Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін ел аумағында 1000 мектеп салуды тапсырған еді. Мемлекет басшысының пәрмені Алматы қаласында жоспарға сәйкес орындалу үстінде. Алайда, білім ошағындағы орын тапшылығы әлі күнге түйіні тарқатылмаған жайт болып отыр. Бұның оңтайлы шешімі су жаңа білім ұясының іргесін қалау. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде айтты, деп жазды «Адырна» тілшісі.
Жалпы, Түрксіб ауданында 1 970 оқушы орны тапшы. 2022 жылдың желтоқсан айында мектептің қуатын 900 оқушы орнына дейін арттыратын № 59 мектеп-гимназия ғимаратына (Сауранбаев көшесі бойында) қосымша құрылысты сала отырып, реконструкциялау басталады.
«Бұрын айтқанымдай, келесі жылы 1050 орындық екі қосымша құрылыс (№195 - 450 орын, №198 - 600 орын) жүргізуді бастаймыз. Қазір жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. 2023 жылдың маусым айында аяқталады», - деді қала әкімі Ерболат Досаев.
Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдарды жөндеу және салу жұмыстары шеңберінде №70 арнайы бөбекжай-балабақша ғимаратын сейсмикалық күшейту жалғасуда, жұмыстар 2023 жылдың наурыз айында аяқталады.
Құрылыс материалдары бағасының қымбаттауына, жұмысын адал атқармайтын мердігерлердің көбеюіне байланысты «Жас Қанат» шағынауданындағы 280 орындық балабақшаны салу жұмыстары тоқтатылды. Құрылысты 2023 жылдың ІІI тоқсанында бастау жоспарланған.
2023 жылдың қаңтар айында «Қайрат» шағынауданында 260 орындық балабақшаның құрылысы басталады.