ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН. Ұлағатты ойлар.

2656
Adyrna.kz Telegram

Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.

 * * *

Бостандыққа апатарын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.

 * * *

Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз.

* * *

 Алыспаған, жұлыспаған – бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері – құлдықтан, әйелі – күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды.

* * *

Мен Алтайдан Оралға, Сібір темір жолы торабынан Омбыға дейінгі кең кеңістікті мекендеген 4 миллион қазақ халқының өкілімін. Қазақтың бүгінгі асқан мұңы – ана тілін қолдану бостандығы, оның қажеттілігі сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмысын жүргізу барысында ерекше артып отыр және осыған байланысты менің құрылтайдан өтінерім – жергілікті тілдердің құқын шектейтін заңның тез арада қайта қаралуы талап етілсін.

* * *

Рухани мәдениеттің бір белгісі – жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу.

* * *

 Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті!

* * *

 Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды.

* * *

 Қазақ халқының бір жақсы мұрасы «жылу»... Осы күнде өзгеріп кетті, қазақ халқының не әдеті өзгермеді!? Қазақ халқының бір көңілді көтеретін әдеті – қонақ күтуі де жылдан жылға бұрынғыдай болмай барады. Бұрын қонақтарды таңдамай қондырады екен, тек жолаушыменен болса. Осы күнде қонақтарды таңдап сыйлайды. Жақсыларды, күміс ер-тоқымдыларды, бөлек атшы алып жүргендерді ғана қондырады. Қондырған уақытта көп арамдық-қулық, алдаушылықтар бар – бұрынғы уақытта болмаған. Бұ күнде қонақ – байды алдап, бай – қонағын алдайды.

* * *

 Адам баласы өзге хайуаннан айырылғанда – бұлардан ақылды болып, қолы шебер болып айырылады.

Пікірлер