Мансап

2424
Adyrna.kz Telegram

Жоғары мансап, қомақты табыс, жылы орын, қызметтік көлік Алмастың көңілін аспандатты. Ендігі міндет – сенім үдесінен шығу. Жауапты қызметті мойнына алысымен жоғары жақтың тапсырмасын бұлжытпай орындауға білім-білігін салды. Қызметкерлердің тәжірибесін шыңдау үшін мамандарды арнайы курстарға жіберіп, мекеменің іс-жүргізудегі кем-кетігін орнына келтірді. Құжаттарды жедел рәсімдеп, ақпаратты толыққанды, түсінікті жазуды үйретті. Сала бойынша жаңа бастамалар көтеріп, әріптестерінің алдында іскерлігімен таныла бастады. Ұжымдағы ішкі шаруалардың шешімін әділ шешуге көңіл бөлді. Адал адамның ақ жолдан айнымайтындығын жиі еске алды.Ол ар жолынан шатаспас үшін компьютердің бетіне «Ар-ұят – иманнан» деген жазу жазып қойды. Таңертең мониторды қосысымен сол жазуды жанары сүзіп өтеді де сана мен түйсігіне бұйрық береді. Алла елшісінің: «Қайда барсаң да Алладан қорық, жамандықтың артын оны өшіретін жақсылықпен ұластыр әрі адамдармен көркем мінезбен қарым-қатынас жаса», – деген өсиетін қойын кітапшасына түртіп қойған. Таңды ғибратты тәмсілді оқудан бастайтын бала бастықтың жұмысқа деген ынтасы, жаңашылдығы, ұйымдастыру қабілеті басшылықты да, қызметтестерін де тәнті етті. Тұрғылықты қалада абыройы артып, басшылықтың өзі мұнымен санасатын дәрежеге жетті. Тасы өрге домалаған сайын «әріптес», «бауыр», «жерлес» көбейді. «Мына қағазға қол қойып жіберсең ақыңды жемеймін», – дейтін пысықайлар жағалай бастады. Сеніміне кіру үшін: «Әлеке, менде мынадай ой бар. Іске асырсақ абырой мен пайдаға кенелеміз», – деушілер көбейді. Кейбіреулерден қашқақтап еді, дүниенің кілтін осы ұстап тұрғандай мақтап, «көпшікті қалыңдатып салып», масаттандырды. Жан-жақтан әсіре мақтаушылық мен мықты екенмін ғой деген ой тудырды. Сенбейін десе аузынан шыққан сөз орындалады. Осылайша, пендешілік оны тез меңдеп бара жатқан еді. Қолпаштау, мақтау көзін шелге орады. Өзінің кемшілігін байқамайтын дәрежеге жетті. Әлекеңдікі дұрыс, Әлекең айтсын, Әлекең бастасын деген қолпаштаулар аяқты алшаң бастырды. Бұрын болмаған кердең жүріс пайда болды. Кейде анайы, кейде дөрекі сөйлей бастады. Бірақ жан-жағындағылардың арасынан сіздікі дұрыс емес, артық кетіп барасыз деген ешкім жоқ. Бәрі күліп, бас изеп, мақұлдап тұрады. Ол «Ақымақты бәрекелді