Таңғажайып цирк қойылымы

3330
Adyrna.kz Telegram

Алматыда Қазақ мемлекеттік циркі жаңа жыл қарсаңында «Жаңа жылдық судоку» атты жаңа қойылымын ұсынды. Қойылымға дейін цирк ұжымы бұқаралық ақпарат құралдарымен баспасөз мәслихатын өткізіп, тілшілердің көптеген сұрақтарына жауап берді.

Жаңа жылдық шоуда шетелдік әртістер, әлемге әйгілі клоун, шебер үйретілген жануарлар өнер көрсетеді. Мысалы, халықаралық цирк өнері фестивальдарының лауреаты, бірнеше дүркін жүлдегері клоун Армен Асирянц (Испания) пен Мәскеудегі Ю.Никулин циркінің әртісі, халықаралық цирк өнері фестивальдарының лауреаты, бірнеше дүркін жүлдегері, эквилибрист-жонглер Кристина Гук алматылық жұртшылықтың алғысына бөленді. Ертегі әлемінің жаңа жылдық шытырман оқиғаларына толы қойылымның кейіпкерлері де сан алуан. Аяз Ата мен Ақшақар, безендірілген шырша, сүйкімді қояндар, мейірімді аюлар, ақылды иттер, сиқырлы, таңғажайып көріністер, жапон ертегісінің кейіпкерлері тағы басқалар ел-жұрттың ерекше көңілін көтереді.

Алматы қаласы Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев:

– Бүгінгі жаңа базарлық жапон тақырыбына негізделіп қойылған. Жапон елінің тәртібі, тәлім-тәрбиесі қазақ ұлтына ұқсас болғандықтан, соған негіздеп барлық жанрды біріктіріп, жаңа қойылымды ұйымдастырдық. Соған орай, жаңа костюмдер тіктірдік. Сахнада жан-жануарлардан бөлек, 65 адам өнер көрсетеді. Тақырыбы «Жаңа жылдық судоку» болғандықтан, ертегі қаһармандарына бүкіл зал болып судокудың шешімін табуға көмектесетін болады. Сонымен қатар қойылымның бұл жолғы ең басты ерекшелігі – ат үстінде жігіттер жасайтын тюрктарды қыздар бірінші рет орындағалы отыр.

Біз барлық көрермендерімізді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, оларды қызықты қойылыммен қуантқымыз келді. Жалпы, Қазақ Мемлекеттік циркінде мейрамдарда жаңа қойылымдарды жұртшылықтың назарына ұсыну әдемі дәстүрге айналған. Жаңа жылдық бұл ертегі-қойылымға балалар өздері қатысып, ойнап отырады. Қиял-ғажайыпқа толы қойылым сонысымен балаларға қызық. Жаңа жылдық бұл қойылым бүлдіршіндерді білімге баулып,  жақсылыққа жетелеп, өмірде қиындықтар мен кедергілерді жеңіп, биік мақсатқа қол жеткізе білу керектігін үйретеді. Біздің басты мақсатымыз – көңілі кіршіксіз балаларды қуанту.

Халықаралық цирк өнері фестивальдарының лауреаты, бірнеше дүркін жүлдегері клоун Армен Асирянц (Испания):

– Алматыға осыдан біраз уақыт бұрын Қазақ Мемлекеттік циркінің 45 жылдық мерейтойына арналған халықаралық бағдарламада өнер көрсету үшін келген едім. Жаңа жылдық бағдарламадағы бұл қойылымды дайындауға 5 жылға жуық уақыт қажет болды. Негізі, цирк өнеріне келген адам өмір бойы үздіксіз үйрену керек. Уақыт өткен сайын заман талабы жоғарылай береді. Әсіресе, қазіргі интернет заманында көрерменді таңғалдыру өте қиын. Себебі, сахнадағы қойылымда цирк әртістері көрерменнің көз алдында өнер көрсетеді, оның жасайтын трюктерін монтаж жасауға болмайды. Сондықтан цирк әртістері көрерменнің алдына шыққан сәтке дейін үнемі шеберлігін шыңдаумен айналысады.

Расында да балаларға сайқымазақтың өнері өте қызықты болды. Испаниядан келген әлемге әйгілі клоун Армен Асириянц өнер көрсете жүріп, көрерменді де аренаға шығарып түрлі ойындар ойнатуды ұмытпады.

Жапон ертегісі желісіне құрылған қойылымда жауыз Эмма өз нөкерлерімен бірігіп, жаңа-жылдық мерекені болдырмау үшін судокуды ұрлап әкетуге әрекет жасайды. Цирк артистері мен жануарлар, тіпті көрермендер бірігіп сиқырлы сандарды тауып, судокуды құтқаруға барын салады. Әрмен қарай Аяз ата мен Ақшақар балаларға сыйлық үлестіріп, зұлым күштермен күресіп жүріп жаңа жылдық шыршаны жағады.

А. СЕРІКҰЛЫ

 

 

 

Пікірлер