Украинадағы әскери қақтығысты тек бейбіт жолмен тоқтату керек. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы inform.kz-ке сілтеме жасап.
«Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаны белгілі. Осы орайда түрлі сұрақтар қойылып жатыр. Бұл тұрғыдағы біздің ұстанымызға тоқталсақ, қақтығысты тек келіссөз арқылы шешуге болады. Қақтығысты әскери жолмен шешудің мүмкіндіктері жоқ деп есептейміз. Сондықтан аталған қақтығыс басталған бірінші күннен бастап Қазақстанның ұстанымын жариялап, онда келіссөз арқылы бейбіт жолмен тоқтату ұстанымын айтып келеміз. Атап айтқанда, бұл мәселеге қатысты біздің ұстаным өзгермеді. Қандай қиын жағдай болып жатса да, бүкіл эмоцияны қойып, қақтығысты саяси жолмен шешудің қадамдарын іздеу керек», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол Ресейдегі ішінара мобилизация осы елдің ішкі процесі екенін айта келе, қақтығысқа қатысып жатқан тараптар бір мәмілеге, шешімге келетініне сенім білдірді.
Бұдан бөлек Қазақстан мен Ресей арасындағы шарттарға қатысты тоқталған Сенат төрағасы: «осы орайда Қазақстанға қатысты айтатын болсақ, бұл жағдайға бойынша тиісті мемлекеттік органдар болып жатқан үрдістерді қарап отыр. Ары қарай жағдайға байланысты ақылдаса отырып, тиісті мәселелер қаралатын болады. Жалпы, Қазақстан мен Ресей Еуразиялық экономикалық одақ құрамында. Біздің арамызда келісімдер мен шарттар бар. Құжаттарға сәйкес Ресей азаматтары еліміздің аумағына сапарлап келсе, оларға қатысты шектеу жоқ», - деді.
"Адырна" ұлттық порталы