өлтіретінін» естен шығарды. Жан-жағындағылардың алдау-арбауы, азғыруы оны ар-ұяттан бездірді. Жылпостар әкелген арам ақшаны оңды-солды шашты. Жұмыстан гөрі демалыс, ойын-сауыққа аңсары ауа берді. Мекемедегі жоспарлы шаралар атүсті жасалды. Ұжымның алдында сыйы кете бастады. Бірақ кеудесі керім. Көңіліне ұнамағандарды жұмыстан шығарып, ұжымда қалғысы келгендерден «сыйлық» алды. Қызметке келердегі «Қауымның мырзасы – қызметшісі» деген ұстанымы әдірем қалды. Мүмкіншілігін асыра пайдаланды. Біреуге жер әперемін, енді біреуге үй әперемін деп пара алды. Былыққа белшесінен батты. Екі аяқты азса, төрт аяқтыдан да жаман болады. Егер сол оқиға болмағанда тұңғиыққа біржолата кетер еді. Қызмет көлігімен түнгі көңіл көтеруден ызғытып келе жатқан. Масаң қалпы алғашқы қардың түскенін де байқаған жоқ. Бірде есін жиып алға қарайды, бірде көзі ілініп кетеді. Кенет көлік терезесінен әжесінің ақ кимешек киген кейпі елес берді. Әкесінің анасы Алмасты алдағы қауіптен сақтандырғанда осылайша түсіне енетін. Ол бірден бісмілләсін аузына алды. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік тежегішті басқанда сырғанап барып жол шетіндегі бағананы соқты. Қатты соққыдан есін жиған Алмас көпірдің құлаған шетіне барып тоқтағанын байқады. Сыртқа шыққанда шыңыраудың шетінде тұрғанын көрді. Мына бағана болмағанда жардан ұшып кеткендей екен. Есіне әжесінің бағанағы сұлбасы түсті. Ойпыр-ай, соңғы уақытта ата-бабаға құран бағыштауды да ұмытқан екен ғой. Әжесі бұл ат жалын тартып мініп, қызметке орналасқанда: «Балам, ақжүзді бол! Халқыңа адал қызмет еткенде ғана атақ-абыройға кенелесің. Сен азаматсың! Жан-жағыңдағыларға қол ұшыңды бере жүр. «Баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас». Жүрген жеріңде үлкендерге сый-құрмет көрсет, алдын кеспе», – деген еді. Бұл қызметтің буына малданып, ата-салт, әулетіндегі ата-бабадан мұра болып келе жатқан асыл құндылықтарды ұмытқан. Ар-ұяттан безіпті. Масқара! «Ұжданы бар адам иттен де ұялады», – деуші еді. Ол өзінің иманын жоғалтып алғанын, сол арқылы ар-ожданнан безінгенін сезді. Бәрін орнына келтіру керек деп ойлады ол. Алдымен ата-бабасының зиратына барып құран оқытуға бекінді. Жаным – арымның садақасы. Үлкен-кішінің алдында басымды иіп, перзенттік борышымды өтеуім керек деген ойға бекінді.

