастар» тым көбейіп кетті. Қолдарына түсіп қалудан біртүрлі қорқасың.
⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀
⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀ ⠀*
– Шүкір, біздің тұқымнан бақсы мен ақын шыққан жоқ, – деп бір көкеміз мақтанып тұрды.
⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀. *
Аз халықтың серкесі болғаннан, көп халықтың еркесі болған жақсы екен ғой.
⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀
⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀ *
Халықты жоқшылық емес, тоқшылық құртады. Аздырады. Бұл – ерте дүние тарихынан мәлім құбылыс.

⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀ *
Бір жарық жұлдыз туса, міндетті түрде қарсы жұлдыз туады. Бұл аспан әлемінде дәлелденген шындық. Осы қарсылықты өмірде де көп көрдім.

*
Талғамсыз көп тобыр үшін жаза алмай қойдым. Ал олар мен сүйген биіктікке көтеріле алар емес. Екі ортада ауасыз бос вакуум жатты. Біріміздің даусымызды екіншіміз ести алмадық. Сонда санаулы топ үшін ғана қалам ұстаймын ба?!

⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀ *
Бір бақыт маған да келе жатқан шығар деп жол бойында ұзақ тостым. Жоламай қойды. Мені Батыраш пен Қотыраш деп ойлайды-ау деймін.

⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀ *
Аман-саулық сұрасқан бір танысқа: «Жүріп жатырмыз, уақытша», – деп ем. Шошып кетті.
– Қалайша уақытша? – деп.
Оған не айтуға болады?

⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀ *
Таңертең айнаға қараймын. Бетінде ит тірліктің ізі қалған бір шал тұрады. Басымды алып қашамын. Барлық жас дәурен айнаның арғы жағында қалған сияқты.

⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀ *
Абай атам «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп қырық жастан өте бере жазыпты. Нағыз қайраты тасқан кез ғой. Неге олай айтты деп көп ойландым. Ақыры өзінен жасы үлкен Ділда шешемізді алған соң көңілі қартайып қалған шығар деп шештім.
⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀
⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀ *
Той-топырда жастарға жұрт сияқты «Бақытты болыңдар» деп тілек айтамын. Бақыттың не екенін шындап келгенде өзім де білмеймін. Бәлкім, біздің жақта жоқ зат шығар?!

⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀*
Махамбеттің басын шауып жібергенде жерге домалап, «Қап, қап, қап!» деп сөйлеп бара жатты деседі. Алқұлым шақта біздің аузымызға қандай сөз ілінер екен?

⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀*
«Ақырын тіле» десетін бұрынғы шалдар. Аллекем алжытпай алса екен.
Молда дем салып, жанымызда медет тілеп жәудіреп отырған ұрпағымызға тірлікте жасаған кінә мен күнәмізді тізіп айтып, масқара болмасақ жарар...

⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀ *
Теңіз де кірлейді. Айдын бетін шөп-шалам, сынған ағаш, өлген балық пен құс, төгілген мұнай қалдығы басады. Күндердің күнінде дауыл көтеріледі. Толқын біткен арыстан жалданып өкіріп-бақырып жағалауға ұмтылады. Әлгі кір-қоқыстың бәрін әкеліп адамдардың өзіне лақтырады. Тазарып барып тыным табады. Сосын бәз-баяғы қалпында жарқырайды да жатады.
Біздің қоғам да тап осындай тазаруды күтіп тұр.
⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀ *
Бір топ үйрек бір көлді тастап, дүр етіп көтеріліп, екінші көлге қарай ұшып барады дейді. Жолай сұңқар кезігіп сұрайды: «Қайда бет алдыңдар?» – деп. Сонда үйректер: «Құрысын, мына көл сасып кетті. Ана көл таза, соған барамыз», – деседі. Сұңқар айтты дейді: «Мына көтендерің аман болса оны да сасытарсыңдар», – деп.
Облыстан облысқа, министрліктен министрлікке ұшып-қонып түк бітірмей жүрген біреулерді көрсем ылғи да осы әпсана есіме түседі.

Рахымжан Отарбаев

Пікірлер