Сауын айту салты - немесе үлкен жиындарға қымыз жинау

3240
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тойлары мен басқа да жиындарына әрқашан көп қонақ шақырылады. Бұрынғы ғасырларда тойлар бірнеше күнге созылатын болған. Ертегілер мен батырлар жырларында «отыз күн ойын, қырық күн тойын» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл күндері ән шырқалып, күй тартылып, айтыстар өткізілетін. Балуандар күресі, ат бәйгесі тағы басқа да сайыстар өткізілген. Бұндай жиындарға қонақтар өздерінің ақын-айтыскерлерін, күйші-әншілерін, қара күш иелері мен шабандоздарын және небір жүйрік аттарын алып келетін. Сондықтан қонақтар үшін дәмді тамақтар мен шөл тарқатар қымыз молынан дайындалатын.

Салтанатты жиындар мен астарды ас-cумен жеткілікті түрде қамтамасыз ету үшін жиын өткізуші шаңырақ керегінше сойыс мал мен сусын жинау үшін  өз жақын туыстарынан көмек сұрайтын болған. «Сауын айту» салты осылай пайда болған.

Әдетте бір адам бүкіл туыстарға сауын жөнінде хабар беріп ауыл аралайтын. Алыста тұратын ағайындарға хабаршылар жөнелтілген. Алыстан келетін қонақтар да өздерімен бірге теріден жасалған сабалар мен местерге қымыз құйып алып келетін болған.

Ғалым Шайзада Тохтабаева былай деп жазады: «Қонақтар әр жүзден және түрлі ауылдардан, өздерінің малымен, сайыс жеңімпаздарына арналған сыйлықтарымен және қымызбен келетін. Бұндай келістің басында көпке сыйлы жасы келген әйел түйеге мініп келетін.

Түйенің өркешіне әдемі кілем жабылып, піспектері бар көркем оюлармен әдіптелген сабалар артылған. Оның соңынан түйе мен атқа мінген әйелдер мен ерлер жүретін болған.

Жиылыс иелерінің туыстары мен достары түйелерге артып әкелетін үлкен местерге  100 немесе 200 литр қымыз толған. Олар бірнеше жалқының терісінен тігілетін болған».

 

«Сауын айту» салты зерттеушілердің еңбектерінде

«Сауын айту» салты туралы ғалым Халел Арғынбайұлы өзінің «Қазақ халқындағы семья мен неке» атты кітабында орыс зерттеушілерінің жазбаларынан мысалдар келтірген. М. Леваневский «Қазақ даласы туралы жазбалар» еңбегінде былай деп жазған: «1852 жылы бір асқа Бейсембі Бажықұлы деген бай 10 жылқының терісінен жасалған сабаға 100 шелек қымыз құйып әкелген. Мұндай сабалардың мойнын жабықтан шығарып қойып, ат үстінен піседі екен».

19 ғасырдың 90-шы жылдары Кіші жүз руларының арасында берілген бес асқа қатысқан И. Аничков «1892 жылы қазақ астарына бару» мақаласында, Шөмекей руында өткізілген Кәрібай асы туралы мәлімет келтірген. Бұл ас шілде айының аяғында Қуаңдарияның бойында 4 күн бойы өткен асқа 500 адам жиналған. Қонақтар үшін тігілген тек ақ үйлердің саны 200-ге дейін жеткен. Бұдан басқа Бұқар шатыры тігілген. Әр үйге бір саба қойғанда оның саны 200-ден артатындығын жазған.

Бұндай іс-шаралар өткізу барысында ат жарыстарының бірнешеуі өткізілетін. Мысалы, солардың бірі тамақ дәмді піссін деген тілекпен «Ошақ бәйге» аталған. Қазақ халқының ертеректе қалыптасқан әдеті бойынша асқа сойылған үлкенді-кішілі малдардың сүйектері, әсіресе жіліктері ешқашан сындырылмаған. Асқа саба әкелгендерге түгелдей сарқыт есебінде бір-бір сындырылмаған бүтін жілікті сабаның түбіне салады. Осылайша қымыз құйылып келген ыдысты құр қайтармайды. Мұны «Салу» деп атайды.

Бұл мәліметтердің бәрі де кезінде «Сауын айту» салтының кең тарағанын және де сабалардың иелерінің есімімен аталғанын, немесе көпшілік қойған аттары да болғанын дәлелдейді.

 

Салт әдеби шығармаларда

Қазақтың сабалары көлем жағынан әртүрлі болған. Сәкен Сейфуллин «Сол жылдарда» атты естелігінде көлемі үлкен саба туралы жазған: «Отаудың ортасында күмістеген үкілі піспекті екі жылқының терісінен істелген үлкен қара саба тұр. Ішіндегі лықылдаған сары қымыздың күшті мас иісі сыртынан аңқиды. Сабаның қасында екі жігіт тершіп кезек-кезек түрегеп керіліп үкілі күміс піспекке сабаны жай, ауыр салмақпен гүмп-гүмп еткізіп пісіп қояды. Екі жігіт қымызды үлкен тегенеге құйып алып, ожаумен сапырып отыр. Бірі ожаумен құйып, екіншісі торы ала тостағандармен жағалай үлестіріп жүр».

Ақын Ілияс Жансүгірұлының «Құлагер» жырында мындай өлең жолдары бар:

Мал айдап жан-жақтан жұрт оннан, бестен,

Көп саба келіп жатыр елдей көшкен.

Қазақтың осы салты халық ертегілері мен жырларында баяндалған. Қазақтың белгілі жыры «Айман - Шолпан» жырында «Сауын айту» салты былайша жырланады:

Маманды рулы елге баға қылған,

Маман бай мал біткенге тоба қылған.

Байлығы Маман байдың жаннан асқан,

Терісін бес айғырдың саба қылған.

 

Болыпты ұлдан кемтар Маман бейбақ,

Ауылға малға топыр болған ойнақ.

Терісін бес айғырдың саба қылып,

Сабасы атаныпты «Түйе мойнақ».

 

Маманнан келген кісі қымыз ішпек,

Аузына жарандардың тәубе түспек.

Терісін бес айғырдың саба қылып,

Сабасы атаныпты «Алтын піспек».

 

Маманға айуан малдың берді бағын,

Жаратты Маман батыр арғымағын.

Бір тұтқа кіші жүзде бай еді, деп,

Шөмекей Маман байға айтты сауын.

 

Жалғанда Маман байдай болған бар ма?

Жігіттер бұл жалғанды көңіліңе алма.

«Сәнімен бұл жиынға барамын» –деп,

Арттырды тоғыз нарға тоғыз саба».

«Сауын айту» салты бүгінде де ұмыт қалған жоқ.

Бердалы ОСПАН.

"АДЫРНА" ұлттық порталы

Пікірлер