Достық - бейбітшілік тірегі

3213
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі әңгіме егемен мемлекетіміздің іргесінің нық болуының бірден бір кепілі мемлекеттік тіл, ұлттық мәдениетімізбен бірге қазақ халқының басқа халықтармен достығы туралы.

Достық сөзі қазақ тілінде еске ең алдымен алынатын сөздің бірі екені белгілі. Қазақ халқы достықты рухани құндылықтар тізімінің алдыңғылары деп білетініанық. Сонау ғасырлар қойнауына үңілсек антика дәуірінің өкілі Лукиан есімді ғалым, бабаларымыз сақтар Дандамид пен Әмизөктың достығы туралы айтып берген.

Соғыста жауларының қолына түскен Әмизөк дауыстап досын шақырады. Бұны естіген Дандамид жауларына келіп досын босатуды сұрап, қалаған талаптарыңды орындауға әзірмін, дейді. Сонда қарсы жақ өкілдері, досың үшін екі көзіңді де бересің бе, дейді. Дандамид сөзге келместен келіседі. Осылайша көздерінен айрылса да жан досын тұтқыннан босатқан Дандамид Әмизөктің қолынан ұстап еліне оралады. Екі досты туған халқы біздің рухымызды биікке көтерді, деп шаттана қарсы алып олардың құрметіне ұлан-асыр той жасайды.

Қарсы жақ сақтардың бұл оқиғаға үлкен мән бергенін білгеннен кейін, ерекше рухтанған сақ сарбаздары енді майдан алаңына шықса оларды жеңу мүмкін болмайды, деп соғысудан қорқып  сол түні үдере көшіп шегініп кетеді.

Бабалар салған саңлақ жолдан айнымаған қазақтар, достық туын жоғары ұстауды өздерінің борышы санайды. Жазушы Әзілхан Нұршайықұлы түгелімен Бауыржан Момышұлыға арналған «Ақиқат пен аңыз» кітабында батыр ағамыздың мына бір сөздерін келтірген: «Дивизияда жеті полк бар еді. Олардың төртеуі орденді полк. Орынбасарым өзіміздің Қазалының балықшы орыстарының ұрпағы, Совет Одағының Батыры, гвардия полковнигі Геннадий Фадеевич Шляпин деген жігіт. Ол қазақша судай жүйрік екен. Шляпин кейін мені аға, оны ақсақал деп атайтын».

Мен осы сөздерді оқығаннан кейін кітап сөресінен 1988 жылы Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген «Ұлы Отан соғысының батырлары» кітабының екінші томын алып қарадым. Онда 1912 жылы Қазалыда туып өскен Геннадий Фадеевич Шляпиннің соғыстағы ерліктері жайында оқып білдім. Қазақстандық батыр соғыстан кейінгі жылдары Қазалы мен Ташкент қалаларында тұрып қызмет етіп, 1970 жылы бақилық болыпты.

Атақты батыр әрі жазушы Бауыржан Момышұлының соғыс жылдарынан бергі тағы бір досы, Қазақстанның халық жазушысы Дмитрий Снегин екені белгілі. Дмитрий Федорович қаһарман досына арнап «Арысым еді-ау, Бауыржан» атты кітап жазды. Осы басылым Қазақстан республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің әлеуметтік маңызды әдебиет тізіміне енгізілген. Бұл кітап халықтар достығын нығайтуда үлкн үлес қосқан еңбек.

Дмитрий Федорович жаны кең, қазақ халқын өте жақсы көретін еді. Осы бір ашық жүректі кісімен танысудың сәті 1980 жылы Шымкент қаласында түсті. Кейін кездесіп, хат алысып тұрдық. Бірде жазушы маған өзінің кітабын сыйға тартты. Кітапқа тілек жазып жатқанда мен: – Дмитрий Федорович, менің бір жасар ұлым бар соған бір тілек жазып бермес пе екенсіз? – дедім. Сонда ол кісі: – Мен ұлыңа хат жазамын, – деп еді. Айтқанындай 1994 жылдың 17 қазан күні жұбайым екеуміз Дмитрий Федоровичтен жасы бірден енді асқан ұлымыздың атына жазған хатын алдық. Бір бетке жазылған хаттың мазмұны өте бай әрі терең екен. Жазушы менің ұлыма «Сен бұл дүниеге кездейсоқ келген жоқсың. Мақсатыңа жету үшін батыр болуың керек. Бабалар аруағы мен үлкендерді сыйла», деген мазмұнда ұлағатты кеңестерін жолдапты. Менің ұлым қазір Алматы қаласында университетте оқып жүр. Қазақстанның халық жазушысы жазған хат үйімізде сақтаулы тұр. Осылайша Дмитрий Федорович Снегин менің ұлымды тәрбиелеуге өз үлесін қосты.

