23 мың студент Украинадан Қазақстанға көшкісі келеді - Саясат Нұрбек

4562
Adyrna.kz Telegram
ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Шығыс Қазақстан университетінің оқытушыларымен кездесуде 23 мың студент Украинадан Қазақстанның жоғары оқу орындарына ауысқысы келетінін айтты. Бұл туралы Astana TV арнасы хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанға ауысуға Үндістан мен пәкістандық жастар өтініш білдіруде. Министр мұншама студенттер ағынына алаңдаулы.

“Украинаның медициналық университеттерінде оқитын үндістандық және пәкістандық студенттер елдегі саяси жағдайға байланысты ол жерде оқи алмайды. Сол себепті олар Қазақстанға көшкісі келеді. Енді біз оған не істейміз, сол ойландырады”, – деді министр.

Сонымен қатар, Ресей жоғары оқу орындарының шетелдік студенттерінен де осындай өтініштер келуде. Онымен қоса, Қазақстандағы медициналық университеттерде профессорлар да сабақ беруге ниет білдірген.

“Біз академиялық инфрақұрылым туралы байыпты ойлауымыз керек. Біз осындай мөлшерде адамдарды қабылдай аламыз ба, қабылдағаннан кейін қалай сіңіседі, оның бәрі толғандырады. Бұл қысым күшейе түседі”, – деді ғылым және жоғары білім министрі.

Ол мәселені шешу үшін тек университеттер ғимараттарының кеңейту емес, сонымен қатар цифрлық жоғары оқу орындарын да көбейту керек екенін атапөтті. Саясат Нұрбектің айтуынша, мұндай оқу орындарының үлгілері әзірленуде.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер