"Көзі - харам!" - Депутат Алаш арыстарының көзін ойып тастағандарды қатаң жазалауға шақырды

4223
Adyrna.kz Telegram
Әлеуметтік желіде "көзі ойылған" Мағжан Жұмабайұлы, Шәкерім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлының суреттері тарап жатыр. Ұлы бабаларымызды қос жанарынсыз жейдеге тоқып, оны жарнамалағандарға қалың оқырман, журналистер мен зиялы қауым наразылық білдірді. Мұндай сорақы жағдайға ҚР Мәжіліcінің депутаты Қазыбек Иса қатты ашынып, "көпестерді" жазаға тартуға шақырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Жүрек ауруымен емханаға түсіп қалып, есімізді жиған соң, интернетті бір қарап шыққаннан-ақ, бірден жүрек ауыртар жәйтке тап болдық… Белгілі қоғам белсендісі Алма Сайлауқызы фейсбуктағы өз парақшасында жариялаған “Топастық пен Надандық” атты жазбасында Алаш арыстарының көздерін ойып алып тастаған бейнелерін жейделерге салып шығарып жатқан дүкен иелерін өткір де, әділ сынапты.
"Иә, “Qulan.kz онлайн киім дүкені алаш арыстары Мағжан Жұмабайұлы, Шәкерім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлдарының суреттері бар жейделерді сатып жатыр. Киімдер «Бес арыс» коллекциясы деп аталады, деп жазады malim.kz сайты тілшісі Олжас Қасым.
Тілшінің жазуынша, көзі ойылған Алаш қайраткерлері бейнеленген жейдені өзінің оқушысының үстінен көрген тарих пәнінің мұғалімі Айдос Жанатұлы да, Алаш арыстарын дәріптеп жүрген Ернат Мелсұлы да бұндай қорлыққа жол бермеу керектігін кесіп айтады, - дей келе депутат сорақы жағдайға қатысты бірқатар деректерді тізіп өтті.
Сонымен қатар, Ұлт мүддесінің майданында бұғып қалмаған Қазыбек Иса Алаш арыстарының "көзін ойып" байымақ болғандарды жазаға тартуға шақырды.
- Осы дүкеннің жауапты маманы Алтынай Қанат есімді азаматша бұдан ешқандай да әбестік көрмейді екен!
"Алаш арыстарының көзсіз бейнесін жейдеге салып, сатылымға шығарыпсыздар. Неліктен мұндай әрекетке бардыңыздар?” деген тілші сұрағына: "Біз қазақи бренд болсақ та, шариғатпен, мұсылман дінін ұстанып киімдер сатамыз. Исламда, шариғатта айтылған. Көзі бар заттар харам болып есептеледі. Ондай көзі бар заттарды салуға болмайды. Сол сияқты адамның беті, көзі бейнеленген суреттерді сатуға болмағандықтан, біз олардың көзін алып тастадық” деп жайбарақат жауап беріпті...
Иә, сатылып жатқан киімдерге Алаш арыстары Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек, Ілияс, Бейімбет, Сәкендер секілді тұлғаларымыздың көзін ойып алып тастап бейнелеуі қаны бардың қанын қайнататын масқара ғой!
Нағыз “Шыққыр көзім не көріп тұр?”-дегізетін сорақылық бұл! Заңғар тұлғаларымызды зағип етіп, “Соқырлар қоғамына мүше етіп кіргізіп жібергендер кімдер? Qulan.kz онлайн киім дүкенінің мұндай масқаралығына кім рұқсат берген! Бұлар діни көзсіз соқыр екен, ал бақылауға, рұқсат беруге тиісті органдардың да көздері соқыр ма?
Сол дүкен иелерінің өзін немесе әке-шешесінің солай көзін ойып алып, жейделерге салып саудаға шығарса, қалай болар еді? Оған өлсе де бармас еді олар?!. Бұл Ұлттың көзін ашқан Ұлылардың көзін ойып алып, халыққа шығару - Ұлты үшін құрбан болған тұлғаларды екінші рет өлтіру!
Біріншісі - бұдан бір ғасырдай бұрын Алаш арыстарын түгел атып-асқан Кеңес Одағының қандықол жендеттерінің жауыздығы еді! Екіншісі - сол Алаш арыстарының өздері армандаған Тәуелсіздіктің 31 жылында діни көрсоқыр ұрпақтары топастықпен өлтірді!!! Бұлар бұндай таснадандығымен, ақша үшін ар-намысты аттап, таптап өтіп, қасиетті дініміздің атына кір келтіріп отыр. Мемлекеттік тиісті органдар мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай сауданың көзін Ұлт ұлыларының көзін ойып алумен тапқан пайдакүнемдерге шұғыл тойтарыс беріп, тоқтатып, жауапқа тартуы тиіс! - деп қадап айтты Қазыбек Иса.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер