Ақтөбеге әскерге кеткен 18 жастағы сарбаздың жағдайы нашар. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“Өзі Жамбыл облысының, Рысқұлов ауданынан Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімге түседі. Ант қабылдаудан бұрын таяқ жеп үлгереді. Отбой кезінде жел шығарғаны үшін сержант басынан орындықпен ұрған. Ертеңіне сапқа тұрғанда есінен танып құлаған Алдиярдың содан бері талмасы ұстайды. Одан кейін антты қалай қабылдағаны белгісіз?
Осындай судоргамен 2 ай жүрген жауынгер ақыры ауруханаға түседі. Әкесі Кеңесбек Әбдірайымовқа ауруханадан белгісіз жан хабарласып, баласының осында жатқанын айтқан. Мұны естіген әкесі Ақтөбеге барып, ұлын емдеуге қатысты отпуск алады. Енді 7-ші қазанда отпускі бітеді, балам мына түрімен қалай борышын өтейді деп зар жылайды ата-ана.
Осы мен әскерилерге таңым бар, бір бөлімшеде бір нәрсені бүлдіреді де іс қозғалса не ауысып кетеді не жұмыстан шығып кетеді. Алдындағы марқұм Әлібек Қалбайды қорлады деген офицерлер де жәй ғана өзге бөлімге ауысып кеткен.
Қысқасы былай, жақында Президент сайлауы. Енді үміткерден әлеуметтік-мәдени саламен қатар әскерге кеткен баланың аман қайтуына мемлекеттік кепілдік беруін өз бағдарламасына қосуын талап етейік. Әйтпесе, зіңгіттей 18-дегі жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге кетіп бірі ауру, бірі табытпен оралуда. Сіз не дейсіз?, – деп жазды журналист.
Алдияр Кеңесбекті 7-маусымда оқып жүрген жерінен ешкімге ескертпестен әскерге алып кеткен. Таңертең Тараздағы колледжге емтиханға кеткен бала кешке тобымен әскерге аттаныпты.
Айтуынша, бөлім табалдырығын аттай сала таяқ жеген. Сержанттар ұзақ уақыт жартылай отырғызып қойып, әбден қинаған көрінеді.
«Жел жіберіп қойдым, бәрі фу -фу деп кетті. Басқа жаққа барып тұрғанмын. "Кім осырды?" деді. "Мен" дедім. Орындықпен басымнан ұра жөнелді. Ары қарай есімді білмеймін. Талып қалдым. Емдеу бөліміне апарды сол жерде есімді жинадым,- дейді Алдияр.
Одан соң Алдияр талып қара беретін болған. 2 айдай уақыт ауырып, емін таппаған. Кейін әкесі оны дәрігерлерге қарату үшін Таразға алып кеткен.
6655 әскери бөлімінің өкілдері Алдияр Кеңесбекке ешқандай күш көрсетілмегенін айтады.
Ал Алдиярдың әкесі ұлын әскерге қайта жібермейтінін айтты.
”Адырна” ұлттық порталы