4 қазан күні Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен Батыс Қазақстан облысы бойынша іске қосылып жатқан жастарды әлеуметтендіру жобасы аясында, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің өкілдері жобаны жүзеге асыру мақсатында мұғалімдермен семинар-тренинг өткізді. Семинар-тренинг жастардың рухани, әлеуметтік, зяткерлік, физикалық және жеке дамуына жағдай жасау бағытында және не сабақ оқымайтын, не жұмыс істемейтін, не тренингке қатыспайтын, белсенділігі төмен жастардың қатарын азайту мақсатында өтті.
Тренингте сөз сөйлеген «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкір:
– Жастарды әлеуметтендіру дегеніміз – шығармашылық, спорттық, әкери-патриоттық, зияткерлік, қоғамдық белсенділік, ұлттық құныдылықтарды тану, өз-өзін бағалау тұрғысынан жас толқынның болашақ тұлға ретінде қалыптасуына жалпы жағдай жасау. Әрбір баланың дамуы – ең әуелі оның өз-өзіне деген сенімділігін арттырумен тікелей байланысты. Абай атамыз айтады «Жүректе оты жоқ адамда ми болмас» деп. Расында, жүректе оты бар бала кез келген қиындықты жеңіп шығады, биік асуларды бағындырады. Сол жүректегі от ұшқынын дарытатын – отбасында ата-ана, мектепте ұстаздар қауымы, — деді.
Одан соң сөз алған бірлестіктің облысымыздағы жобалық менеджері Нұрлан Сәдір жобаға 14-17 жас аралығында жастар «Ұлттық құндылық», «Еріктілікпен әлеуметтік белсенділік», «Әсекери патриоттық», «Шығармашылық», «Зияткерлік», «Спорттық» сынды алты бағыт бойынша байқауға қатыса алатынын, жоба арқылы жастарды мотивациялау жүйесі арқылы әлеуметтендіру, азаматтық жауапкершілігін дамыту, барлық санаттарының (ауылдық, белсенді емес, маргинальді және т. б.) әлеуметтік инклюзиясын қамтамасыз ету сынды міндеттерді жүзеге асыру болып табылатынын айтты. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар мен алғысхаттар табысталды.
Райымбек АБАЕВ,
Қаратөбе ауданы