Адасқандар

Күйеуі екеуі ел қатарлы өмір сүріп жатқан. Екінші бала туысымен жолдасы көбірек ақша табу мақсатында құрылысқа жұмысқа кірді. Құрылыс фирмасындағылардың түр-сипаты ерекше. Бәрі сақал өсіріп алған.  Басшылары да сондай. Күндердің күнінде отағасы әйеліне келіп, құрылыс компаниясы түрік жеріне барып, жұмыс істейтінін айтты. Бұл басында жарының шетелге баруына қарсылық танытқан. Ол жарты жылда көрші мемлекетте зәулім ғимарат салып, мол табысқа кенелетіндерін айтты. Бастықтары солай депті. Мол қаржы қолына тисе, бірден баспана алмақ ниетінің барын да байқатты. Біздің қамымыз үшін алыс сапарға жол шекпекші, несіне кері тартамын, барсын деп ойлады отанасы. Жарты жыл аяқталар шақты жолдасы телефон шалып: «Сирия еліне барамыз. Ондағы мұсылман бауырлар үйсіз-күйсіз қалыпты. Соларға үй салып беру ойымызда бар. Жалғыз барғым келмейді. Сен де жүр балаларды алып», – деп қолқа салды. Басында біраз көніңкіремегенмен, күйеуін бөгде елге жалғыз жібергісі келмеді. Солайша, бұл қос құлыншағын алып, түрік елін бетке алды. Одан ары Сирияға баруға дайын тұрған көшпен соғыс өрті өршіген жат жерге аттанып кетті. Барысымен бөтендіктің, келімсектің қамытын мойнына ілді. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», – деген сөз күн сайын тіліне оралады. Бас биліктен айырылды. Жертөледе күн кешеді. Үстіне бас- аяғын қымтаған киім кигізді. Ел арасында қазақ тілінде сөйлеуге тиым салынған. Далаға шығуға қақысы жоқ. Ешкімге көрінбеуі тиіс. Азық-түлікті күйеуі әкеледі. Құнарлы ас жеу арманға айналды. Күндіз-түні мылтықтың дауысы зәрені қашырады. Балалары көздері бақырайып, жалтақ болып қалды. Баяғыдай жарқылдап ойнап-күлу жайына қалды. Тек, мына тозақтан қалай құтыламын, Алатауымды көрер күн бола ма деген ғана ой тұрады көкейде. Бірер уақытта бүкшиіп, көзі шүңірейіп шыға келді. Өзінің де, күйеуінің де алдауға түскенін сезді. Күйеуіне кетейік бұл жерден деген емеурін танытып еді, ол өзінің парызы бар екенін айтты. Оған отбасынан гөрі өзінің «бауырлары» жақын сияқты. Бұл – Отанына қашуға бел буды. Бір-ақ жолы бар – босқындарға қосылу. Астыртын сұрастыра жүріп босқындардың қайда екенін біліп, қашан, қалай барып қосылатынын жоспарлады. Күндердің-күнінде әйелдер арасында сыбыр жүрді. Жасы егделеу шешен ұлтының әйелі шетелге бет алғандарға жол көрсететінін айтты. Біраз уақытта елге қашуға бел буғандардың қарасы көбейді. Солайша, қарасы 130 босқын әйел шекара асты. Босқындар түрік еліне аяқ тіреді. Түркияға келген соң келіншек күйеуіне телефон шалып, аман екендерін айтты. Мақсаты – осылайша елге қайтуға болатыны айтып, жол сілтеу еді. Бірақ ері сөз тыңдамастан: «Саған талақ, талақ, талақ бердім», – деп айқайлайды. Босқындардың ісіне елшілік араласып, қарадомалақтарды жетелеген ана туған жерге табан тіреді...

... Ертеде көшпенді өмірдің берекесін көрген қазақ өркениетінде отансүйгіштік қасиет басты міндеттердің бірі саналған. Ежелгі Түркі қағанаты, бергіде Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Ақтамберді, Бұқар жыраулар ел-жерді сүю жайлы ойлы сөздерін халқының санасына сіңірді. Туған жер мен ата-ананың қадірін Қазбек би:
Алтын ұяң Отан қымбат,
Құт-берекең атаң қымбат,
Аймалайтын анаң қымбат,
Асқар тауың әкең қымбат, –
деп жеткізген еді. Олардан кейінгі ақын-жазушылар АхметБайтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев сынды Алаш арыстары сөзбен де, іспен де елге қызмет етудің үлгісін көрсетті. Олар дәстүр мен дінді астастыра өмір сүрді. Қоғамда дәстүрлі дін салтанат құруы тиіс.

Иә, имандылық жүрегінде ұялаған адам сатқындық пен қиянатқа бармасы анық. Ақыл мен жүрек бір-бірін тыңдағанда адам имандылықты жоғары бағалайды. Иман – адамзат баласы үшін асыл қазына. Саққұлақ би: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтын – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деген ғибрат айтқан. Иманды жан айналасындағы үлкен-кішіге құрметпен қарайды. Осының нәтижесінде жүрек түкпірінде жатқан имандылық нұры тұла бойын ерекше күйге бөлеп, оны сүйіспеншілік, мейірімділік сияқты көркем сипаттармен астастырады.
Тәуелсіздікті алып, дәстүріміз қайта оянғанына шүкір делік. Егер, кеңестік идеологиямен кете берсек, мәңгүрттік дертке ұшырайтын едік. Бұл күнімізге де мың тәубе! Десек те, ұлттық тәрбие ғана елдігімізді тұғырлы етпек. Ағайын, елдің рухы мен намысын сақтап қалу үшін халықтың асыл құндылығы, төл сипатымыз – ата дәстүрді жаңғыртайық.

Гүлжан Мұқашқызы ТҰРСЫНОВА

 

Пікірлер