ЖЕЛТОҚСАН – ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЖАЛАУЫ

2692
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Тәуелсіздік күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл іс-шараны «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырды. Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасы қолдауымен іске асқан шараның тәрбиелік мәні өте зор болды.

Жиында қазақтың белгілі тарихшылары Хангелді Әбжанов, Талас Омарбеков сынды тарихшылар, халыққа танымал өнер иесі Тұңғышбай Жаманқұлов және 1986 жылы КСРО Орталық комитетінің Қазақстанның басшылығына Ресейдің бір облысының қатардағы  басшысын Қонаевтың орнына алып келгеніне қарсылық білдіріп Алматы қаласының бас алаңына бейбіт шеруге шыққан сол кезгі жастардың бүгінгі өкілдері мен қоғам қайраткерлері және студенттер, мектеп оқушылары, ұзын саны жүз адамнан аса азаматтар қатысты.

Жиынды тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов жүргізіп отырды. Алғашқы сөз сол бір саясаттың қылышынан қан тамып тұрған кезде тоталитарлық жүйеге қарсы қамықпай алаңға шыққандардың бірі Тұңғышбай Жаманқұловқа берілді. Қазақтың бетке ұстар азаматтарының бірі сол кез туралы естеліктерін ортаға сала отырып Қазақстанның бүгінгі кезгі жағдайы, жастардың отаншылдығы туралы әңгімеледі.

Талас Омарбеков өз кезегінде қызықты тарихи деректерді келтірді. Соның бірі түркі әлемінің белгілі зиялыларының бірі Зәки Уәлидидің башқұр халқына жазған хаты туралы. З.Уәлиди туған халқына сол бір үндеуінде қазақ ұлтымен бірге болуға шақырыпты. Болашақта қазақтар өз тәуелсіздігін алатынын, сондықтан қазақтардан ажырамаңдар деп жазған екен. Тарихшы бұдан басқа да түрлі деректермен бөлісті.

Тарихқа айналған сол бір ызғарлы желтоқсан күндері жас қыздар мен жігіттер, бүнгінгі салиқалы ағалар мен апалар кезегіме сөз алып сол күндері КСРО қарулы күштерінің өздеріне көрсеткен зорлық-зомблықтары ащы шындықты жайып салды.

Шешендерге кезегімен сөз беріп отырған Х.Әбжанов әр сөзге жүйелі толықтырулар мен түйіндемелер айтып отырды.

Сөзжарысқа бүгінгі жастардың өкілдері – мектеп оқушылары мен студент жастар да қатысты.

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі бұндай жиындарды келесі жылы да өткізуді жоспарлап отыр.

Пікірлер