Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі және жазу динамикасы

4688
Adyrna.kz Telegram

Қазақ даласына VI-VIII ғғ. бастап ислам дінінің таралуымен бірге келген араб жазуы сан ғасырлар бойына өзіндік функциясын атқарып келді. XXғ. басында ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі ғылымының негізін салушы ғалым А. Байтұрсынұлы араб негізді жазудың қазақ тілі үшін артықшылығы мен кемшілігін бағамдады. Осы мақала аясында бүгінгі қоғамда әліпби түзушілердің алдынан жиі кезігіп тұратын «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіріп, жазу реформасын жасау барысында қазақ тілінің төл дыбыстарын түгел қамтыған А.Байтұрсынұлы әліпбиі ешбір өзгеріссіз сол қалпында неге алынбайды?» деген сұраққа жауап іздейміз.

А.Байтұрсынұлы әліпбиі (бүгінгі қолданыстағы кирилмен бергенде): а, р, з, л, с, т, о, н, қ, б, ұ, ж, ш, ы, м, ғ, д, п, ң, и, у, ө, ү, і, ә, е, к, г дыбыстарын беретін араб негізді таңбалардан құралды (араб жазуында бас әріптің жоқ екені белгілі). Бұл әліпби – қазіргі Қытай, Ауғанстан жерінде тұратын қазақ диаспоралары қолданып жүрген төте жазу деп аталатын араб графикасына негізделген әліпби. Кәдімгі қазақ даласына ислам дінімен бірге келіп, ғасырлар бойына тұрақтаған  араб жазуын мұсылманша хат тануға қолайлы болғанмен, жаппай сауат ашуға қолайсыз деп танып, А. Байтұрсынұлы 1910 ж. арабтың 28 әріптен тұратын әліпбиін қазақ тіліне икемдеуді қолға алады. 1912 ж. осы «төте жазу жүйесімен» «Оқу құра­лы» деп аталатын тұңғыш кітабы жарыққа шығады. Ішінде ешбір бөгде дыбысы жоқ, қазақтың ұлттық әліпбиі қолданысқа енгізіледі.

Араб жазуы «әбжат» деп аталатын тек қана дауыссыздардан тұратын жазу жүйесіне жатады. А. Байтұрсынұлы бұл әліпбиді
қазақ жазуына қалай икемдеді? Әліпби 24 таңбадан және бір дәйекшеден тұрды. Арабтың 28 әрпінің ішінен 8 таңбаны қолдануға қолайсыз деп танып, олардың орнын өзі қазақ баласы үшін қолайлы келеді деген 8 таңбамен алмастырды, яғни 16 таңбаны дайын күйінде алып, 8 таңбаны ғалымның өзі қосады. Араб әліпбиіндегі дауысты дыбыстарды таңбалайтын фатқа, кәсра, дамма деген сияқты әріпүсті, әріпасты диакритикалық үстемелерін алып тастайды. Араб тіліндегі /т/-ның, /с/-ның, /д/-ның 2-3-тен қолданылатын таңбаларын А.Байтұрсынұлы бір-бірден қалдырады. Қосар дауыссыздарды араб жазуында w-ға ұқсас әріпүсті таңбамен берсе, оны ашып, қос әріппен жазатын етіп жеңілдетеді. Дәйекшеге ұқсас «һәмза» деген қосалқы белгі араб тілінің өзінде де бар, оны А.Байтұрсынұлы дауыстыларды жіңішке қылып оқу үшін /ө/, /ү/, /і/, /ә/ дыбыстарының орнына сөз алдына қойып, үндестік заңын сақтап жазуға ұтымды қолданады. تۇردى - тұрды, ءتۇردى – түрді (мысал алынған дереккөз: https://massaget.kz/blogs/23884).

«Әліпби қандай болу керек?» деген өлшемшартқа салып, А. Байтұрсынұлы «Араб әрпімен жасап алған әліпбиімізге жер жүзінде әліпби баласы жетпейді, араб әрпінен түзген емлемізге бізге мәлім емлелердің бірі де жетпейді. Мұны ешкім бекер деп айта алмайды» (Алаштың тілдік мұрасы. Мақалалар жинағы. Құраст.: С.Шүкірұлы, Е.Тілешов, – Алматы: «КИЕ»лингвоелтану инновациялық орталығы. 2009) деп, өзінің түзген әліпбиіне сенімді түрде өзі бағасын да береді. Солай бола тұрғанмен де, біз бұл әліпбиді бүгінгі күні сол қалпында ала алмаймыз. «Байтұрсынұлы әліпбиін дайын қалпында алу керек» деген пікірде жүрген әріптестер араб жазуына көшу керек деген ойды айтып жүрмегені анық, «латын жазуына көшу барысында А.Байтұрсынұлы әліпбиінің құрамын сол қалпында алу» керек деп, кирил жазуында қолданылып келген өзгелік дыбыстарды таңбалайтын әріптерді әліпби құрамынан түгелімен шығаруды жөн санайтын пікірлер жөнінде айтып отырмыз.

