Бүгін 27 қыркүйек - Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан атылған күн. Қарағанды жастары Ақтоғай ауданында баба рухына құран бағыштап, құрбандық шалып, ас берді.
Қарағанды жастарының бастамасымен Алаш арысының туған жері Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Жекежал қыстағында «Әлихан әруағына тағзым» атты еске алу шарасы өтті.
Еске алу шарасына Қарағанды қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ілияш, "Әлиханның шырақшысы" атанған әлихантанушы, дала академигі, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Базылұлы, Қусақ ауылдық округінің әкімі Дархан Мұқатай, журналист Зарина Әшірбек бастаған Алаш қозғалысының тарихын танып-білуге құштар белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Тағылымы мол шара аудандық мешітте басталды. Ақтоғай аудандық мешітінің наиб имамы Асқат Сүйіндік Әлихан Нұрмұхамедұлының рухына арнап Құран бағыштады. Қарағанды жастары мешіттің наиб имамына аудандық мешітте Әлихан Нұрмұхамедұлының рухына арнап алғаш рет Хатым Құран түсіруді өтініп, аманаттап тапсырды. Имам жастардың өтінішін қабыл алды. Құранды түгел аударып шығып, Хатым Құранды түсіруді өз міндетіне алды.
Шара аясында Ә.Н.Бөкейханның ата-анасы, туған-туыстары жерленген «Талдыбейіт» қорымының басында Алаш арысының рухына құрбан шалынып, ас берілді.
Еске алу шарасының ұйымдастырушысы, идея авторы Зарина Әшірбек өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталып, мақсатын түсіндірді.
"1937 жылы 27 қыркүйекте Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы, Алашорда ұлттық автономиясының тұңғыш төрағасы, тәуелсіздік күрескері, сталиндік террор құрбаны - Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға кеңес үкіметі тарапынан «халық жауы» деген жалған айып тағылып, Мәскеудегі Бутырка түрмесінде ату жазасына кесілді. Алаш арысына қатысты сот үкімі сол күні орындалып, мәйіті өртеліп, күлі Дон зиратына көмілді. «Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар», - деп азаттықтың ақ таңын армандап кеткен Әлихан Бөкейханға туған жерден бір уыс топырақ бұйырмай, жырақта атылды. Сүйегі күл болған ұлт көсемінің жаназасы шығарылмай, мәйіті жерленбей қалды... Күні бүгінге дейін бұл қаралы датаға мән бермей келдік. Халқымыздың азаттығы мен еркіндігі жолында жанын құрбан еткен Әлихан Бөкейхан бабамыздың рухына тағзым ету – перзенттік парызымыз. Алашты іздеуші жастар бар да, Алаш рухы ешқашан өшпейді. Шараның мақсаты – Азаттық жолында құрбан болған бабамызды еске алып, рухына тағзым ету. Өнегелі бастама арқылы бұл қаралы күнді жалпыұлттық деңгейге көтеріп, Аза тұту күніне айналдыруға бастамашы болу. Жас қабілет иелерін Алаш арысының азаматтық болмысы мен қайраткерлік ұстанымымен таныстыру. Даңқты баһадүр бабамыз басқан әр ізді ұрпақ жадында жаңғыртып, өскелең ұрпақтың санасына рух, жанына жігер беру", - деп түсіндірді Зарина Әшірбек.
Әлихантанушы Тұңғышбай Мұқан Қарағанды жастары ұйымдастырған шараға "тыңға түрен салған батыл бастама" деп жоғары баға беріп, өз ойымен бөлісті.