Шығармаларын Морис Симашко (шын тегі Шамис) деген есіммен жариялаған ұлты еврей жазушы, көп жылдар бойы Қазақстанда тұрды. Қаламгердің шығармасының желісі бойынша Мысырды басқарған мәмлүк сұлтаны туралы түсірілген «Сұлтан Байбарыс» көркем фильмі бүгінде көпшілік сүйсіне көретін кинотуындылардың бірі.

2000 жылдың қыркүйек айында «Время» газетінде жазушы Морис Симашконың ресейлік ғалым, Нобель сыйлығының иегері, ұлты еврей Жорес Алферовке жазған ашық хаты жарияланды. Әкесі еврей, анасы неміс, өзі өмір бойы орыс тілінде жазу жазған қаламгер, көрші елде еврей ұлты туралы кереғар пікірлер ашықтан-ашық білдіріліп жатқаны туралы ашына жазып, хатын: «Қазақстандық пен-клуб өкілдері мені, ұлты еврей жазушыны әлемдегі ең белгілі Нобель сыйлығына ұсынды. Тегі түркі,  мұсылман мемлекетінде бұндай кеңдіктің болуы әлемнің жақсылық жағына ойысып келе жатқанының айғағы» деп Қазақ еліне деген құрметін білдіріп аяқтаған.

Шынында да Қазақстан жазушыларының арасында Нобель сыйлығына ұсынуға болатын қазақ ұлтынан шыққан жазушылар бар болса да клубтың мүшелері еліміздің тарихында осы сыйлықты беруге тұңғыш рет ұсынған жазушының ұлты еврей екені еліміздің зиялыларының өзге ұлт өкілдерін өзіндей көре білетінінің айшықты көрінісі. Бұл да болса қазақ ұлтының өз жерінде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерін өзіндей көретін кеңдігін нақтылайды.

Қазақтың атақты ақыны Қадір Мырза Әли «Иірім» атты кітабында бір әркімге үлгі боларлық мынадай деректі келтірген: «1977 жылы тамыз айының аяғында бір топ қазақ жазушылары Уфаға сапар шектік. Бұл сапардағы жалғыз қуанышым – еліміздің ежелгі досы Сайфи Құдашпен таныстым. Әке мен баладай сырластық. Ең бастысы – ол маған Мағжан Жұмабай жөнінде көп әңгіме айтып берді. Естелік кітабын жазған екен, сол кітапқа Мағжанның өлеңін эпиграф қылып алыпты. Бізде ол кезде Мағжанның атын да ататпайтын. Ал сонау Башқұртстанда жатып Сайфи Құдаш Мағжан Жұмабайды ақтауға кірісті. Мәскеуге Орталық Партия Комитетіне хат жазып, осындай бір азаматтық өтінішті Димекеңнің атына да жолдапты. Жалпы Мағжан Жұмабайдың туған әдебиетімізге қайта қосылуына Сайфи Құдаштың қосқан үлесі зор».