Осы жерде айта кететін бір жайт, А. Байтұрсынұлы өзінің жеке позициясы тұрғысынан латын әліпбиіне түбегейлі қарсы болған адам. Тек қана араб графикасы жөн деп таныған. Бұл жерде сол кездегі зиялы қауымның (көпшілігінің) дінге жақындығы да көрінеді. «Араб әрпі ислам дінімен бірге келіп, қазаққа орнаған. Дінмен байланысқан жазу дін жоғалмай жоғалмайды» деп айтады «Бастауыш мектеп» деген мақаласында. «Мәдени-рухани дүниеміздің қайнар көзі болып табылатын араб жазуы ислам дінімен біте қайнасқандығыменен бізге артық» деп баса көрсетіп отырады. Дегенмен де, 1926 ж. Баку қаласында өткен тұңғыш Бүкілкеңестік Түркология сиезінде «Араб жазуы ма, латын жазуы ма?» деген сұрақ таразыға түскен уақытта аз дауыспен болса да латын жағын қолдаушылар басып кетті. Енді бүгін бір ғасыр уақытты артқа тастап, ғылым мен техниканың дамуымен латын графикасына деген сұраныстың бұрынғыдан да бетер артқан шағында (осы латын жазуына көшіп жатсақ), ұлт ұстазы Ахметтің әліпбиіндегі 24 әріп пен дәйекшесін және оның бергі жағындағы 1924 ж. қабылданған 29 әріптен тұратын ешқандай кірме дыбысты белгілейтін артық таңбасы жоқ, таза ұлттық дыбыстық жүйеге негізделген латын әліпбиімізді де ала алмаймыз. Оған себеп – қазақ тілінің орыс әліпбиін тұтастай қамтыған кирил жазуын 82 жыл, ғасырға жуық уақыт бойы тұтынып, бірнеше ұрпақ алмасқан осы дәуірде тіл динамикасының біртіндеп орыс тілінен енген бірқатар тілдік құбылыстарды өзінің ажырамас бөлігі болатындай деңгейде сіңіріп алуы. Мәселен, латын жазуына көшуге арнап тіл мамандарының жасаған «жетілдірілген әліпбиі» құрамында орыс тілінен енген 9 әріп (ё, ц, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я) алынып тасталып, орындары қазақшаланса, кейбір в, ф сияқты әріптердің тілдегі орнын «толтыру» әзірге мүмкін болмай отыр.

В, ф әріптерінің сақталу себебі неде? Біріншіден, бұл в, ф әріптерінің бүгінгі қазақ тілінде кездесу жиілігіне байланысты, бұлардың кездесу жиілігі тым жоғары. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты шығарған қазақ графемаларының практикалық қолданыста кездесу және жанасу жиілігін анықтаған статистикалық талдауда ф – 33 орында, в – 34 орында көрсетілген. Басқа кірме әріптер (э, ь, ю, һ, ъ, ч, щ, ё) 42-ші орынға дейін осы екі әріптен кейін тіркеледі ( Жұбанов А.Қ., Жаңабекова А.Ә., Тоқмырзаев Д.О. Латын жазуын латын қарпіне көшірудің сатистикалық негіздері (сатистикалық жинақ). – Алматы. «А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты» баспасы. 2018 ж.) . Екіншіден, өзге алынып тасталып жатқан әріптердің орнын басқа амалдармен қазақшалау аса қиындық келтіре қоймады деуге болады. Мысалы, бар-жоғы ащы, тұщы, кеще деген үш сөзде кездесетін щ-ны екі ш-мен берсек, жоғалтатын ештеңеміз жоқ, я иа-мен, ю иу-мен беріледі, ц  –  с-мен алмастырылады: семент, сирк болады. Эе-мен, ағылшын тіліндегідей електр, елемент болады, ч ш-мен берілгенде шамадан, шабадан немесе шемадан болса, бұл орфограммалардың бір нұсқасы әдеби норма ретінде тұрақтайды, ь, ъ – алынып тасталады. Ал ё әрпімен келетін қазақ тілінде мүлдем сөз жоқ, сөздіктерімізде тіпті бұл әріптің асты бос тұрады. Аса қажеттілік жағдайында оны да ио-мен беруге болады. Бір қызығы, бұл әріп орыс халқының өздеріне де аса қажет болып отырған жоқ. 2004 ж. Орыс тілінің Үлкен академиялық сөздігі жарық көрген кезде ё әрпіне арнайы орын берілмеді. Ёжик, ёлка деген сияқты санаулы сөздер е әрпінің астына тіркелді.

