Ерулік беру дәстүрі

12921
Adyrna.kz Telegram

Қазағымыздың кеңпейілділігін, жомарттығын, қонақжайлылығын паш ететін дәстүрлердің бірі – «ерулік» беру. Жаңа қонысқа көшіп келгендердің алғашында үйренісе алмай тосырқайтыны заңдылық. Сондықтан дана халқымыз ерулік беруді ойлап тапқан: бұрыннан отырғандар көшіп келгендердің үйін тігісіп, барлық көрші болып, кезек-кезек қоныстанушыларды бала-шағасымен қосып, түгел үйлеріне шақырып, танысып, білісіп араласып кетуге жағдай жасайды. Үлкендер де, бала-шаға да ерулік кезінде әбден танысады. Егер көшіп келгендер жас отау болса, оларға ыдыс-аяқ сияқты ұсақ-түйек, бірақ күнделікті қажетті дүниелерді де тарту ететін болған. Осылай етене жақын араласудың арқасында бөтен адамдар туыстардай бауыр басып кетеді. Қазіргі кезде әсіресе, үлкен қалаларда бұл дәстүр өкінішке орай, ұмытылып барады. Яғни, «Ерулік» – дәстүрлі ортада жаңадан көшіп келгендерге берілетін қонақасы. Асты әдетте, көшіп қоныстанғандарға апарады. «Ерулік беру» жаңадан келген көршілерді бөтенсіретпей сыйлап, өз ортасына тартудың белгісі. Кейде ерулікке шақырғанға дейін-ақ жаңадан көшіп келген үйдің отын-суы болмайтынын ескере отырып, алғаш келген күні сабамен қымыз, ет алып келеді. Сондай-ақ, үйін тігіп, жиналып, әбден орналасып болған соң ерулікке шақырады.

Ерулік көші-қон кезіндегіден басқа, ауыл ортасына жаңа үй келсе, қоныстанса сол ауылдың адамдары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіріп, табақ тартады. Бұл жаңа адамдарды бөтенсіретпей өз ортасына тартудың, сыйласудың үлкен белгісі. Мұның әлуметтік, қоғамдық мәні де бар. Мысалы, жаңа көшіп келген үйде отын, су болмайды. Оны әкелуге біраз уақыт керек. Міне, кең ойлап, терең толғайтын қазақ салты мұны да ескерген. «Ерулік апару» салты қазақ ұғымында дәмдес, сыйлас болуға бағытталған. Көршілік қарым-қатынасты реттеуге негізделген сыйластық көрінісі болып табылады. Бұл жосында дәмнің танысып білуге, араласуға жанама түрде қызмет етіп отырғанын аңғаруға болады. Ел аузында «көрші ақысы – тәңір ақысы» деген сөз бар. Қазақ ерулік берілмесе, «Дән қысырайды, босаға сөгіледі, жер жериді» деп ырымдаған. Ерулік берген үйге риза болған жаңа көрші «Тәңір жарылқасын айтып» ықылас тілегін білдіреді.

Өз ұлтымыздың қадыр-қасиетін, ой-өрісін танытатын салт-дәстүрлерімізге мейлінше құрметпен қарап, оларды қастерлеу барша қазақтың елдігіне сын. Бұл дәстүрлер көргенділіктің, сыйластықтың, құрмет көрсетудің көркем үлгісі саналады.


А. Бейсегулова

«Ұлттық құндылық» жобасы аясында

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы тапсырысымен

«Педагогикалық ғылымдар академиясы» ҚБ

Пікірлер