1972 жылы менің әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы, сол кезге дейін ресми түрде ұлты басқа деп танылып келген, Ұлы Отан соғысының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымов қазақ пен өзбек халқының ортақ перзенті екенін, әкесі Омарқұл – қазақ, анасы Бәхарайым – өзбек екенін жазды. Сол кезгі билік басындағылар ұлттар достығына сызат түсетін болды деп ұлтжанды ғалымның бұл еңбегін жоққа шығарғысы келіп, байбалам салған еді. Бірақ көпшілік ғалымның бұнысына риза болды. Өзбекстанның белгілі зиялылары арасында да әкемнің қазақ және өзбек халықтарының достығын паш еткен еңбегіне түсіністікпен қарағандары болды. Мысалы Өзбекстанның атақты бишісі Тамара ханум «Егемен Қазақстан» газеті бетінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың жақындығы туралы айтқанда генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ, нағашылары өзбек екенін мақтанышпен айтты.

Әкем Әсілхан Оспанұлының осы ғылыми әрі азаматтық ерлігі туралы дәлелді деректер мол қазақ және орыс тілдерінде жазған менің мақалаларымды интернеттен, мысалы Мәскеуде тұратын қазақтардың сайтынан оқи аласыздар.

Отырарда тұрып жатқан ғалым, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Бахадүрұлы Қожа бір кездескенде маған мынадай әңгіме айтып берді. Бірде жұмыс бабымен жол жүргенде месхет түріктерімен бірге сапарлас болыпты. Жөн сұраса келгенде олар өздерінің Қазақстанға қалай келгенін айтып беріпті. Кеңес өкіметінің шешімімен жер аударылған бүтін бір халық өкілдері амалсыз жолға шыққан. Қаншама күндер мен түндерді артқа салып, қинала-қинала естіп-білмеген қазақ жеріне келгенде, жергілікті халық бұларды өз бауырлары келгендей қарсы алыпты. Үйлеріне кіргізіп бірге тұрыпты. Өздері тарығып отырса да барымен бөлісіпті. Содан өсіп-өнген месхет-түріктері қазақтарды туған халқымыз, Қазақстанды туған еліміз санаймыз, депті. Әңгімелерін айтқанда небір қиыншылықтарды еске алып бір жыласа, қазақ халқының жақсылығын айтып ризашылығын білдіріп отырып тағы да көздеріне жас алыпты.

Көп жылдар Шымкент педагогикалық институтында қызмет еткен, жұбайы қазақ Надежда Васильевна Кутнякова, тағдыр айдап Шымкентке келіп осы оқу орнына оқуға қабылданады. Жақсы оқып, мұғалімдік қызмет етіп осы педагогикалық институтта көптеген жылдар бойы шәкірттер тәрбиеледі. Ол кісі әрдайым: Мен қазақ халқын жақсы көремін. Бұнымды студенттеріме де көп рет айтқанмын, айта беремін де, дейтін. Кейін білдім, Надежда Васильевнаның ата-анасы Сталиндік саяси-қуғын жылдары кінәсіз болса да «халық жаулары» деп танылып еліміздің аймақтарының біріндегі тұтқындар қамалған лагерде болыпты. Сонда кішкентай Надежда лагер қоршалған тікенек сымдардың арғы жағынан қазақ әйелдері лақтырған құрттарды теріп жейді екен. Сол  кездерін еске алғанда ол кісі үнемі көзіне жас алатын. Осы күнге дейін сол бір қазақтың аналарына ризамын, деуші еді Надежда жеңгеміз. Бұл да қазақтардың басқа ұлт өкілдерін бөлмей-жармай өз бауырындай қабылдай білгенінің дәлелі.

Ұлы Отан соғысы жылдары кезінде елімізге соғыс болып жатқан аймақтардан мыңдаған жанұялар мен жүздеген өндірістер көшіп келгені рас. Кейін Қазақстанның тың жерлерін игеру мақсатымен, өндіріс орындарында жұмыс істеу үшін бүкіл КСРО мемлекетінің түкпір-түкпірінен мыңдаған басқа ұлт өкілдері көшіп келді. Солардың бәрін өз туысындай қарсы алған қазақтардың бауырмалдығы туған жеріміздің кеңдігімен бірдей деуге әбден болады. Содан бері қаншама жылдар өтті.

Отанымыз – Қазақстан өз егемендігін алып, халықтар достығы туын биікке көтерген салиқалы бағдарлы саясаты бар әлемге белгілі өркениетті елдердің біріне айналды.

 

Бердалы ОСПАН.

 

 

Пікірлер