Тоқаев әкімдерге ескерту жасады

2464
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жиын ұлттық жобаларды әзірлеуге қатысты мәселелерді талқылаудан басталды.

“Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын”, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ұлттық жобаны келесі жылдан бастап жүзеге асыру үшін биыл барлық қажетті нормативтік актілерді қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің Samruk-Kazyna Construction-ды бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы ұсынысын қолдады. Осы ретте Президент бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалуын қатаң бақылауға алу қажет екенін айтты.

Пікірлер