"Алаш қозғалысының қайраткері, «Алаш» демократиялық партиясының, «Алашорда» ұлттық автономиясының төрағасы, ұлт көсемі, дария білімді ғұлама ғалым, фольклоршы, этнограф, аудармашы, журналист, Абайтанушы, «Бүкіләлемдік шынайы, даңқты қайраткер» деп танылған дара тұлға, Қазақ даласындағы контрреволюциялық қозғалыстың жетекшісі деген жалған жаламен бүкіл тағдыры тауқыметке түскен, 6 рет түрмеге жабылып, 8 жыл айдауда, 15 жыл үй қамақта отырып, екі мәрте ату жазасына кесілген Әлихан Нұрмұхамедұлының «Мен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым» деген Бутырка түрмесіндегі соңғы жауабымен аяқталып барып атылған қасіретті, қаралы күнін яғни жыл сайын бір айналып соғатын «27 қыркүйекті» аза тұтып, құран бағыштатып, еске алып, рухқа тағзым ету шарасына айналдыру туралы жас журналист, қоғам белсендісі Зарина Әшірбектің тыңға түрен салған батыл бастамасының сілкіністі жаңғырығы Қарағандыдан Ақтоғайға дейін жетіп, қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы мен аудан әкімінің орынбасары Абылай Базылұлынан қолдау тауып, соның әсерімен осы серпілісті сапарға ерекше құлшыныспен қатысқан қала жастары, төре ұрпақтары жерленген «Талдыбейіт» қорымымен, Әлихан туған Жекежал қыстағымен, алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Смақова «Хан тағы» деп атап кеткен Желтаудағы тәуелсіздіктің мұнарасындай Әлекеңнің тұғырлы Қаратасымен, іргелес жатқан Қарабауырдың қойтасындағы қола дәуірінің қаптаған тас таңбалармен танысып, тарих толқынынан дән тергендей толғанысқа тап болды", - дейді әлихантанушы Тұңғышбай Мұқан.
Дала академигі биыл ел тарихында тұңғыш рет 27 қыркүйек «Әлихан рухына тағзым» күні ретінде белгіленіп отырғанын ерекше атады.
"Ал өзінің қас жауы Сталиннің өлген күніне дөп келетін Әлихан Нұрмұхамедұлының туған күні бесінші наурыздың Ақтоғай ауданында алғаш рет Әлихан атын иеленген жастардың форумы ретінде саясаттанушы ғалым Ерлан Кариннің қатысуымен салтанатты шара түрінде аталып өткендігі де маңыздылығымен есте сақталған болатын. Соның тағы бір баламасындай Алаш идеясына көзқарастары қаныға бастаған бір топ жастардың Әлекеңнің қаралы қазасының 19 жыл бұрынғы туған анасы Бегжан дүние салған күнімен бір күнге қапталдасып сәйкес келуін қарауылға алып, бүгінгі яғни 27 қыркүйекті алғаш рет «Әлихан рухына тағзым» күні ретінде өткізгендіктері Ақтоғай атырабындағы үзілмейтін тағылымды істердің тақырыбын жаңа арнаға бағыттап жіберді. Кезінде Кеңестер Одағының өз Одақтасы Қазақ КСР-ін тура 71 жыл өткенде бодандық бұғауынан амалсыздан босатып жіберуі, қарт Әлиханды 71 жасында «халық жауы» деп қиянатпен өлімге қиған қасіретті үкімінің қарымта жазасындай болғандығына «Талдыбейіт» қорымына табан тірегенде көздері жеткен жастар, Алаш қасіретінің ақтарылмай келе жатқан біраз құпия сырларын көкейлеріне күйзеліспен түйіп алды. Жанталасқан дүбірлі додаға толы XX ғасырдың алғашқы жартысында ақыл-ойының кемелдігімен әлемдік саяси тұлғаға айналған Әлихан Нұрмұхамедұлына «Талдыбейіттен» екі жарым кез жердің топырағы бұйырмаса да ұлылықтан рух іздеген талапты жастардың жаңа толқынының талпынысымен алып тұлғаның кіндік қаны тамып, анасының ақ сүтінен нәр алған Арқадағы жер биігі Жекежалда астарлы ақиқаттың тағы бір алаулаған шырағы жағылғандай болды", - дейді дала академигі Тұңғышбай Мұқан.
Әрі орай іс-шара бағдарламасына сәйкес Қарағанды жастары Алаш арысының кіндік қаны тамған қасиетті мекен – Ақтоғай өңірінің тарихымен танысып, Жекежал қыстағының орнын көрді. «Әлиханның шырақшысы» атанған дала академигі, белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанмен бірге «Хан тағы» аталған қасиетті қара тасқа шығып, Әлихан Бөкейханның туған жерінде қола дәуірінен сақталған петроглифтер әлеміне саяхат жасады.
Шара соңында қатысушылар Ақтоғай ауданындағы «Алаш» алаңындағы «Үш арыс» ескерткішіне, Ақтоғай археологиялық-этнографиялық мұражайына, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған «Тарих тағылымы» саябағына және Ж.Шайдаров атындағы мәдени демалу орталық саябағына барып, Әлихан Бөкейханның бай мұрасынан ой түйіп, әсерленіп, рухтанып қайтты.
"Адырна" ұлттық порталы