Ал бүгінгі қазақ тіліндегі в, ф әріптеріне келсек, олардың орнын басқа амалдармен толықтай жабу мүмкіндігі әзірге табылмай тұр. Мысалы, бір жерлерде в-ны қазақшалап, Европаны – Еуропа, автоны – ауто, вебинарды – уебинар, ватсапты – уатсап деп қолдануға болатын болса, бұл құлаққа да жағымды және ағылшын тілінің, яғни донор тілдің өзіне де жақын, тез танылады. Бірақ ванна, вокзал, вагон, волейбол, валюта,  пингвин,  трамвай, аквариум, т.б – тым көп, бұларды тілге икемдеудің әлі оңтайлы шешімі жоқ.

Аты-жөндерімізде тұрған -ов-ев/ -ова-ева болып, көбіміз алып тастай қоймадық, дегенмен, бұл уақытша қолданыс екені анық, біртіндеп ығысып, болашақ аты-жөндерімізден өздігінен шығып қалуы тиіс. Есімдеріміздің құрамында ф әрпі де осылай жиі ұшырасып жатады: Әл Фарабиіміз бар – Параби дейміз бе, Пәрәби  дейміз бе? Файзулла, Ғарифулла, Әлфия, Зульфия, Фарида, Фаризалар бар. Тізімді жалғастыра беруге болады. Жүздеп саналатын Фатималарымыз бар – олардың барлығына «сендер бүгіннен бастап Бәтимасыңдар» деп хабарлау әліпбитүзушілердің қолынан келе қоймайтын шара екені түсінікті де.

Араб-парсыдан келген ф-мен келетін есімдер қазір діннің таралуына орай көбеймесе азайып бара жатқан жоқ. Терминдердегі орны өз алдына, кофенікөпе деп, кафенікәпе деп айта аламыз ба? Кафенікәпе деп айту «Мына кәпеде той болып жатыр» деген сияқты сөйлемдерде қарт адамдардың қолданысында кездесіп жатады. Физиканы – пизика деуге де үйреніп кететін сияқтымыз. Алайда,  «Қазақтыкі емес әріптерді әліпбиден түгел шығарып тастау керек» деген пікірді айтып жүрген әріптестеріміздің өзі де бүгінгі күні пиләлөгиа, пәнетикә, пәнәлөгиа деп айтып отыра алмайтын сияқты.

Тіл жаны бар ағза іспетті дамып, өзгеріп 500 жылда тіпті танылмай кетеді екен, қазіргі ағылшын тілінде сөйлейтіндер осы тілдің 500 жыл бұрынғы нұсқасын түсінбейді, англо-саксон тілінде сақталған жазба мұрасы «Биулф» ('Beowulf’) деп аталатын эпикалық жырын қазіргілер оқи алмайды. Бір ғасыр бұрынғы қазақ әліпбиі де бөгде дыбыстардан аман, тұнығын бұзбаған таза тілдің әліпбиі еді. Сол кездегі зиялы қауымның зерттеу мақалаларын оқып отырсаңыз, ентернәтсійенел, ұнстұты, пүрепесір сінтаксіс т.б деген сөздер кездеседі. Мысалы, Н. Рыбкиннің «Орта мектептерге арналған Геометриядан есептер жинағын» қазақшаға аударғанда Елдос Омарұлы терминдерді піраміда, гіпетенұзы, перпендікүлер, сіліндр, сентрі, пормысы деп қолданған. Жасыратыны жоқ, таза қазақтың «үнімен» берілген соң құлаққа жағымды да естілетін сияқты. Бірақ қазақшаға икемделген айтылуы бойынша жазылғандықтан, бұл қолданыстар әрдайым бірізді жазылу нұсқасын таба алмаған, әр кездескенде терминдер әртүрлі жазылып жүреді.

Дегенмен де, мұндай қолданысты қазіргі қоғам қабылдай алмай қалды.  Қазір бір сөйлеуші «ұнстұтта пүрепесір» деп сөз алып отырса, «мына кісі не айтып отыр деп?» деп жатсына, шошына қарайды. Өйткені бүгінгі қазақ тілінің тұрпаты орыс тілінің ұзақ жылдарғы және кейінгі жаһандану жылдарындағы ағылшын тілінің де әсерімен өзіндік динамикасын басынан кешіріп отыр. Ал оны ұлтжандылықтың «тезіне» салып, қолдан келген деңгейге дейін қалпына келтіріп, түзетіп алу үшін жазу реформасы қажет. А.Байтұрсынұлының «заманның дүбіріне ілеспекке» дейтін сөзімен айтқанда, «алпауыт» тілдермен қатар қазақтың тілін алдағы ғасырларға қарай алып өту үшін латын графикасына негізделген әліпби керек. Латын жазуы бізге қазіргі заманның дүбіріне ілеспекке керек.

Нұрсәуле Мақсұтқызы Рсалиева

Филология ғылымдарының кандидаты,
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер