Француздық «Dualest» компаниясы «Moonbikes» компаниясымен бірлесе отырып, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында қарда жүретін әлемдегі тұңғыш электрлі «Moonbikes» көлігінің тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Dualest France өзінің іскерлік кеңістігін кеңейтіп, қазір Орталық Азия мен Кавказ нарығына шығу үшін Қазақстанды бастапқы нүкте ретінде таңдап отыр.
Айта кетейік, «Moonbikes» электрлі қарда жүретін көліктер Қазақстандағы қысқы туризмді дамытудың заманауи шешіміне айналмақ. Бұл өнім ел тұрғындары мен қонақтардың ашық ауада серуендеуге деген қызығушылығын арттырады, сонымен қатар ішкі туризмді дамытуға ықпал етеді.
Moonbikes электрлі қарда жүретін көліктерінің қабілеттері мен күші қысқы спорт мамандарын да таң қалдырды. Қарда жүретін көліктердің үлкен артықшылықтары бар. Олар: қоршаған ортаға зияны жоқ, артық шу шығармайды және әртүрлі жылдамдық режимдері бар.
Dualest компаниясының негізін қалаушы - Guillaume Dubuis аймақтық директоры Саша Ортнер Гийоммен бірге арнайы тұсаукесерге Франциядан келіп, барлық қатысушылар үшін тест-драйв өткізді.
Сондай-ақ, тұсаукесерге Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және Францияның кәсіпкерлері қатысты. Әрбір қонақ электрлі қарда жүретін көліктерді жеке сынап көру және жарқын эмоцияларды сезіну мүмкіндігіне ие болды.
Тұсаукесер Франция Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды.